Мобильді құлдықтан құтылғандардан мемлекет неге теріс айналды?

2123

Азаматтар мемлекеттен смс-хабарламалар мен кодтарды ала алмай жатыр, вице-министр себебін түсіндірді.  

Мобильді құлдықтан құтылғандардан мемлекет неге теріс айналды?

Тың бастама көшбасшыны "тағынан" құлатты

Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап "мобильді құлдық" деп аталатын құбылыс жойылды. Сол кезден бастап елде MNP (операторды ауыстыру кезінде мобильді нөмірді сақтау) қызметі іске қосылды. Абоненттер көз үйреншікті болған телефон нөмірін өзгертпей-ақ басқа операторға ауысу мүмкіндігін иеленді.

Әйтпесе, соған дейін қазақстандықтар контактілерін жоғалтып алмау үшін ұялы телефонының нөмірін ауыстыра алмайтын, салдарынан байланыс операторының тиімсіз тарифтеріне, сапасыз қызметіне көнуге мәжбүр еді.

Нәтижесінде, әлгі өзгеріс клиенттердің бір оператордан екіншісіне жаппай кетуіне жол ашты. Мысалы, құлдықтың бұл түрі сақталған 2015 жылы "Мобайл Телеком Сервис" ЖШС (Tele2 Қазақстан) абоненттерінің саны 4,2 миллион пайдаланушыны ғана құрапты. Екінші орынға 9,6 млн абонент көрсеткішімен Beeline көтерілді.

Ол кезде саланың сөзсіз көшбасшысы Kcell еді: оның абоненттерінің жалпы саны 10,76 миллионнан асатын.

Қазіргі кезде елімізде сол бұрынғыдай 3 ұялы байланыс операторы ғана жұмыс істеді, бұлар – Beeline, Kcell және Tele2/Altel.

Бірақ нарықтағы ойыншылардың салмағы мен үлесі өзгерді. Нарық алпауыты енді – Beeline: оның бүкіл еліміз бойынша 9,7 млн абоненті бар. Яғни ол тұтас қазақстандық ұялы байланыс нарығының 40%-ын еншілеп отыр. Kcell 8 млн абонентімен екінші орынға сырғыды. Оған нарықтың 33% үлесі тиесілі. Ал Tele2 мен Altel 6,9 млн абонентке және нарықтың қалған бөлігіне ие.

Бүгінде елімізде 24,6 миллионға жуық ұялы телефонға операторлар қызмет көрсетеді. Айта кету керек, осы нарықты бөліске салу жалғасып жатыр. MNP қызметін пайдаланған кейбір азамат жақсы тарифті іздеп, байланыс операторлары арасында үнемі көшіп жүреді.

Sms алмайтын азамат игіліктен сырт қалады

Сонымен саладағы бұл елеулі бастаманың іске қосылғанына биыл 5 жыл толды, алғашқы мерейтойы. Әйткенмен, проблемалардан әлі күнге арыла алмапты. Мысалы, нөмірін сақтап, операторды ауыстыру қызметіне жүгінген біраз азамат бір қиындыққа тап болды.

"Мобильді байланыс операторын өзгерткенмін, содан бері 1414 қысқа нөмірінен sms-хабарлама алу мүмкіндігінен айрылдым. Онсыз мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алмайтыным белгілі. eGov порталындағы жеке кабинетте телефон нөмірін жаңарту мүмкін болмады, себебі ақыр соңында бәрібір ұялы телефоныма жіберілген смс-хабарламадағы кодты енгізуімді сұрайды. Ал ол sms келмейді. Соның кесірінен eGov mobile, БЖЗҚ, e-SalykAzamat қосымшаларында авторизациядан өту мүмкіндігінен де қағылдым", – дейді абонент Ільяс Ахметов.

Ол мұның мән-жайын білмек болып, 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласыпты.

"Техникалық түзетуге өтініш қабылдауды өтіндім, алайда оператор ондай өтініш @Egovkzbot2.0 телеграмм-арнасы арқылы қабылданатынын мәлімдеді. Telegram-арна операторы да сұрауды қабылдаудан бас тартты. Видеоқоңырау шалып, ХҚКО операторына өзіңіз жүгінуге тиіссіз деді. Жарайды деп, халыққа қызмет көрсету орталығына бейнеқоңырау шалдым. Олар Мобильді азаматтар базасына нөмірімді тіркеуге талаптанып көрдім. Тәлкегі ме, кім білсін, ақырында бәрібір смс-пен келетін кодты айтуымды сұрады. Код та, хабарлама да әрине, келмеді", – дейді Ілияс.

Осыған ұқсас проблемаға оның жұбайы да бас қатырыпты. Дегенмен олар қуынып жүріп, ақыр соңында олқылықты түзете алды: жуырда "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарама төрағасы Ростислав Коняшкиннің өзі хат жолдап, осы екі азаматтың ұялы телефон нөмірлеріне қатысты аталған проблеманың жойылғанын айтып, сергелдеңге түскендері үшін кешірім сұраған екен. 

Мусин министрлігі тағы кешірім сұрауға мәжбүр

Павлодар тұрғыны Геннадий Иванов та жүйкесі жұқарып, тәні шаршағанша әр мекемені адақтауға мәжбүр болған. Ақырында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге шағым жазуға тура келіпті.

"Биылғы 2021 жылы мобильді құлдықты жойған заңдағы мүмкіндікті пайдаланып, ұлымыз екеуіміз телефон нөмірін сақтаған күйі операторымызды ауыстырдық. Осыдан кейін eGov порталынан смс-хабарламалар келуді қойды. Билайнның кеңсесіне бірнеше рет барып, мұның себебін анықтауға, мәселені шешуге тырыстым. Байланыс операторы бұған eGov кінәлі деді. "Электронды Үкімет" порталына бірнеше рет жүгініп, түйткілдің түп-төркінін айқындауға талпындым. eGov-тағылар бұған eGov-тің еш кінәсі жоқ деді. Әрқайсысы өз айыбын мойындамайды, жағдайды да түзетпейді. Мұндай проблемаға жалғыз біз ғана емес, басқа да көптеген адам тап болғанын білдік. Яғни бұл – жүйелі олқылық секілді", – дейді Г. Иванов.

Ол өзінің және ұлынің "Электронды Үкімет" порталының қызметтерін sms арқылы пайдалану құқығын қалпына келтіруді сұрады. Әйтпесе, жұрттың көбінде ЭЦҚ жоқ.

Оған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековтен кеше жауап келіпті. 

"Азаматтарға "Электронды Үкімет" порталы арқылы 1414 нөмірінен sms-хабарлама, бір реттік пароль көмегімен қызметтер алу мүмкіндігі берілген. Бұл ретте 2021 жылғы 5 қазанда 1414-тен sms-хабарлама жіберу бөлігіндегі техникалық ақауларды жоюға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылғанын хабарлаймыз. Осы жұмыс аясында енді сіз барлық қажетті қызметтерді порталдан ала аласыз. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", – деді вице-министр.

Inbusiness.kz таяуда жазғандай, eGov порталдағы ақаулар кесірінен жеке куәлікті онлайн ауыстыру мүмкіндігінен айрылып, үлкен айыппұл төлеуге мәжбүр болған қазақстандықтардан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов кешірім сұраған болатын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу