Молдовада да соғыс басталғалы тұр ма?

8156

Тирасполь "террористік шабуылдар" жүріп жатқанын, ал Кишинев пен Киев "арандатушылық жасалғанын" мәлімдеді. Мойындалмаған Приднестровье майданға әзірлік шараларына кірісті. 

Молдовада да соғыс басталғалы тұр ма?

1990 жылғы маусымда Молдова Парламенті кезінде Молдавия КСР-інің құрылуын заңсыз деп тауып, Кеңес Одағы құрамынан шыққаннан кейін, сол жылғы 2 қыркүйекте орыстілділер шоғырланып тұрып жатқан Приднестровье өлкесі Молдовадан тәуелсіздігін жариялады. "Приднестровьелік Молдавия Республикасын" (ПМР, түпнұсқада Република Молдовеняскэ Нистрянэ) құратынын мәлімдеді. Оның соңы 1992 жылы қарулы қақтығысқа ұласты. Алайда Молдова ПМР-ді қайтара алмады, ол жерге "бітімгер" мәртебесін қалқан етіп, Ресей әскері кірді. Салдарынан, бүгінде бұл аумақтағы ахуал "қатырылған қақтығыс" күйіне көшкен.

Жалпы Приднестровье – Ресеймен шектеспейді, теңізге де шыға алмайды, оның айналасында Молдова мен Украина қоршай орналасқан. 2015 жылғы халық санағының дерегінше, өлкеде жарты миллионға жуық адам тұрады. Негізінен, молдовандар, орыстар және украиндер. Басым көпшілігі Молдованың Еуропаға қосылуын немесе тарихи отаны – Румыниямен бірігу бағытын құптамайды, ресейлік ақпарат айдынына, соның идеологиясына кең тартылған, Мәскеумен басым қарым-қатынасты жақтайды.

Сарапшылардың айтуынша, бұған дейін Приднестровьеде 5 мыңнан астам ресейлік әскерилер, сауытты техника және басқа да ұрыс қарулары орналастырылған. Дегенмен халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бүгінде Мәскеу ондағы кейбір әскери бөлімдерін әкетіп, Украинадағы соғысқа жұмылдырған екен.

Таяуда, 22 сәуірде РФ Орталық әскери округі әскерлерінің қолбасшысы міндетін атқарушы Рустам Миннекаев "Украинадағы арнайы операцияның" жаңа, ІІ кезеңінің басты мақсатын жариялады.

"Арнайы операцияның екінші фазасы екі күндей бұрын басталды. Ондағы ресейлік армияның басты міндеттерінің бірі – Донбасс пен оңтүстік Украинаға толық бақылау орнату болады. Бұл Қырымға қарай құрлық дәлізін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Приднестровьемен қатынас жолдарына бақылау орнату жоспарланып отыр. Себебі, ол жақта орыстілді тұрғындарға қысым көрсету фактілері тіркелуде", – деді ресейлік қолбасшы, генерал-майор.

Осының алдында, 24 ақпанда Украинаға баса-көктей кіргенде Мәскеу бұрынғы кеңестік тағы бір республикаға басқыншылық жасау ниетін білдірмеген еді. Сондықтан сарапшылар үшін бұл мәлімдеме тосын болды, айран-асыр етті.

Би-Би-Сидің хабарлауынша, Ресей тарапының әлгі мәлімдемесінен кейін Приднестровьеде жарылыстар басталды. Алайда оған жауапкершілікті тараптардың ешқайсысы өз мойнына алмады.

ПМР билігі әлдебір "терактілер" туралы мәлімдеме жасады. Молдова мен Киев оны арандатушылық деп атады.

Алдымен сепаратистік өңірдің орталығы Тираспольде жарылыс дүмпуі естілді. Ертесіне мойындалмаған ПМР-дің Ішкі істер министрлігі КСРО-дан мұраға қалған 2 алып радиоантенналарды әлдекімдердің жарып жібергенін мәлімдеді. Олар арқылы ресейлік радиостансалар өлкеге хабар тарататын. ВВС жариялаған фото бұл деректі растайды.

"26 сәуірдің таңында Григориопольский ауданының Маяк кентінде 2 жарылыс болды, біріншісі 6:40-та, екіншісі – 7:05-те. Салдарынан, мегаваттық және жартылай мегаваттық екі ең қуатты антенналар істен шығарылды. Екеуі де РФ радиоларын ретрансляциялайтын", – делінген ведомствоның сайтындағы мәлімдемеде.

Приднестровье ІІМ-і жарылыстарды ұйымдастырушыларға қатысты ешқандай нұсқа-болжамын жария етпеді. Тек 60-шы жылдардың аяғында тұрғызылған бұл Приднестровье радиотелеорталығының (ПРТЦ) сигналы АҚШ-қа, Таяу Шығысқа, Латын Америкасына хабар таратуға қауқарлы болғаны туралы тарихи анықтама берді. 

Ол Тирасполь орталығындағы жарылыстың мән-жайын журналистерге айтпады. Интерфакс дерегінше, жарылыстан Приднестровье мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (МГБ) нысандарының бірі зақымданған. ІІМ мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.

Бұл жағдай ресми Кишиневті қатты алаңдатты.

"Қолда бар ақпаратқа жүгінсек, белгісіз біреулер өлкедегі қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын құрылымның штабын гранатометтармен атқылаған. Алдын ала деректер бойынша зардап шеккендер де, құрбандар да жоқ. Аталған оқиғаның мақсаты – конституциялық билік тарапынан бақыланбайтын Приднестровье өңірінде ахуалды ушықтыру үшін сылтау жасау болып табылады", – деп мәлімдеді Тираспольдегі жарылыстан кейін Молдова Үкіметі жанындағы Реинтеграция бюросы.

Ал радиотелеорталық аумағындағы таңғы жарылыстан кейінгі ресми биліктің реакциясы бұдан қатаңырақ болды. Молдова Президенті Майя Санду дереу елдің Жоғарғы қауіпсіздік кеңесін шақырды. Ал Ақпарат және қауіпсіздік қызметі азаматтарға үндеу жариялады.

"Біз қоғамды тынышталуға және тексерілмеген дереккөздерден алынған ақпаратты, әсіресе, жеккөрініш пен соғысты тұтататын мәліметтерді таратудан бойды аулақ ұстауға шақырамыз. Ахуалдың күрделенгенін ескере отырып, біз жауапкершілік танытасыздар және ақпарат атаулыға сын көзбен қарайсыздар деп үміттенеміз", – делінген үндеуде.

Ізінше Майя Санду ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасады: ол жарылыстар үшін жауапкершілікті "Приднестровье аумағында орналасқан қарсыласушы күштерге" артты.

"Талдау көрсеткеніндей, өлке ішіндегі әртүрлі күштер арасында қайшылық, қақтығыс туындаған. Олар өңірдегі жағдайды тұрақсыздандыруға мүдделі. Шиеленісті ушықтыру талаптары бұрыннан жүзеге асырылуда. Соңғы бірнеше апта үдерінде өңірде мектептер мен ауруханаларға бомба қойылғаны туралы көптеген хабарламалар түсті", – деді Санду ханым.

Ал жағдайға қатысты түсініктеме берген Киев өлкедегі жарылыстарға ашықтан ашық Мәскеуді айыптады.

"Бұл дүрбелеңді және Украинаға қарсы көңіл-күйлерді өршітуге бағытталған, ресейлік арнайы органдар ұйымдастырған арандату іс-шараларының бірі болса керек. Оның авторлары Украина аумағындағы соғысты ақтап, ұрыс қимылдарына Приднестровьені тартуды көксейді. Болмаса, олар бұл өлкені мобилизациялық резерві бар өңір, украиналық территорияға шабуыл жасауға болатын аумақ ретінде қарастырады", – делінген Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының баспасөз хабарламасында.  

Әлем мойындамаған Приднестровье президенті Вадим Красносельский де төл қауіпсіздік кеңесін шақырып, лаңкестік қауіптің "қызыл" деңгейін енгізді. Жиында тағы бір "терактінің" болғаны айтылған. Красносельскийдің баспасөз қызметі Парканы селосы жанындағы әскери бөлімге де шабуыл жасалды деп сендіреді.

Интерфакстың анонимді дереккөзі Тираспольдегі Қорғаныс министрлігінің авиапаркі аумағында да екі жарылыс болды депті. Барлық жарылыстар нәтижесінде зардап шеккендер жоқ көрінеді.

Жарылыстарға байланысты ПМР билігі 9 мамырға жоспарланған Жеңіс парадынан және "Жаужүрек полк" шеруінен бас тартты.

Өз кезегінде Кремль "Приднестровьедегі жағдайдың ушығуын мұқият бақылап отыр". Бұл туралы В.Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жеткізді. Ол Владимир Путиннің Майя Сандумен кездесуі не сөйлесуі, немесе басқа да жолдармен келіссөз жүргізуі жоспарланбағанын мәлім етті.

"Айта алатын бір ғана жайт, біз ол өңірде жағдайдың қалай өрбіп жатқанын өте жіті бақылаудамыз. Ол жақтан тікелей бізге жаңалықтар келіп түсуде. Олар бізді алаңдатады", – деді Д.Песков.

Жағдайды ресейлік пропагандистер әрі қарай өршітіп жатыр. Олар даулы өңірге алдағы күндері америкалық әскерилер басып кіруі мүмкін дегенге дейін барды. Жергілікті "әскери қоймалар оларды өте қызықтырады-мыс". "Московский комсомолецтің" жазуынша, ресейлік әскердің көмегімен Преднестровьеде "адамдарды эвакуациялау, ықтимал жаралыларды қабылдауды, шұғыл психологиялық көмекті ұйымдастыру, жергілікті қорғаныс құрылымдарын құру шаралары басталды. Мектептер қашықтан оқытуға көшірілді. Мамырдағы мектеп бітіру емтихандарынан бас тартылды.

"Бұл іс-әрекеттердің артында Руминия тұруы мүмкін. Ол басып кіру үшін армиясын әзірледі. Тіпті ішінара Молдова жеріне енгізіп те қойған болар. Румын әскерилерінің бір бөлігі молдовалық әскерилердің киімін киіп алған. Молдованың қазіргі президенті мен үкіметі Румынияның агенті. Неге дәл қазір кірісті? Өйткені бұрын Ресейдің қуатты әскери жауабынан қорықты. Қазір Ресей жедел түрде Приднестровьеге басып кіре алмайды. Оған Украина жерімен жету керек. Ал оның алдында Украинаның армиясы және қаптаған қорғаныс құрылыстары тұр", – деп бөсті ресейлік саясаткер Сергей Марков.

Бұған жауап ретінде Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Молдоваға Украинадан немесе Руминиядан әскери көмек сұрауға кеңес берді. Сонда оның байламынша, "сепаратистік Приднестровье мәселесін лезде шешуге болады".

Қалай болғанда, әр тарап Молдовадағы тұрақтылықты шайқауға кіріскенге ұқсайды. Жылдар бойы жаһандық тәртіптің ұстыны болған "жақсы ұрыстан жаман бейбітшілік оңды" дейтін қағида мына заманда күшін жоғалта бастаған секілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу