Министрлік халық емшілері алдында қауқарсыздығын мойындады

5170

Дәрігер мен хиджама жасаушы бәсекесінде кім озуда? 

Министрлік халық емшілері алдында қауқарсыздығын мойындады

Елімізде біліктілігі төмен дәрігерлердің көбеюі кесірінен қазақстандықтар олардан түңіліп, халықтық медицинаға жүгініп жүр. Бұл жалған емшілердің көбеюіне соқтырды. Саланы сауатты кадрлармен қамту үшін мемлекет жалақы көтерді. Жоғарылаған айлық жақында медицина қызметкерлерінің қолына тиіпті.

Денсаулық сақтау ұйымдарына дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың (ОМП) орташа жалақысын кезең-кезеңмен көтеруге қатысты слайд жолданған. Бірақ ондағы жалақыны арттыру коэффициентін есепшілер түсіне алмаған. Сондықтан министрі Елжан Біртанов өз ведомствосының қаржы департаментіне дәрігерлер жалақысы қалай құрылатынын түсіндіруді жүктеді.

Бұған дейін сағаттық тарифтік ставка "лауазымдық еңбекақыға" (ЛЕ) және "айлық сағат нормасына" қарай есептелетін.

Ал жаңа тәсілде ЛА алдымен коэффициентке көбейтіледі, артынан өтелген сағаттарға бөлінеді. Сондай-ақ оған дәрігер мен медперсоналдың түнгі кезекшілігі мен жұмыс уақытынан тыс еңбек еткен сағаттары (сверхурочные) қосылады.

"2020 жылғы қаңтардан бастап медицина мамандарының мәртебесін арттыру аясында дәрігердің жалақысы орташа есеппен 30%, ОМП жалақысы – 20% жоғарылады. Жалақы көтеруге бөлінген бюджет қаражаттары кепілдендірілген тегін медкөмек және міндетті медициналық сақтандыру жүйелерінде қызмет көрсету келісімшарттарына қосымша шарт бекіту жолымен игеріліп жатыр", – деп хабарлады министрліктің қаржы департаменті. 

Ведомство дәрігерлердің, соның ішінде жоғары категориядағы акушер-гинекологтың жаңа жалақысы қандай екенін мысалға келтірді. Бұл ретте дәрігердің бір айдағы "жұмыс уақытының балансы" 160 сағатқа тең деп есептеледі: яғни, 20 жұмыс күні х 8 сағат = 160.

Жалақы есептеу былайша жүреді: 635,99 х 1,5 = 953,98 теңге. Бұл дәрігер жұмысының әр сағаты үшін төленетін тарифтік ставка. Ауырмай-сырқамай, сұранбай, айына 160 сағат жұмыс істесе: 160 сағат х 953,98 теңге = 152 637 теңге шығады. Мұның сыртында түнгі жұмысына жеке төленеді: 24 сағат х 476,99 (0,5) = 11 мың 448 теңге.

Бұған еңбек жағдайлары үшін лауазымдық еңбекақысының 10% көлемінде үстемеақы қосылады, бұл 15 мың 264 теңге.

Дәрігерлерге психикалық-эмоционалды және физикалық жүктеме үшін базалық лауазымдық еңбекақының 150% мөлшерінде үстемеақы белгіленген: 26 мың 545 теңге х 1,50 = 39 мың 818 теңге.

Бәрін қоса есептегенде, айына 219 мың 167 теңге жалақы шығуға тиіс.

Дәрігерлердің өзге салаларға кетуі, медициналық қызметтердің қымбаттауы кесірінен бұл сала бұқараға қолжетімсіз болып қалды.

Шығыс медицинасының маманы, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ғабит Рысбаев емшілер, хиджама жасаушылар көбейіп кеткеніне алаңдайды.

"Негізінен олардың медициналық білімі болмағандықтан көптеген науқастарға зияны тиіп жатыр. Əсіресе, хиджама жасаумен айналысатындар. Себебі, мемлекет тарапынан тексеріс жоқ, тыйым жоқ. Асептика, антисептика дұрыс жүргізбегендіктен, науқастарда инфекциялық сырқат өршиді, бақылаусыз қан алынғандықтан науқас гиповолемиялық шокқа түсіп қалуы мүмкін. Өкінішке қарай қайғылы жағдаймен де аяқталып жатқаны бар. Демек, халық емшілері жұмысын қадағалап, емдеуіне тыйым салу керек. Бұл саланың жағдайын білемін. Олар қоятын диагноз "суықтың көтерілуі, ыстықтың тасуы, көз тию" секілді болып келеді", – дейді Ғабит Нұрханұлы.

Ол мемлекеттің бұл саланы реттеуді қойып кеткеніне наразы:

"Шаштараз да, аспаз да, қойшы да қолына скальпель ұстап, сендерді дəрігерлер емдей алмаған, мен емдеймін деп жар салып жүр. Олай болса, бүкіл мединституттарды жауып, емдеу ісін халық емшілеріне берейік! Біздегі босаңдықты біліп, көрші елдерден, әсіресе, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген емшілер қаптап кетті. Халық емшілерін бір жолға қоятын уақыт жетті. Нағыз халық емімен айналысқысы келетіндер тек Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатымен жұмыс жасау керек. Өйткені Қазақстан азаматтарының денсаулығына министрлік тікелей жауапты. Емшілерге адам емдеуге рұқсат беретін "Халық емшісі" ЖШС сияқты мекемелерді тексеру керек. Ал хиджама, сүлік сияқты қан шығарумен байланысты емдеу түрлерін тек дəрігерлер жасауға тиіс", – дейді Ғабит Рысбаев.

Ол министрлік заңсыз жұмыс жасайтындарды Ішкі істер министрлігімен бірге бір ретке келтіреді деп үміттенеді.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бұл салада шарасыз екенін жасырмайды. Өйткені бұған дейін Денсаулық кодексінің 54-бабының 4-тармағына сәйкес, жеке тұлғалар уәкілетті орган аккредиттеген денсаулық сақтау ұйымдары беретін сертификат негізінде ғана халықтық медицина, емшілік әдістерімен емдеуге кірісе алатын.

"Бірақ "Рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 10 шілдедегі заңымен бұл норма алып тасталды. Бұл жаңа заң бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету, сондай-ақ кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін қабылданды. Нәтижесінде, министрліктің денсаулық сақтау ұйымдарын емші сертификатын беру құқығына аккредиттейтін құзыреті жойылды. "Емші сертификаты" рұқсат беру құжаты қысқартылды. Салдарынан, бүгінде халық емшілерінің қызметін бағалау мен бақылау қиын", – деп ашығын айтты аталған комитет.

Ведомство азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, осы асыл қазынасын дүмше емшінің рәсуа етуіне жол бермеуге шақырады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу