Мұнай нарығын не күтіп тұр?

4016

Қазақстан – мұнай нарығының көшбасшысы болуға ұмтылып келе жатқан ел. ОПЕК+ мұнай экспорттаушы елдер ұйымы біздің мемлекеттің әлемдік мұнай нарығындағы әлеуеті мен мүмкіндігін осылай сипаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұнай нарығын не күтіп тұр?

ОПЕК+ болжамынша, 2022 жылдың I тоқсанында мұнайға әлемдік сұраныс айтарлықтай артады. Бұл ретте Қазақстан мұнай экспорттаушы елдердің арасындағы көшбасшылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. 

ОПЕК+ ұйымының болжауынша, биылғы жылдың I тоқсанында мұнайға деген сұраныс күніне орта есеппен 99,13 млн баррельді құрауға тиіс. Ұйымға кірмейтін мемлекеттерден мұнай жеткізу көлемі ұлғайып, тәулігіне 3 млн баррельге жетеді.  

"АҚШ, Ресей, Қазақстан мұнай өндірудің алдыңғы қатарына шығады. Қытай, Норвегия, Гайана мемлекеттері мұнай өндіру көлемін арттыруға күш жұмсайды. Ал Ұлыбритания, Колумбия, Индонезия керісінше, мұнай өндіру көлемін қысқартады. 2021 жылдың IV тоқсанында ұлғаюға тиіс болған мұнайға деген сұраныс 2022 жылдың I тоқсанына ауысты. Жыл бойы мұнай өндірудің тиісті көлемі қалпына келіп, өндіріс көлемі жақсарады", – деп жазылды ОПЕК+ ұйымының есебінде.

Айта кетейік, осыған ұқсас болжам өткен жылы да жасалды. Дегенмен мұнай-газ саласында теріс нәтиже тіркелді. Пандемия әлем бойынша мұнай тұтыну көрсеткішін күрт төмендетті. ОПЕК+ теңгерімсіздікті жою үшін нақты шаралар кешенін қабылдады. Іс барысында әлем бойынша мұнай өндірісін шектеуге қатысты келісім рәсімделді. 

2021 жылдан бастап мұнайға деген бұрынғы қажеттілік қайта туып, "қара алтынның" бағасы өсті. Бұл – әлем экономикасы көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етті. Осыған байланысты мұнай нарығының ойыншылары оптимистік сценарий құра бастады. Ал сарапшылар әлем экономикасының қалыпқа дәл осылай келуі жақсылықтың нышаны емес деп дабыл қақты. 

Мұнай бағасы консервативті тәсілмен бекітілді 

Былтыр Қазақстанның ОПЕК алдындағы міндеттемесі біртіндеп ұлғайып отырды. Нәтижесінде Ұлттық қорға табыс түсіп, бюджетке кіріс кірді. 

Бұған дейін Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдегендей, 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,2 млн тоннаға жетеді. Бұл үшін Теңіз кен орны кеңейтіліп, Қарашығанақ пен Қашағандағы өндіріс қарқыны күшейтіледі. Каспий теңізіндегі Хазар, Қаламқас кен орындарын игеруге ерекше назар аударылады. 

Сарапшылардың болжамынша, биыл мұнай нарығы дефициттен профицитке ауысады. Мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 4 млн баррельге жеткен жағдайда да ұсыныс тұтынудан басым болады. Бұл жағдай мұнай бағасын тұрақтандырады я болмаса төмендетеді. 

Естеріңізге салайық, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы бір баррель үшін 35 доллар деп есептелген. Мұнай бағасы көрсетілген бағадан түсіп кетпесе, тек ара-тұра құбылса, экономикамызға қауіп төнбейді. 

Біле жүріңіз, биыл мұнай өндіру көлемін – 89,6 млн, келесі жылы – 100,8 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. 

Айтпақшы 3 жылдық республикалық бюджетте мұнай баррелінің бағасы қалай бекітілді деген сауалға Ұлттық экономиканың экс-министрі Руслан Дәленовтің: "Мұнай бағасы консервативті тәсілді ескере отырып анықталды", – деп жауап бергені есте қалды.

Жалпы бүгінгі таңда қоғамға мұнай бағасының қандай тәсілмен бекітілгені емес, құны қанша болатыны маңызды. 

Мұнай бағасына болжам жасау абыройлы іс емес 

Экономист Бекнұр Қисықов осылай дейді. Оның сөзінше, әлемдік мұнай бағасын тап басып айту қиын. 

"Мұнай бағасына болжам ғана жасауға болады. Оның өзін белгілі бір сценарий арқылы өрбіткен дұрыс. Жалпы мұнай бағасына болжам жасау абыройлы іс емес. Мұнай бағасына көптеген сыртқы факторлар әсер етеді. Бұл жерде ОПЕК+ ұйымының саясаты, жаһандық экономикадағы жағдай ерекше маңызға ие. Сонымен қатар АҚШ-тың тақтатастан мұнай өндіруге деген талпынысы мен әлем елдерінің баламалы қуат көзіне басымдық беріп жатқанын естен шығармау қажет. Иран мен Ресейге салынып жатқан санкциялар әлемдік мұнай бағасының құбылуына түрткі болуы мүмкін екенін де біліп жүрген жөн", – деді Бекнұр Қисықов.

Сарапшының сөзінше, әзірше әлем мұнайдан бас тартпайды. Сәйкесінше мұнайға сұраныс болады.

"Сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Биыл мұнай бағасы жоғары деңгейде болады. Дегенмен оның құны жыл барысында өзгеріп, яғни қымбаттап, арзандап отырады", – деді экономист. 

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу