Мүгедектің мұңын кім тыңдайды?

Тумысынан мүгедек жандардың өмірі қалай өтіп жатыр?

Мүгедектің мұңын кім тыңдайды? Фото: today.kz

Ерекше күтімді қажет ететін балалар қандай мектепте білім алады? Жоғары оқу орындарында оқуға қаншасының мүмкіндігі бар? Университеттен кейін еңбекке араласуына қандай кедергі бар? Олардың тұрмыстық қажеттілігі тек мемлекет бөлетін жәрдемақыға тәуелді ме? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде зертеу жүргізіп көрген едік.

Бүгінде республикамызда 144783 бүлдіршін арнайы күтімге мұқтаж екен. Ал оның небәрі 20%-ы жалпы орта білім беретін мектепте оқиды. Көкейіңізде "сонда қалғаны қайда?" деген сұрақ туары анық. Олар арнайы мектеп пен интернатта.

Салыстырмалы түрде алар болсақ, дамыған елдерде олардың 70-80%-ы қарапайым балалармен бірге оқиды. Зерттеуге жүгінсек, бұл сау оқушыға да оң әсер етеді екен. Психолог мамандар мүмкіндігі шектеулі баламен бірге оқыған сау баланың адамгершілік қасиеттері басқа балалардан анағұрлым жоғары болатынын айтады.

Қызықтың көкесі енді басталады. Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі жастардың тек 0,4%-ы жоғары оқу орнында оқып, кәсіби мамандыққа ие болады екен. Ал әлемдік көрсеткішке қарасақ, мұндай жастардың 30-65%-ы жоғары білімді. Яғни еңбек етіп, өз-өзін қамтамасыз етуге қабілетті.

Шетелдік зерттеушілер мүмкіндігі шектеулі баланың оқуына жұмсалған қаражат болашақта 8-12 есе көбейіп қайтатынын айтады. Инклюзивті білім беру жүйесімен білім алған баланың болашақта жұмысқа тұру мүмкіндігі еселеп артары сөзсіз. Осыны ертерек ұғынған батыс елдері "арнайы" оқу орындарын ашуды қолға алып жатқан көрінеді. Осылайша жарымжан жандардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне жағдай жасалмақ.

Қазақстан жастары арасында мүгедектігіне қарамай, биіктен көрініп жүрген Вениамин Алаев есімді азамат бар. Ол "Кеңес" мүгедектерді кешенді оңалту орталығының атқарушы директоры. Бала кезінен мүгедек. Талайлы тағдырына мойымаған азаматтың оқуға деген құштарлығына жарымжандығы кедергі бола алмапты. Бірнеше оқу орнын үздік тәмамдаған маман өмірінің мәнін өз тағдырластарына көмек көрсетуден тапқан. Арнайы күтімді қажет еткендіктен, денсаулығына, жүріп-тұруына байланысты қиындықтар оған мектептен таныс. Сондықтан ол қоғамда лайықты орнын таба алмай келе жатқан мүгедектерді жақсы түсінетінін айтады.

Вениамин Алаев: "Қазақстанда 644 мың шамасында мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Соның 400 мыңы еңбекке жарамдылар қатарында. Бірақ қолымдағы ресми ақпаратта мүгедектердің тек 20%-ы жұмыспен қамтылған", – деген статистикалық мәліметтер келтірген болатын.

Бұл мәліметтерге сүйенсек, елімізде 130 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат қана еңбек нарығында қызмет етеді. Сонда 270 мыңнан аса еңбекке жарамды мүгедек қоғамнан автоматты түрде шеттетілген. Еңбек кодексінде жарымжан жанды жұмысқа алғанда қойылатын арнайы талаптар болғанымен, ешқандай кедергі жоқ. Соған қарамастан жұмыс берушілер ерекше қызметкерлерден қашқақтайды.

Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуын 5% көтере алсақ, орта есеппен 12,6 мыңның өнімін өндірген күннің өзінде бюджетке жыл сайын шамамен 100000 доллар кіріс кіретінін көруге болады. Бұл – мүгедектердің еңбек салығын төлемейтінін қоса есептегендегі кіріс мөлшері. Алайда еріксіз үйқамақта отырған әр жарымжан азамат үшін еңбекке араласу әзірге қиынға соғып тұр. Туындаған түйіткілді шешу үшін "Кеңес" әлеуметтік бейімдеу және еңбекпен оңалту орталығының атқарушы директоры Вениамин Алаев мынадай ұсыныс айтты:

"Бұл біздің қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандармен бірігіп еңбек ету тәжірибесінің жоқтығынан болып отыр. Біз мұндай адамдармен бірлесіп жұмыс істеудің артықшылығын, бірінші, жалпы халыққа, кейін тікелей жұмыс берушіге түсіндіру керекпіз. Мысалы мүмкіндігі шектеулі маманның біліктілігін арттыратын курстарға баруы тегін болса, осындай қызметкерге жұмыс берген басшыға субсидия алуына жеңілдік болса, жағдай бірден түзелер еді".

Сонымен қатар өз қоры арқылы көптеген мұқтаж адамға қол ұшын созған азамат бұл мәселеге мемлекет те бейжай қарамай, көңіл бөлетінін айтады. Сөзіне дәлел ретінде соңғы уақытта мемлекеттік мекемелердің басым бөлігінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына қолайлы инфрақұрылымның қалыптасқанын айтып өтті.

"Бар салмақты билікке салып, тек одан ғана әрекет күтіп отырмауымыз керек. Мемлекетке сіз бен біз болып көмектескенде ғана бұл мәселе тез шешіледі. Әр азамат қолынан келген жәрдемін ұсынса, жағдайымыз жақсаратыны сөзсіз. Тіпті материалдық тұрғыдан болмаса да, ақылға қонымды ұсыныстың өзі үлкен көмек дер едім", – деп түйіндеді ол сөз соңын.

Осы тұста қайырымдылықпен айналысуға мемлекет қандай жағдай жасайтынын білу мақсатында "Sport Concept" қоғамдық қорының президенті Анна Шелепова ханымды сөзге тартқан едік:

"Мемлекеттің қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерге көзқарасы оң. Оларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік қарастырылған. Жеңілдікке ие болу үшін белгілі нормаларға сәйкес келуі керек".

Бұл нормаларды нақтылау үшін Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексіне жүгіндік. Заң бойынша қайырымды жандарға қарастырылған жеңілдіктер мынадай:

ҚР СК 133-бабы 1-тармағы 2-тармақшасына сәйкес салық төлеуші салық салынатын табысты мүгедектер еңбегін төлеуге шыққан шығынды 2 есеге және мүгедектердің жалақысы мен оларға төленетін өзге төлемдерінен есептелген әлеуметтік салық сомасын 50 пайызға азайтуға құқығы бар.

I және II топтағы мүгедектің 45 есе аз жалақы табысына, ал III топтағы мүгедектің республикалық бюджет туралы заңмен (ҚР СК 156-бабы 1-тармағы 13-14-тармақшасымен) тиісті қаржы жылына белгіленген жалақысы жылына 27 есе аз табысына салық салынбайды.

Егер мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, сонымен қатар өндірістік ұйымдары мына шарттарға сай келетін болса, яғни мүгедектер осындай өндірістік ұйымдардың кемінде 51 пайызын құрайтын болса, онда олардың тауар/жұмыс/қызметті іске асыру кезіндегі айналымы (сауда-делдал қызметіндегі тауар/жұмыс/қызметті іске асыру айналымынан және акцизделген тауарды өндіру және қызмет түрін сату айналымынан басқасы) қосымша құн салығынан босатылады; мүгедектің еңбекақысын төлеуге шыққан шығындар жалпы еңбекақы шығынының кемінде 51 пайызын (есту, сөйлеу қабілетін жоғалтқан мүгедек жандар, сонымен қатар жанарынан айрылғандар жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдарда – кемінде 35 пайыз) құрайды (ҚР СК 248-бабы 13- тармақшасы).

Тірек қозғалыс аппараты зақымдалған, есту, сөйлеу, көру қабілетін жоғалтқан мүгедектер жұмыс істейтін мамандандырылған ұйым 4,5 пайыз әлеуметтік салық төлейді, ал өзге ұйымдар 11 пайыз әлеуметтік салық төлейді (ҚР СК 358-бабы, 3-тармағы).

Яғни Салық кодексі бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар ғана емес, сол қолы қысқа жандарды жұмыспен қамтушы немесе қайырымдылықпен айналысушының да салықтан босатылу мүмкіндігі зор. Сондықтан жоғарыда "Кеңес" орталығының басшысы Вениамин Алаев мырза айтқан, көмекке зәру қандастарымызды қоғам болып қамқорлыққа алып, жұмыс берушілерге қажетті деңгейде түсіндіру жұмысын жүргізу маңызды. Өйткені еңбекке жарамды қаншама жастың екі қолына бір күрек табылмай, мемлекет жәрдемақысына күнелтіп отырғаны қоғамды толғандыруы керек.

Бүгінде мемлекет қамқорлығындағы 270 мыңға жуық еңбек күші тиісінше жұмыспен қамтылса ішкі еңбек нарығына жаңа серпін беретін еді. Бәсеке артқан жағдайда ғана өсім болатыны баяғыдан белгілі. Мүмкіндігі шектеулі әр бала ертең еңбек етуі үшін бүгін еш кедергісіз тиісті білімін ала алғанда ғана өркениетті қоғам өкіліміз деп толықтай айта аламыз. Дамыған елдердің қатарына енеміз десек, бесігімізді түзегеніміз абзал!

Серікбол Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу