Мопедшілерге жаңа талаптар енгізілді

2795

Мопед жүргізушілеріне қойылатын талаптар белгіленді.

Мопедшілерге жаңа талаптар енгізілді Фото: zelengarden.ru

Енді мопед тізгіндегендер жүргізуші куәлігін алып, өзінің көлігін тіркеуден өткізуі тиіс. Жаңа норма жол қозғалысына қалай әсер етеді? Қазіргі таңда ахуал қандай? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.
 
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң қабылданған соң 6 айдан кейін мопедтерді мемлекеттік тіркеу басталады. Жүргізушіде А, В, С санатындағы куәліктері болған жағдайда оларға "А1" санаты автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ, мопедтерді жыл сайынғы техникалық байқаудан өткізу міндеттелмек.
 
Халық қалаулылары жаңа өзгерістер мопедті мас күйде тізгіндеген жүргізушілер санын анықтауға, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары санын азайтуға бағытталған деп отыр. Енді бұл көлік құралын басқаратындар көлік айдайтындарға теңестіріледі. Тиісті заң осы жылдың соңына қарай іске қосылады деп күтіліп отыр.
 
Былтыр мопедтердің қатысуымен елімізде 750 жол-көлік апаты болды. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық.
 
Автосарапшы Алексей Алексеевтің сөзінше, мопед жүргізушілеріне қатысты шаралар қабылдауда үкімет кешеуілдеді.

"Бәлкім, Астанада мопед тізгіндегендер бойынша мәселе жоқ шығар. Бірақ Алматыда бұл мәселе өзекті. Мопедтер енді ғана көлік құралдары ретінде белгіленіп отыр. Қазір мопед жүргізушілері "осыған дейін еркін жүріп едік, енді бізге шектеу қойып жатыр" деп айтуы мүмкін. Шындығына келсек, мұны кезінде белгілеу керек еді. Мопед қозғалысы пайда болған кезде, яғни бұл көлік құралдары Қазақстанға әкелінген кезде олардың қозғалтқыш көлемі  50 текше сантиметрге дейін және одан көп деп бөлінді. 50 текше сантиметрден кем мопедтер көлік деп танылмай, оны тіркеуден өткізу, жүргізуші куәлігін алу қажет емес деп айтылды. Бұл о бастағы қателік болатын. Себебі көлік деп жолдар мен тротуарларда сағатына 15-20 км-ден астам жүре алатын кез келген көлік құралы болуы тиіс. Велосипед, самокат, электрлі самокаттар – көлік құралдары", – деп атап өтті ол.

Сарапшы самокаттардың қозғалысы да реттеуді қажет екенін айтты.

"Мопед жүргізушілеріне куәліктің қажет болуы туралы, көлік құралын тіркеуден өткізуге қатысты норма дұрыс. Себебі мемлекеттік нөмір жүргізуші мен куәліктің болуын анықтауға мүмкіндік береді. Қандай да бір жол-көлік оқиғалары немесе бұзушылықтар болған жағдайда мопед тізгіндеген адамды жауапқа тарту мүмкіндігі болады. Қазір біздегі жағдай қандай? Мопед жүргізушілері ешқандай ережелерді сақтамайды, ол туралы білмейді. Мопедті жасөспірімдер тізгіндеп жатады, кейде арнайы бас киім де кимейді. Тротуарлар мен жаяу жүргінші жолдарында жүреді. Мысалы, Алматыда мопедтердің салдарынан үлкен хаос қалыптасты", – деп түсіндірді Алексей Алексеев.

Автосарапшы жаңа нормалар жол қозғалысына қалай әсер ететінін айтты.
 
Егер де мопед жүргізушілері ережелер бойынша жүретін болса, онда жол қозғалысы айтарлықтай қауіпсіз бола түседі, деп жалғастырды ол.

"Заңға қол қойылғаннан кейін ереже бұзған мопед жүргізушілеріне салынатын айыппұл сомасы қандай болатыны белгілі болады. Заң қабылданған соң 6 айдан кейін мопедтерге қатысты нормалар қолданылады. Құжатты ертерек қабылдап, күшіне енгізуге де болар еді. Оны неғұрлым тез қолданысқа енгізетін болсақ, осы жазда мопедтердің салдарынан жапа шегетін адамдардың саны да соғұрлым аз болады. Жаз мезгілі – мопед қозғалысының белсенді бола түсетін кезі", – деді спикер.

Сарапшының сөзінше, келесі қадам – бензин пайдаланатын мопедтерге біртіндеп тыйым салу.

"Электрлі мопедтерге көшу керек. Мәселен, Қытайда бензин пайдаланатын мопедтерге тыйым салынған. Оларда бұл көлік құралының саны көп", – деді автосарапшы Алексей Алексеев.

Айта кету керек, қазір міндетті тіркеуден өту нормасы болмағандықтан елдегі мопедтердің нақты саны белгісіз болып отыр.

Сарапшылар жаңа нормалардың күшіне енуі бұл олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді деп сенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу