Бапкер Черчесов қазақша сұрақ қойған журналистке "французша сөйлеп тұрсың ба?" деп әзілдеген...

1457

Желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралды.

Бапкер Черчесов қазақша сұрақ қойған журналистке "французша сөйлеп тұрсың ба?" деп әзілдеген... Фото: ҚФФ

ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан Черчесовтің қазақ тіліне қатысты айтқанына түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады.

Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Тіл туралы" Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді.
 

"Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз", - делінген министрлік хабарламасында.

Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз.

Еске сала кетейік, Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке "французша сөйлеп тұрсың ба?" деп жауап қатқан. Желі қолданушылары осыдан соң ресейлік бапкер Черчесовты "мемлекеттік тілді мұқатып, кемсітті" деп сынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу