Мұнай бағасы өссе де, теңге бағамы төмендеді

Мұндай өзгерістерге не себеп? 14 ақпан сағат 11:00-де Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың орташа сараланған бағамы 431,41 теңгеге жетті, деп жазды inbusiness.kz.

Мұнай бағасы өссе де, теңге бағамы төмендеді

Өткен апта ғана 1 доллар 424-428 теңгеге бағаланып, айтарлықтай нығайған еді. Алайда төл ақшамыз демалыстан кейін бірден 2,82 теңгеге әлсіреді. 

kurs.kz деректеріне сүйенсек, елорданың ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасын сатудың максималды бағамы сағат 12:00-де 434,5 теңге, Алматыда 434,5 теңгені құрады.

Ұлттық банктің 14 ақпандағы ресми әрі нарықтық бағамы 1 долларға 429,1 теңгеге тұрақтады. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мұнай нарығындағы оң динамикаға қарамастан, теңгенің әлсіреуіне тағы бірнеше фактор әсер ететінін түсіндірген еді. 

"Мұнай нарығындағы оң серпін теңгеге негізгі қолдау көрсетті. Алайда мұнай бағасының өсуіне қарамастан, қаңтарда теңге бағамы 433,52-ге дейін 0,4%-ға әлсіреді. Бұл АҚШ долларының жаһандық нығаюын, негізгі сауда серіктестері валюталарының әлсіреуін және бейрезиденттердің Қазақстан борыштық нарығынан әкетілуінің жалғасуын көрсетеді", – деді бас банк төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол теңгенің әлсіреуіне Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресей рублінің теріс динамикасы ықпал еткенін жеткізді. 

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше мұнай енді теңге бағамы үшін шешуші фактор емес. Спикер қазір Brent маркалы мұнайдың баррелі 95,52 доллардан сатылып жатқанымен, теңге қайта әлсірегенін тілге тиек етті. 

"Бұған Ресейдің Украинаға ықтимал басып кіруі жағдайында көрші ел валютасының 1 долларға шаққанда 3% дерлік немесе 77 рубльге дейін әлсірегені ықпал еткен сияқты. Айтпақшы, доллардың өзі біршама қымбаттады – оның индексі 96 тармақты еңсерді", – деп атап өтті сарапшы. 

Айта кететіні, еліміздің негізгі сауда серіктесі Ресей рублінің динамикасы бір ай ішінде геосаяси тәуекелдердің өсуі аясында теріс болды. 

Украинамен жағдайдың шиеленісуіне және санкциялар қаупіне байланысты рубль бір айда 2,85%-ға әлсіреді. 

Сонымен қатар Ұлттық банк 14 ақпан дамушы елдер валюталары арасында рубль мен рупий әлсірегенін хабарлады. 

"Дамушы нарықтардағы валюталардың серпіні көбінесе тәуекел-сентиментінің жақсаруынан және Украина айналасындағы шиеленістің жеңілдеуінен оң болды. Бірақ аптаның соңына қарай АҚШ Еңбек статистикасы федералды бюросы деректерінің шығуы мен жұма күні Украина төңірегіндегі геосаяси жағдайдың ушығуы аясында жағдай өзгерді", – деген ақпарат таратты ҰБ баспасөз қызметі. 

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні әр түрлі қалыптасты. Оның ішінде Оңтүстік Африка ранды, Бразилия реалы, Мексика песосы, түрік лирасы, Индонезия рупиясы нығайған. 

Ал үнді рупиясы мен Ресей рублі айтарлықтай әлсіреді.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары 2022 жылдың қаңтар айының басына қарай ұлттық валюта 1 долларға 438,1 теңгеге дейін әлсірейді, ал бір жылдың ішінде бағам 446 теңгеге дейін құбылады деген болжам жасаған. 

Ал тәуелсіз сарапшылар жыл басында теңгенің нығаюын салықтық кезеңмен байланыстырса, ірі компаниялардың бюджетке төлемдері аяқталғаннан кейін ұлттық валюта әлсіреуі ықтимал екенін жеткізген.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу