Министр Ноғаев ядролық физиктермен неге қырқысты?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
10939

Сала дағдарыстан шыға алмай жатыр. 

Министр Ноғаев ядролық физиктермен неге қырқысты?

Кеңес Одағы Американы ядролық шоқпарымен қорқытып тұрған заманда "ядерщиктер" дәуірлеп тұрды. Мемлекет бұл салаға ақшаны аямай құятын. Әр нәрсесі қатаң қорғалатын құпия болғандықтан бұл сала мамандары қоғамға есеп бермейтін. Олардың не істеп жатқанынан ел хабарсыз еді. Қазір де ядролық физикамен шұғылданатын ғалымдар басы артық есеп бергісі келмейді екен. Содан осы салаға жауапты Энергетика министрлігімен арада шиеленіс туындаған.

Ядролық физика институты (ЯФИ) – ядролық физика, радиоэкологиялық зерттеулер, ядролық және радиациялық технологиялар саласындағы еліміздің жетекші ғылыми ұйым. Елдегі ірі ғылыми мекемелердің бірі.

Алайда ЯФИ бас директорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, академик Қайрат Қадыржановтың айтуынша, институт кейінгі кезде "өте күрделі қаржылық жағдайға" кезігіпті. Академик мұны министрге қыркүйекте жазған шағымында баяндаған.

"Институт басшылығы өткен жылдар бойы жағдайдан шығу үшін қаржы іздеуге бар күшін салумен болды. Бұл бағытта ғылыми қызметкерлер де бастамашылық жасап, еңбек етті. Олар әртүрлі республикалық және халықаралық ғылыми жұмыстарға тұрақты түрде қатысты. Мұны олардың "цитата жасау индексі", "Хирш индексі" секілді ғылыми көрсеткіштерінің жоғары болуы растайды", – дейді ол.

Тек аш ақын ғана өнімді-өткір жазады. Ал ақшасыз ғалымның ізденісі нәтиже әкелмейтіні мәлім. Сондықтан қаржыдан тарыққан институт қызметкерлері күрделі қаржылық жағдайын баяндап, Парламентке жүгінді. Сенат депутаттары тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, 2021–2022 жылдары институт үшін маңызды ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бюджеттік қаржыландыру айтарлықтай артатын болды. Атап айтқанда, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында алдағы екі жылда қосымша 616 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

Бюрократия мен ғалымдар сиыспай ма?

Негізі осы саладағы стратегиялық нысандардың техникалық қауіпсіздігін, сондай-ақ ядролық және радиациялық қондырғылардың жұмысын қамтамасыз ету үшін институт тек ел бюджетімен шектелмейді. Ол коммерциялық келісімшарттар бойынша да қомақты табыс табатын. Бірақ жаһанды жайлаған пандемия және Қазақстанда наурыздан бері жалғасып келе жатқан карантин ақырында биылға көзделген көптеген коммерциялық келісімдердің бекітілмеуіне соқтырды.   

Салдарынан қазіргі кезде кәсіпорын шығыстарды қатаң үнемдеу режиміне көшті. Және барлық мүмкін болар тәсілдермен білікті мамандардың жұмыс орнын сақтап қалуға тырысуда.

"Ядролық-радиациялық қондырғыларды жүргізетін мамандарды даярлау көп жылды қажет етеді. Соңғы кездері Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің ай сайынғы есептерді және ең бастысы бюджеттік бағдарламалар аясында көрсетілген қызметтердің актілерін қабылдау жұмысы және бюрократиялық претензиялары алаңдаушылық тудырады", – дейді Қ.Қадыржанов.

Оның мәліметінше, департамент қызметкерлері ЯФИ-ден "маңыздылығы үлкен күмән тудыратын" көрсеткіштер мен оның динамикасын өз есептерінде нақтылап жазуды талап ететін көрінеді.

Ғалымдар мұны артық санайды. Онсыз да Қазақстандағы осы қондырғылардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп отырмыз дегенді алға тартады. Бұған қоса, біздегі ядролық қондырғыларды МАГАТЭ мезгіл-мезгіл тексеріп тұрады. Мысалы, халықаралық ұйым өкілдері 2020 жылы 2 рет инспекция жасап қайтты. Оның қорытындысында ЯФИ-дің қызметі халықаралық нормаларға сәйкес деп таныпты.   

"Пандемияның күрделі кезеңінде министрліктің институт есептерін қабылдамағаны, орындалған жұмыстар ақысын төлемей, аннотациялық есептерге қажетсіз қосымшаларды сұратып, әуре-сарсаңға салғаны жөн емес. Мысалы, ЯФИ екі келісім бойынша ақысын ала алмаған. Кәсіпорынның төл қаражаты тым шектеулі. Енді осы іс-шаралар аясында жұмыстарды орындаған инженерлік-техникалық персоналға жалақысын ала алмау қаупі төнді", – деп ашығын айтқан болатын шағым иесі.

Ғалымдар неге есеп бергісі келмейді?

Бұл хатқа өз блогында жауап берген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ЯФИ-ге келісім бойынша уақытылы төлем жасалмауының нақты дәлел-дәйегі болғанын жеткізді. Бірден айталық, бүгінде академиктің шағымында айтылған қаражат ЯФИ-ге толық көлемде төленіпті.

Министрдің дерегінше, биылғы қаңтарда министрлік пен ЯФИ арасында келісім бекітілген. Оның аясында институт өзіне қарасты ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың (ЯРЭҚ) жұмысын қамтамасыз ету бойынша мемлекетке қызмет көрсетуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, институт кеңес кезінен келе жатқан, бертінде сатып алынған уранмен және басқа да радиациялық материалдармен жұмыс істейтін құрылғыларға техникалық қызмет көрсетеді, ақауларын жөндейді. Істен шыққан тораптарын, блоктарын және жабдықтарын ауыстырады. Сондай-ақ бюджет қаржысының бір бөлігі институт ғимараттарын, көліктері мен технологиялық жабдықтарын лайықты дәрежеде ұстап тұруға жұмсалады.

"Негізгі және көмекші жүйелер санының көптігін, оларды эксплуатациялаудың күрделілігін ескеріп, Энергетика министрлігі тапсырыс беруші ретінде ЯФИ-ден осы жүйелерге қатысты нақты сандары бар, жүйелендірілген ақпарат ұсынуды сұрап, жүгінді. Келісімде ондай мүмкіндік қарастырылған, әрі бұл орындалған жұмысты сапалы қабылдау, республикалық бюджет қаражатының тиімді және өз мақсатына жұмсалуын бақылау үшін қажет. Алайда министрліктің талабы елеусіз қалдырылды. Сұралған ақпарат белгіленген мерзімде ұсынылмады. Қайталай ұсынылған аннотациялық есебінде келісім талаптары бұзылды. Мысалы, есептің бөлінбес бөлшегі саналатын қосымшада кәсіпорын басшысының қолы да жоқ, мөрі де басылмаған. Қосымшалар бір-біріне қыстырылмаған, нөмірленбеген", – деді министр. 

Қайта пысықталған аннотациялық есептер де белгіленген мерзімнен екі апта кешіктіріліп жіберіліпті. Соған қарамастан ғалымдардың жайын ойлаған Энергетика министрлігі пысықталған есептер негізінде және көрсетілген қызметтер актісі бойынша тиісті төлемдерді аударды.

Жалпы, ядролық физика – келешегінен мол үміт күттіретін сала. Мысалы, осы институт әртүрлі радиоизотоптар алумен және одан өнеркәсіп пен медицинаға арналған радиациялық препараттар өндірумен айналысады. Айталық, олар әртүрлі ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өнімнің Қазақстандағы нарығы шағын. Егер жаһандық экспортын лайықты жолға қойса, ол мемлекетке ірі табыс әкеліп, отандық ғылымды әлемдік деңгейге көтере алады.

Бақыт Көмекбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу