Министрге шағым көп: Әскерилер неліктен тиісті тұрғын үй төлемін ала алмай жүр

2178

Бір кездері әскери қызметте болып, кейін келісімшарты аяқталған немесе зейнетке шыққан азаматтар біржолғы тұрғын үй төлемін (БТТ) ала алмай жүр.

Министрге шағым көп: Әскерилер неліктен тиісті тұрғын үй төлемін ала алмай жүр

Заң бойынша, әскери азамат қызметінен босатылғаннан кейін әскери бөлімде қызметте болған бүкіл уақыты үшін біржолғы тұрғын үй төлемін бір айдың ішінде алуы тиіс. Алайда бұл міндетті Қорғаныс министрлігі орындай алмай жатыр, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

"Ақша бір айда түседі деп ойлағанбыз"

Бұған қатысты шағымның көбін министрдің жеке блогына өтініш қалдырған әскери қызметшілердің көптігінен байқауға болады. Министрге жүгінген әрбір бесінші адам біржолғы тұрғын үй төлемін ала алмай, жылдар бойы шаршап-шалдығып, үміті үзіле бастағанына қапаланады. Олар айналып келіп, "Ашық диалогқа" арыз қалдырған.

"Менің күйеуім Алмас Әбдіқамалов жақында зейнетке шыққан. Зейнетке шыққан әрбір әскери қызметшіге үй сатып алу үшін төлем берілуі керек. Күйеуім зейнетке шыққаннан кейін әрі кеткенде бір айдың ішінде сол ақша бізге тиетін шығар деп үміттенген едік. Өмір бойы пәтерде жүрміз. Енді Қорғаныс министрлігінің қаржы экономикасы департаментінен ақшамызды ала алмай отырмыз", – дейді Әбдіқамаловтың әйелі министрге жазған шағымында.

Оның жазуынша, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне тұрғын үй төлемін толық беруге бюджеттен арнайы қаражат қарастырылған. Тұрғын үй төлемін арттыруға байланысты қосымша шығындарды министрлік бекітілген тәртіпке сәйкес, республикалық бюджетті нақтылау арқылы жауып отырады. Тұрғын үй төлемі әскери қызметші әскери міндетін атқаратын ведомствоның (ҚМ, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК) нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес төленеді.

"Біз төрт баламен пәтер жалдап жүрміз. Басында 2 бөлмелі үйде тұрғанбыз. Енді 1 бөлмелі үйді жалдауға мәжбүр болып отырмыз. Бізге БТТ берілсін. Азып-тозбай үйімізді сатып алайық. Онсыз да қымбатшылық қысып барады. Егер бізге жауап болмаса, амалсыз Президентке және Президент Әкімшілігіне шағым жазуға мәжбүр боламыз", – дейді әскери қызметшінің әйелі.

"Қаражатты министрлік бөлмей отыр"

Әскери қызметтегі азаматтар басшылыққа арыз-шағым білдіруге құлықсыз. Армияның "жазылмаған өз заңы" бар, әлбетте. Ешкім "жазғыш" атанғысы келмейді. Содан болар, "Ашық диалогта" министрдің атына әскери қызметшілердің әйелдері көбірек жүгінеді екен. Мәселен, біржолғы тұрғын үй төлемін ала алмай жүрген әскери қызметшінің әйелі – Евгения Золотарева күйеуі Юрий Золотаревтің өзіне тиесілі төлемін ала алмай жүргенін жазған. Юрийдің өзі денсаулық жағдайына байланысты осы жылдың жазында запасқа шыққан. Содан бері отбасыға БТТ төленбеген.

"Бізге бір айдың ішінде төленуі керек қой. Әр айдың төртінде ипотека төлейміз. Не үшін бізге күні бүгінге дейін БТТ берілмеді? Прокуратураға шықтық. Олар әскери бөлімнің қаржы саласына жауапты басшыдан себебін сұрапты. Ол әскери бөлімде ақшаны Қорғаныс министрлігі бөлмей отыр деп жауап беріпті. Бұл қалай?", – деп сұрақ қояды Евгения Золотарева.

"Кімге хабарлассам болады?"

Ахат Аймұратов атты бұрынғы әскери қызметші 8 жылын әскери қызметке арнаған. 2022 жылдың наурызында ғана әскери қызметтен босатылған. Ол да министрге шағым қалдырған.

"8 жыл бойы үймен қамтамасыз етілмедім. Маған тиесілі біржолғы тұрғын үй төлемдері төленген жоқ. Сол мәселені шешіп бересіз бе? Немесе сол мәселе бойынша қайда хабарлассам болады? Қандай орган көмектесе алады?", – деп ұялы телефонын қалдырған Ахат.

Министрлік "өзіміз қарызбыз" деп отыр

Жоғарыда аталған азаматтардың бәріне Қорғаныс министрлігі жауап берген. Алайда көбіне сырғытпа жауап берген. "Мәселеңізді қарастырамыз, жауабын кейін береміз" дегенге саяды. Алайда "Президентке хат жазамыз" деген Алмас Әбдіқамаловтың әйелінің шағымына министрлік өкілдері "сәл дұрыс" жауап бергені байқалады

"Қазіргі уақытта тұрғын үй төлемін алушылар санының артуына және тұрғын үйдің қымбаттауына байланысты Қорғаныс министрлігінде төлемнің аталған түрі бойынша кредиторлық қарыз пайда болды. Аталған қарызды жабу үшін қаражат іздестіріліп жатыр. Осыған байланысты жуық арада сізге тиесілі қаражат толық беріледі", – деп жауап берген министрдің орынбасары Б.Тортаев.

Қазақстанда нақты қанша әскери қызметші (запастағы немесе зейнетке шыққан) бірыңғай тұрғын үй төлемін ала алмай жүргені туралы нақты статистикалық мәлімет жоқ. Министрдің атына түскен шағымның көптігіне қарағанда шағымданушы саны аз емес. Ал шағым білдірмегендер қаншама?.. Жалпы осы жағдайдың өзі әскери саланың теріс имиджін қалыптастырмай ма? Онсыз да сарбаз өлімі жиі тіркеліп, мерзімді әскери қызметтің репутациясына қатты шайқалып тұр. Ал өмірін сол салаға арнаған әскерилердің өзінің әлеуметтік жағдайы, үй мәселесі шешілмесе отанды кім қорғайды? Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты осы мәселе ойландыра ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу