Министрлік зейнетақы төлемдеріне қатысты мәлімдеме жасады

15711

Бизнес пен бұқара қорға 20,7 триллион теңге жинап берді.

Министрлік зейнетақы төлемдеріне қатысты мәлімдеме жасады Фото: gov.kz

Алайда осынша астатөк ақшаның қызығын көріп отырғандар аз. Зейнетке шыққан адамдар зейнетақысының аздығына, әсіресе, БЖЗҚ-дан тым аз төлем түсетініне шағымданады. Шын ба?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны – 2 миллион 413 мың адамға жетті. Осы зейнеткерлерге жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 803 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді. Соның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 882,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 920,2 млрд теңге қарастырылды.

Бір қарағанда, қомақты сома көрінеді. Алайда 2 трлн 803 млрд теңгені 2 млн 413 мың зейнеткерге бөлгенде, әрбір адамға орташа 1 161 624 теңгеден келеді. Бірақ бұл өткен 9 айда төленгені, яғни, бір айда орта есеппен 129 069 теңге зейнетақы берілген (біреулер бұдан көп, ал, біреулер одан да аз алады).

Бұл сома Ұлттық банктің бүгінгі валюта бағамына шаққанда небәрі 264 доллар ғана. Америкадағы қымбат мейрамханаларды айтпағанда, шағын ғана дәмханаларда (Diner немесе Deli) даяшыларға сағатына орта есеппен 15 доллардан төленетінін ескерсек, америкалық официант қазақстандық зейнеткердің бір айда әзер алатынын шамамен 1,5-2 күнде табады екен.

Содан болса керек, халық арасында зейнетақының өсетіні туралы өсек жиі тарап тұрады. Бұл тұрғыда әлеуметтік желіде пікір білдірген бірқатар қазақстандық зейнетақыға қатысты гу-гу сөз жаю арқылы қарапайым бұқара өзінің төмен тұрмысына шенеуніктердің назарын аудартқысы келетінін қаперге салды.

Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақыны салмақты көтеру орнына тек қауесеттерді жоққа шығарумен шектеліп келеді. Осы жолы да ведомство "Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдеріндегі өзгерістер туралы ақпарат – фейк" екенін жариялады. Өйткені әлеуметтік желілерде, WhatsApp-та таралып жатқан дауыстық хабарламада әлдекімдер Үкіметтің зейнетақыға 45 мың теңге үстеме қосқанын жеткізіп, "сүйінші" сұрауда.

Шенеуніктер болса, зейнеткерлердің қуанышын кезекті рет су сепкендей басып тастады.

"Белгісіз біреулер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде: "Ведомствоаралық комиссия (ВАК) еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемінің орнына 39 мыңнан 45 мың теңгеге дейін зейнетақыға қосымша төлеуді енгізу туралы заң жобасын әзірледі" деген жалған ақпарат таратып жатыр. Алайда Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәсілдерінің өзгеретіні туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды!", – деп хабарлады Еңбекмині.

Министрлік Қазақстанда зейнетақы төлемдері сол бұрынғы күйде қалғанын, ол келесі үш құрамдас бөліктен – базалық, ынтымақты және жинақтаушы компоненттерден қалыптасатынын хабарлады.

"Біріншіден, "базалық зейнетақы" зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматқа тағайындалады. Оның мөлшерін айқындау кезінде зейнеткерлік жасқа жеткен күнгі барлық еңбек өтілі ескеріледі. 10 жыл және одан аз өтілі үшін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ын немесе 28 215 теңгені құрайды. Ал, ең жоғары мөлшері биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105%-ын немесе 45 578 теңгені құрайды", – деді министрлік мамандары.

Екіншіден, жасына байланысты зейнетақыны немесе зейнетақының "ынтымақты" бөлігін тек аға ұрпақ өкілдері – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар ғана алады. Ендеше 1979 жылдан кейін туылғандарға негізінен зейнетақының ынтымақты компоненті төленбейді. Оның мөлшері жұмыс өтіліне және бұрынғы орташа айлық табысына байланысты.

Үшіншіден, жинақтаушы зейнетақы тек БЖЗҚ-да жинағы барларға ғана беріледі. Бұл бөлігі азаматтың ай сайынғы айлығынан, өзге табысынан ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарынан, өз бетінше аударатын ерікті зейнетақы жарналарынан және жұмыс берушісі аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан төленеді.

Жинақтаушы зейнетақының мөлшері жүйеге қатысу кезеңіне және зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты. Мысалы, биыл БЖЗҚ-дағы жинақтан берілетін төлемнің ең жоғарғы көлемі 945 752 теңгені құрады. Қор мамандары бұл соманы нақты кімге төлеп жатқанын журналистерге хабарлаудан үзілді-кесілді бас тартты. Өзге зейнеткерлер қордан орташа 25-30 мыңдай алатындарын айтады.

"Азаматтардан тек ресми көздерде жарияланған ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз!", – деді Еңбек министрлігі.

Жалпы, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілерден жиналған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының көлемі ел тарихында бұрын-соңды болмаған сомаға – 20,7 триллион теңгеге жетті. Онда "міндетті зейнетақы жарналары" (МЗЖ), "міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары" (МКЗЖ) және "ерікті зейнетақы жарналары" (ЕЗЖ) бар. Бір жыл ішінде бұл сома 23,7%-ға өсті.

Өкінішке қарай, қордағы жинақ батыл әрі сауатты инвестициялау арқасында еселеп өсіп жатқан жоқ. Ол халықтан көбірек жарна жинау арқылы өсіп жатыр. Қазақстандықтардың жинақтарының 96,94%-ы айлығынан ай сайын ұсталатын МЗЖ есебінен жиналды. Олардың көлемі 20,1 триллион теңгеге жетті. 1 жылдағы өсімі – 23,9%.

МКЗЖ бойынша жинақ сомасы – 627 миллиард теңгені құрады, бір жылда 17,7%-ға ұлғайған. Көбею қарқыны тұрғысынан ең үлкен өсімді (жылына 49,2%) ЕЗЖ бойынша жинақтар көрсетті, олардың көлемі 7 миллиард теңгеге жетті.

Содан кәсіпкерлердің қуатты қарсылығына қарамастан, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардан аталған қорға қосымша жарна жинай бастады. Ақша жинаудың жаңа тетігі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) деп аталады.

Осылайша, қорға құйылып жатқан МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ сыртында, тағы бір қаржы қайнары – ЖМЖЗ ашылды. 2024 жылдың 8 айында қор жұмыс берушілерден ЖМЗЖ түрінде жалпы сомасы 148,9 миллиард теңгеден астам қаражат жинап алған.

Қордың өзі салымшылар шоттарындағы жинақтары есебінен биылғы жыл басынан 1 қыркүйекке дейінгі аралықта 1,9 триллион теңге табыс тапты. Инвесттабысы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 883 млрд теңгеге немесе 85,3%-ға артты. Қордың басшылары мен персоналының жоғары жалақылары, бонустары, сыйақылары, әкімшілік және басқа да қаптаған шығыстары осы жинақтардан алатын комиссиялар арқылы төленетіні белгілі.

Еңбек министрлігі қолданыстағы зейнетақы жүйесін тағы да жетілдіру жолдарын қарастырып жатыр. Болашақта мысалы, "ынтымақты" зейнетақы жойылмақ. Осыған орай Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары Қазақстанның зейнетақы жүйесінің бұған дейін қандай реформаларды бастан кешкенін еске салды.

1998 жылы – зейнетақы жүйесін реформалау басталды. Қазақстан ТМД кеңістігінде бірінші болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Сол жылдың 1 қаңтарынан "ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңы күшіне мінді. Бұған дейін, кеңес кезінен бері зейнеткерлер үшін мемлекет қана жауапты болып келсе, енді ол үшін жауапкершілік жұмысшылардың өз мойнына да жүктелді. Бұдан былай әрбір адам бейғам қарттығын жұмысқа жарамды шағында өзі қамтамасыз етуге тиіс.

2000-2009 жылдардағы реформа. 2001 жылы ТМД елдерінде бірінші болып, Қазақстан ерлер мен әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын күрт көтерді: зейнетақы жасы ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 58 жас болып белгіленді. Бұған дейін, 90-шы жылдары қазақстандық ерлер – 55, әйелдер – 50 жаста пенсионер атана алатын.

Осы кезеңде елде алғашқы жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорлары (ЖЗҚ-лар) өркен жайды. 2004 жылы Ұлттық банкі пен Үкімет "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорын" құрып, оның акционері атанды. Ол ЖЗҚ-лармен қатар жұмыс істеді.

2013-2016 жылдардағы реформа нарықтағы жеке ЖЗҚ-ларды күштеп жоюмен тарихта қалды.

"Жеке қорлардың агрессивті инвестициялық саясаты мен ел экономикасындағы алғашқы дағдарыстар қорлардың, салымшылардың шығынға ұшырауына соқтырды. Осыған байланысты 2013 жылы барлық жеке қорлар мәжбүрлі түрде таратылып, олардың зейнетақы активтері бір мемлекеттік зейнетақы қорына – БЖЗҚ-ға берілді", – дейді "Ранкинг" агенттігінің сарапшылары.

2014 жылы жинақтаушы зейнетақының бұған дейін енгізілген "міндетті зейнетақы жарналарына" (МЗЖ) қоса, екінші бөлігі – "міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары" (МКЗЖ) енгізілді. Оған сәйкес, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс берушісі өз қаражаты есебінен 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын ай сайын қорға аударып тұруға міндеттелді.

Сарапшылардың сынын тудыратыны сол, егер зиянды жұмыстарда істейтін кеншілер, шахтерлар және басқасы зейнеткерлік жасқа жетпей, ерте дүние салса, ол үшін төленген МКЗЖ қаражаттары оның балаларына мұраға берілмейді, оны мемлекет алып қоятын көрінеді.

2018 жылғы зейнетақылық реформа әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңмен арттырудың басталуымен ел жадында қалды. Салдарынан, бүгінде Қазақстанда зейнетке шығу жасы ерлер үшін 63 жасты, әйелдер үшін – 61 жасты құрайды. Бұл да ТМД-дағы ең жоғарғы меже.

Болашақта әйелдер тек 63 жаста ғана зейнеткерлікке шыға алады, әзірге оған мораторий қойылған. Еңбекминінің мәліметінше, 2023 жылдан 2028 жылға дейінгі аралықта әйелдердің "зейнеткерлік" жасы өзгермейді және 61 жасты құрайды. Ары қарай артады, әйелдер:

  • 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
  • 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
  • 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
  • 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда ғана зейнеткер атана алады.

Бұл аз болғандай, 2018 жылдың шілдесінен бастап бюджеттен төленетін базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгерді. Бұдан былай оның көлемі еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болды. Азырақ жұмыс істегендерге, немесе көп жыл істегенімен, жұмыс берушісі БЖЗҚ-ға жарна аудармаған азаматтарға базалық зейнетақының минималды көлемін місе тұтуына тура келмек.

Одан кейін де бірнеше рет зейнетақы реформасы жүргізілді. Оның барысында енгізілген бірқатар тетік жойылды. Мысалы, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді жеңілдету үшін "бірыңғай жиынтық төлем" (БЖТ) енгізілді. Ол 4 міндетті төлемді алмастырды: жеке табыс салығы, БЖЗҚ-ға зейнетақы жарнасы, МӘСҚ қорына әлеуметтік аударым және медсақтандыру жарнасы. Дегенмен, биылдан бастап, БЖТ жойылды.

Жалпы алғанда, қандай реформа жүргізілсе де, елдегі зейнеткерлердің жағдайы дамыған елдердегідей күрт жақсарып кетті деу қиын. Содан шетсіз-шексіз реформалардан қажыған, бірақ зейнетақының өсуіне қатысты үмітін жоғалтпаған жұрт қаңқу сөздерге әлі күнге сенеді, дәмеленеді. Пенсия болса, салмақты өсетін түрі жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу