Министрлік неге қарапайым мәселені шеше алмай отыр

Бұл – айта-айта жауыр болған тақырыптың бірі. Бірақ, мән-маңызын әлі жоғалтқан емес.

Министрлік неге қарапайым мәселені шеше алмай отыр Фото: © Sputnik / Тимур Батыршин

Тіпті, 2022 жылы Президенттің өзі мұндай мәселе бар екенін айтып, шешу жағын жауаптыларға жеделдетуді тапсырған еді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мамандар ауыр салмақтағы сөмкенің дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан бастауыш сынып оқушыларына зияны орасан екенін талай мәрте айтты, дабыл қақты. Кейіннен Үкіметтің кезекті отырысында мәселе көтеріліп, түрлі-түрлі пікір айтылды. Сол уақытта "жаппай планшетке ауысуға мүмкіндік жасаймыз" деп сарнағандар болды. Тиісінше, бұл пікір қоғамды қақ жарды деп айта аламыз. Оған екі жақ та өз уәжін дәлелмен келтіруге тырысады. Тіпті, қазіргі күнге дейін солай.

2-сынып оқушысы 4 келілік сөмкені көтереді

Журналист Ердәулет Қалиев жақында ғана 2 не 3-сынып оқушысының ауыр сөмкесін зорға арқалап келе жатқанын, тіпті құлағанын көрген. Сол оқиғадан соң ол ауыр сөмке жайын қозғап, жоғарыдағыларға тағы бір жеткізіп қойғанды жөн санаған.

– Бұл – көптен бері көтерілгенімен, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе. Бастауыш сынып оқушыларының ауыр сөмкесін көрсең, жаның ашиды, бірақ "біреудің шаруасын біреу ән салып тыңдайды" демекші, өзгенікін өзінікіндей көрмейтіндер мәселеге нүкте қоя алмай жүр. Айтпақшы, ауыр сөмкенің салмағын білесіз бе? Сөзіме тұздық болу үшін орта мектепте оқитын 2-сынып оқушысының "дорбасын" таразыға тартып көрдім. Ауыр салмақ екен. Төрт келіге тарта шықты. Бұл – бүлдіршінге ауыр салмақ. Оқу жылының басында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегілер оқушылардың ауыр сөмке асынатынын ескеріп, осы тұрғыда денсаулықты күтуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Десе де, мәселенің шешімін табу тек ата-ана мен медицина қызметкерлерінің қолында ғана емес. Мектеп те – балалардың денсаулығына тікелей жауапты, – дейді ол.

Жоғарыда Мемлекет басшысы осы жағдаймен таныс екенін, тіпті арнайы пікір беріп, тапсырма жүктегенін де жазған едік.

Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан, оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын, – деген болатын ел Президенті.

Өз кезегінде түйткілді тақырыпты БАҚ өкілдері жан-жақты саралап, арнайы мамандардан пікір алып, үздіксіз қаузап келеді.

Травматолог-ортопед және остеапат секілді медицина мамандары бастауыш сынып оқушыларына ауыр салмақты көтерудің зиянын нақты дәлелдермен келтіріп жүр.

Олардың айтуынша, қазіргі күні ата-аналар арасында балаларын кифоз, лордоз немесе омыртқаның қисаюы, сүйектің дұрыс дамымауы, бүкірлік, т.с.с. диагноздармен алып келетіндер көбейген. Әрине, бұған тек бір фактордың әсер етпесі анық, десе де "ауыр сөмкенің зардабы емес" деп те ешкім кесіп-пішіп пікір айта алмайды.

Қызылорда қалалық білім бөлімінің бас маманы Қанат Әбдіқадіров жергілікті телеарнаға берген сұхбатында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен "Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық қағидаларының 74-тармағына сәйкес, оқушылардың қанша салмақтағы сөмкені арқалауға болатыны туралы айтқан.

– Енді күн сайынғы оқу cөмкесінің салмағы 1-3 сынып оқушылары үшін 1,5-2 келі, 4-5-сынып білім алушылары үшін 2-2,5 келі, 6-7 сыныптың білім алушылары үшін 3-3,5 келіден аспауы тиіс, – дейді ол.

Шыны керек, баласының болашағын, денсаулығын ойлайтын ата-аналар бастауыш сыныптары үшін қазіргі кітаптардың көлемі үлкен екенін, қосымша спорттық киімдер мен жеке заттарын қосқанда қиналмай 4-5 келі болатынын ашық жазып та, айтып та жүр.

"Бірінші сынып оқушыларын қазақстандық планшетпен қамтамасыз ету жоспарлануда..."

Бірнеше жыл бұрын сол кездегі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бастауыш сынып оқушыларының ауыр сөмке мәселесін шешудің "инновациялық жолын" ұсынып, мақтау мен даттауға теңдей көмілген-ді. Бұл туралы кейіннен жеке парақшасына да жазды.

– Үкіметтің кезекті отырысында, еліміздегі білім беруді дамыту тақырыбында қосымша баяндамашы ретінде сөз сөйледім. Мектеп оқушыларын "ауыр сөмкелерден" арылту мәселесін шешу және цифрландыру деңгейін көтеру бағытында планшеттерге көшу жайлы ұсыныс жасадым. Одан бөлек, планшеттер классикалық оқулықтарды толықтырумен қатар, онлайн режимде білім беру ресурстарына қолжетімді құрал бола алады. 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушыларын қазақстандық планшет өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл гаджеттерде арнайы sim карта мен оқушыларға теріс әсер ететін, заңсыз контенттерді анықтауға мүмкіндік беретін бақылау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ, ваучерлік механизмді пайдалану көзделеді, яғни оқушы ата-анасымен бірге келіп, планшетті таңдайды, ал мемлекет осы гаджеттің құнын төлейді. Осылайша, біз электронды жабдықты шығаратын белгілі бір зауыттарды таңдамаймыз, бірақ талаптар мен стандарттарды, мысалы, планшеттердің соққыға төзімділігін, жад көлемі және т.б. сапа мәселесіне баса мән береміз, – деген еді сол кезде экс-министр.

Оқушыны ауыр сөмкеден арылтудың жолы планшет емес

Әлбетте, уақытында бұл идеяны қос қолмен қолдағандар да, қарсы шыққандар да болды. Көпшіліктің пікірі "бұл жобаны іске асырмас бұрын интернет жылдамдығын бірінші ретке келтіріп алу керек" дегенге саяды. Әрі онсыз да смартфонға "жабысқан" бастауыш сынып оқушыларына планшет табыстау денсаулығына зиян екені дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Оқушыны ауыр сөмкеден арылтудың жолы планшет емес екені сол кезде-ақ түсінікті болды.

Мәселенің ауқымдылығын тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде де бар екенін байқауға болады. Осылайша, баланың білім алу сапасы мен денсаулығы үшін маңызды тақырып кезекті рет саяси бюрократия мен жауапсыздықтың құрбаны болып қалды. Министрлер қызметтерінен кеткенімен, қоғамның ауыр сөмкеге салған жүгі сол қалпы өзгеріссіз. Бұл жағдай білім саласындағы мәселелерді тек қысқамерзімді популизм арқылы шешудің мүмкін еместігін, шынайы әрі терең реформалардың қажеттілігін тағы бір дәлелдеді, – дейді журналист Ердәулет Қалиев.

Сөз басында жазғанымыздай, бұл тыңнан түрен салып жазылған тақырып емес. Әрі бізге дейінгі әріптестеріміздің сөзін қайталаған секілді болып көрінуіміз мүмкін. Ең бастысы, оқушылардың ауыр сөмкесіне деген көзқарасымыз жалаң не жеңіл болмауы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу