"Мутант" жемістер қазақ дастарханын жаулап алмай ма?

1909

Құзырлы орган Қазақстандағы өсімдіктердің гендік қорына қауіп төнгенін, "ғылыми алмасу" деген сылтаумен аса құнды өсімдіктер шетелге бақылаусыз әкетіліп жатқанын айтып дабыл қақты, деп жазады Inbusiness.kz. 

"Мутант" жемістер қазақ дастарханын жаулап алмай ма?

Қазақстанда сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі төнген өсімдіктердің 387 түрі бар. Бірақ сарапшылардың мәліметінше, бұл толық тізім емес. Келесі ревизия кезінде олардың саны күрт артады деп болжануда.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ұлы даламызда өсімдіктер түрлерінің әралуандылығы азайып бара жатқанын, өсімдіктер деградациясы жүріп жатқанын растады.

"Бұл проблеманың себептері – "ғылыми алмасу" сылтауымен өсімдіктердің бақылаусыз экспортталуы мен импортталуы болып отыр. Сондай-ақ елге бақылаусыз әкелінуі Қазақстан территориясына аса қауіпті паразиттердің еніп кетуі қаупін туғызады. Ал сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі төнген өсімдіктердің әкетілуі еліміздегі өсімдіктердің гендік қорының тұтастығы мен бірегейлігіне елеулі зиян келтіреді", – деп түсініктеме берді ведомство.

Ведомствоның мәліметінше, тірі өсімдіктерді әкелу, әкету, экспорттау, импорттау мәселесі заңнамада жете реттелмеген.

Ал мерекенің әрін келтіру үшін сыйланатын кесілген гүлдер ғана тауар ретінде реттелетіні белгілі.

Мамандардың айтуынша, бүгінде республикада өсімдіктердің аз ғана бөлігі тікелей мемлекеттік бақылауда. Өйткені олар орман қоры аумағында өседі.

Кейде ғалымдар мен аграршылар АҚШ, Ресей, Канада, Еуропа мен Азия елдеріндегі әлдебір жаңа тұқым көбірек өнім береді екен деп, елге өз бетінше әкеліп жатады.

Ауылшаруашылығы маманы, аграршы және зерттеуші Ерлан Бекболатов өсімдіктердің сорттары әр елде ұзақ әрі күрделі селекциялық жұмыс нәтижесінде алынатынын айтады.

"Бұл процесс адамның толық бақылауына көнбейді. Жергілікті климаттық жағдайлар, топырақ, микроорганизмдер және басқа факторлар әсер етеді. Солай алынған белгісіз өсімдікті Қазақстанға әкеліп жерсіндіру зиянды болып шығуы мүмкін. Әрине, табиғаттың өзінде гибридизация жүрсе ол жаман емес, қайта пайдалы. Мысалы, қазіргі бидайымыз байырғы заманда жабайы шөптің үш түрінің гибриді нәтижесінде пайда болған. Табиғидан айырмашылығы, лабораториялық гибридтердің өзге жерде өздерін қалай ұстайтынын болжау қиын. Егер желмен ұшып тарап, шектен тыс жайылып, бой бермей кетсе, жергілікті өсімдіктер мен дақылдарды тып-типыл етіп жоюы мүмкін. Қазақстанда бұл сала шынымен бақылаусыз кеткені дұрыс емес", – дейді Е. Бекболатов.

Гибридтер шабуылынан қалай қорғанамыз?

Шетелдік зертханалық гибридтердің геніне нысаналы түрде нақты сипаттамалар енгізіледі. Бұл өзгерістер оның кез келген климатқа және ықпалға төзімді болуына, жемісі салмағының ұлғаюына бағытталады. Бірақ ондай гибридтердің жемісінің дәмі әдетте табиғи емес, "пластик" татыған болып келеді. Ұзақ сақталып, мейлінше алыс аумақтарға тасымалдануы үшін өндірушілер жеміс құрамындағы пайдалы табиғи заттардың барынша аз болуына қол жеткізеді. Олардан шырыны, сөлі ағып тұрмайды. Өзге өсімдіктерді құртып жіберетін қауіпті арамшөптер де зертханаларда түзілгені жасырын емес.

Ертең байтақ даламызды гибридтер, мутанттар және трансгенді өсімдіктер жаппай жаулап алып, олардың өнімі қазақ дастарханын толтырып тастамай ма?

"Тіпті ғылыми мақсатта болса да, заңнамада реттелмеген тірі өсімдіктерді елге әкелу сайып келгенде, жасанды сорттарды дәстүрлі егіншілікке бақылаусыз енгізуге соқтыруы ықтимал. Бұл елдегі дәстүрлі өсірілетін сорттардың азайып кетуіне ықпал етеді. Елде генетикалық ресурстарды пайдалану шашыраңқы және үйлестірілмеген сипатта, беталды жүруде. Генетикалық ресурстар коллекцияларын сақтау және тасымалдау бойынша бірыңғай стандарттардың болмауы салдарынан қолда бар үлгілердің 70%-дан астамы реттелмейтін температура мен ылғалдылық жағдайларында сақталады. Ол жинақтардың таксондары толық ұсынылмаған. Оның орнына кейбір танымал жергілікті, байырғы, дәстүрлі сорттардан айрылып қалдық, олар жоғалып кетті", – деп мәлім етті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

"Мұның бәрі ботаникалық бақтарға, дендропарктерге қандай қатысы бар?" деген сауал туады. Тікелей қатысты екен. Комитеттің түсіндіруінше, Қазақстанда флора мен фаунаның табиғи түрлерінен алынған генетикалық материалдардың негізгі қозғалысы дәл осы ғылыми ботаникалық бақтардың алмасуы кезінде жүретін көрінеді.

Атап айтқанда, қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ботаникалық бақтардың халықаралық кеңесі аясында ұлттық ботаникалық бақтар өз коллекцияларын толықтыру үшін дүниежүзіндегі 48 елдің 108 ботаникалық бақтарымен отырғызу материалдарымен, тұқымдармен алмасып жатқаны белгілі болды.

"Мемлекеттік реттеуді шұғыл енгізу талап етіледі"

Әрине, Қазақстанда тірі өсімдіктердің экспорты мен импорты мәселелеріне азды-көпті қатысы бар заңнамалық актілер жетерлік. Алайда ведомствоның мәліметінше, "осы мәселелерді реттеу бойынша тікелей әрекет ететін нақты нормалар жоқ". Оның үстіне заңнамада осы салада қызметті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын біліктілік талаптары да қарастырылмаған болып шықты. Ведомство бұл олқылықты жоюға ниетті.

"Қазақстанда өсімдіктерді рұқсатсыз жоюдан және елден әкетуден еш қорғаныс жоқ. Бұл осы ресурстарды бақылаусыз қолдануға және еліміздің ол ресурсты пайдалануға деген егемендік құқықтарын жоғалтуына соқтырады. Қалыптасқан теріс экологиялық жағдайды ескере отырып, мемлекеттік реттеуді шұғыл енгізу талап етіледі", – деген байламға келді Экология министрлігі.

Меморган дерегінше, Қазақстанда негізгі 5 ботаникалық бақ бар. Бұлар – бас ботаникалық бақ, Алтай, Іле, Жезқазған, Маңғышлақ бақтары. Жалпы ауданы – 424 гектар. Олар әртүрлі табиғи аймақтарға негізделген және жеке маманданушылыққа ие.

Саланы тәртіпке келтіру үшін әзірге негізгі екі балама қарастырылуда. Оның бірі Нагоя хаттамасы бойынша Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелерге сәйкес, өсімдіктердің ботаникалық коллекцияларын және олардың бөлшектерін, сондай-ақ өсімдіктердің генетикалық ресурстарын Қазақстаннан әкетуге және елге әкелуге толық тыйым салуға бағытталған.

Ал екіншісі нұсқа ғылыми алмасу, ботаникалық, дендрологиялық коллекция жасау мақсатында тірі өсімдіктерді Қазақстанға әкелуді немесе елден әкетуді тоқтатпайды. Тек онымен айналысатындар қызметінің басталуы мен аяқталуын бақылауда ұстайды.

Экология ведомствосы мамандар ұсынған қос баламаның осы екіншісін қолай көріп отыр. Себебі толық тыйым салынғанымен әкету тоқтамауы мүмкін. Тыйым салу қайта "сыбайлас жемқорлықты, браконьерлікті күшейтіп жібереді" деп қауіп қылады. Оның үстіне ғылыми алмасу доғарылса, елдегі ботаникалық бақтар күйзеліске ұшырауы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу