"Мұғалім мамандығы әрдайым трендте болады"

3876

Бүгін – мәртебелі мамандықта аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдердің кәсіби мерекесі.

"Мұғалім мамандығы әрдайым трендте болады" Фото: Жігер Телюқановтың жеке мұрағатынан

Білім беру саласында мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан өсуіне қандай жағдайлар жасалған? Қоғамда мұғалімнің алатын рөлі қандай? Бұл сауалдардың жауабын білу мақсатында inbusiness.kz тілшісі елордадағы "Білім-инновация лицейінің" химия пәнінің мұғалімі Жігер Телюқановты сөзге тартты.

Жігер Телюқанов – "Қазақстан мұғалімі – 2021" Ұлттық сыйлығының жеңімпазы, 2020 жылы әлемнің ең үздік ұстазы атанды. Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие "Qundylyq.kz" жобасын табысты жүргізіп отыр. Оның білім саласында жүргеніне оныншы жыл.

– Білім беру саласында мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан өсуіне қандай жағдайлар жасалған?

– Жалпы білім беру саласында мұғалімдерге жағдай жасалған ба дегенде,  категория мәселесін, "Үздік педагог" деген жарыстарды атап өтуге болады. "Талантты ұстаз, талапты шәкірт" деген байқаулар бар. Сонымен қатар мұғалімдер мемлекет есебінен шетелде тағылымдамадан да өте алады. Мұның барлығы олардың кәсібилігін, құзыретін дамытуға мүмкіндік береді.

– Соңғы жылдары еліміздің білім беру жүйесіне қандай өзгерістер мен инновациялар енгізілді?

– 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. Бұл заң мұғалімдер жалақысының бірден көтерілуіне мүмкіндік берді. Әлемдегі мықты елдердің көбінде ЖІӨ-нің ондаған пайызы білім саласына салынады. Мысал ретінде Жапония, Швейцария, Швеция сияқты елдерді атап өтуімізге болады. Әрине, білімге құйылған қомақты қаражат өзінің жемісін береді. Одан бөлек бүгінгі таңда "Жайлы мектеп" жобасы бастау алды. Жаңа заманауи мектептер ашыла бастады. Дарынды балаларға көмек беру, олимпиадашыларға қаржылық қолдау көрсетті, оларды дайындаған мұғалімдерді де елеп-ескеру – мұның барлығы да білім беру саласын дамытудағы мемлекеттің қызығушылығын көрсетіп отыр. Жалпы айтқанда мұғалімдерге мүмкіндіктер жасалуда.

– Қазіргі таңда қоғамда мұғалімнің алатын рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Мамандықтар өзгеруі мүмкін. Технология дамыған сайын олардың кейбірі трендтен кетіп, орнын басқа мамандық түрлері басуы мүмкін. Бірақ мұғалім мамандығы ешқашан ауыспайды. Оған себеп те жоқ емес. Қазір жасанды интеллект келді деп үрке қарап жатқандар да бар. Бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. Мейірімділік, махаббат, сүйіспеншілік, дұрыс ойлау – осының барлығын мектепте жақсы мұғалім ғана бере алады. Сол үшін бұл мамандық әрдайым трендте болады.

– Ұстаздық жолында жүрген қазақстандықтардың алдында қандай сын-қатерлер мен мәселелер тұр? Оларды қалай шешуге болады?

– Қазір мектепте қағазбастылық азайды. Бірақ көбінесе мұғалімдер энергиясын күн сайынғы жұмыста құртып алады. Көптеген фактордың әсерінен мұғалім мектепке келген кезде рутинаға түсіп, жанып тұрған ықыласын өшіріп алуы мүмкін. Сол себептен мұғалімдер мектепке келген кезде қиындықтарға дайын болып келуі керек. Олар өздерінің базалық білімін жетілдіргені жөн. Дарынды балалармен қалай жұмыс істеу керек, буллинг сәттерінде қалай әрекет ету керек – осының барлығын білгені жөн.  Университет беретін төрт жылдық білім шектеулі. Қалған білімді саладағы кітаптар арқылы жетілдіру керек. Бұдан басқа бүгінде ең мықты мақалалардың дені ағылшын тілінде шығады. Сол үшін жұмысына жаңашылдықты енгізгісі келетін мұғалімге қосымша ағылшын тілі қажет болады.

– Ұстаздық жолды таңдаған жандарға қандай кеңес бересіз?

– Жеке ойымды ғана айтатын болсам, әдетте адамдар мұғалімдікпен айналысады, сабақ, тәрбие береді. Өзіңді ұстаздық жолға арнау дегеніміз балалардың, келешектің қамы үшін аянбай еңбек ету. Мұғалім өз уақытын, энергиясын және білімін беруі шарт. Сол себептен де ұстаз дегеніміз өмірін балаларға арнауға келген адам.

– Сөз соңында "Qundylyq.kz" жобасы туралы тоқталып өтсеңіз. Бұл жобаның ерекшелігі неде?

– Жобаның басты мақсаты – құндылықтар негізінде мектептегі тәрбие үдерісін жүйелендіруге көмектесу. Оның бірқатар методикасы бар. Соның ішінде мектептің "атмосферасына" ерекше көңіл бөлінеді. Оған білім ордасының басшылығынан бастап оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы кіреді. Мұның барлығы белгілі бір деңгейде мектеп мәдениетіне әсер етеді. Бұл мәдениетті барынша жайлы әрі ыңғайлы қылу керек. Себебі оқушы стресс, ұрыс-керіс кезінде сабақ оқи алмайды. Жоба аясында эмоционалды интеллекті жетілдіру, күнделікті өмірде құндылықтарды жоғары дәрежеде енгізуге тырысу сияқты бағыттарда жұмыс істейміз.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу