Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік сатып алусыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы берілді. Бұған мүгедектердің құқығын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында атқарылған шаралар негізінде қол жеткізілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, дәл қазір портал арқылы жеке таңдауды қажет етпейтін 24 түрлі техникалық оңалту құралын сатып алуға болады. Ал 2021 жылдан бастап техникалық оңалту құралдарының барлық 55 түрі кедергісіз сатылады.
"2020 жылдың шілдесінен бастап жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының қызметтері мен санаторлық-курорттық емдеу қолжетімді болады. Сонымен қатар биыл алғаш рет электр жетегі бар мүгедектерге арналған отандық арбалар шығару ісі қолға алынады. Екінші тоқсаннан бастап біз мүгедектер арбасын бере бастаймыз", – деді министр.
Оның сөзінше, елімізде шамамен 695 мың мүгедектігі бар адам өмір сүреді. Былтыр оларды әлеуметтік қорғауға республикалық бюджеттен 323 млрд теңге бөлінді.
"2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедек баланың және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 30%-ға өсті. 292 мыңнан астам мүгедек немесе барлық мұқтаж адамдардың 70%-ы оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз етілген. Алдағы екі жылда министрлік мүгедектердің экономикалық белсенділігін арттыруға жағдай жасайды. Бұл үшін мүгедектігі бар адамдарды организм функцияларының бұзылу түрлеріне байланысты жұмысқа орналастыру бойынша кәсіптер атласы әзірленеді. Шетелдің тәжірибесіне сүйене отырып, биыл мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастама көтермекшіміз. Онда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компаниялар үшін мемлекеттік сатып алуға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады. Сондай-ақ Жапония мен Германия тәжірибесіне сүйене отырып, біз жұмыспен қамту квотасының орнына арнайы қорға өтемақы төлеуді енгізудің балама тетігін қарастырып жатырмыз", – деді Біржан Нұрымбетов.
Қанат Махамбет