"Мұз еріді": Әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жаза күшейді

756

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам асыға күткен маңызды құжаттарға қол қойды.

"Мұз еріді": Әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жаза күшейді Фото: Canva.com

Бұл қолданыстағы заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң деп аталады.

Жалпақ тілмен айтқанда, енді тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарға жаза күшейе түспек. Жаңа заңдағы ең маңызды аспектілер қандай? Заңдардың қабылдануынан қандай нәтиже күтіледі? Әйелдер мен балаларға қарсы бағытталған қылмыс саны азаюы мүмкін бе? ⁠Жаңа құжат қоғам санасына қандай өзгеріс әкеледі? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі сарапшылар пікірін білді.

Халықаралық құқық магистрі, гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызынан Мемлекет басшысының бұл заңға қол қойғаны несімен маңызды екенін анықтап білдік. 

"Президенттің қол қоюы енді елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаның қатаңдағанын білдіреді. Ұрып-соғуды соңғы 7 жылда нормаға айналдырған ел үшін бұл заңның қабылдануы аса маңызды. Қол көтеру мен ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру адамның өмірі мен денсаулығына қарсы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылық болып танылды. Бұған дейін бұл әрекеттер тек әкімшілік құқық бұзушылық болатын", - деді ол.

Сарапшы заңдағы ең маңызды аспектілерге тоқталды.

"Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін айыппұлдың 15 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғаюы, 15 күндік әкімшілік қамаққа алудың 200 күндік қамаққа алумен алмастырылуы. Балаларға қарсы жасалатын зорлық, педофилия, қасақана өлтіру әрекеттері үшін өмірбақи бас бостандығынан айыру болады", - деп атап өтті спикер.

Заң забылданғаннан кейін әйелдер мен балаларға қарсы бағытталған қылмыс саны азаюы мүмкін бе деген заңды сұрақ туындайды.

"Мәселелер бірден шешілмесе де, мұз еріді деуге болады. Соңғы 7 жылда 3 есе артып кеткен тұрмыстағы зорлықшылардың саны төмендейді, халықтың зорлық-зомбылықтың қандай түріне болмасын төзбеушілік мәдениеті артады деп сенемін. Ұрып-соғу, тіл тигізу мен қатаң жазалау ешқашан ұлттық тәрбие құралдары болмаған. Тұрмыстағы зорлыққа қатаң жазадан қорқатындар – өздері зорлықшылар. Баласын ұрғаны үшін баласының тартып алынуынан қорқатындар – өздері баласын ұратындар. Қылмыс санының азаюына тек бір бап емес, толық қоғам болып атсалысуымыз тиіс. Көршіңізді ұрып жатса, үнсіз қалмаңыз. Баласын ұрып жатқан ата-ананы көрсеңіз, әрекетсіз өтпеңіз. Біз сонда ғана бұл дерттен арыла аламыз", - деді халықаралық құқық магистрі, гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызы.

Қоғамдық саясат институты әлеуметтанулық зерттеулер бөлімі басшысы Алмагүл Мусинаның айтуынша, жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі үшін жазаны криминализациялау, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

"Заң 2017 жылы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін жойылған қылмыстық жауапкершілікті қалпына келтіруді көздеп отыр. Енді әйелдер мен балалардың денсаулығына бірнеше мәрте ұрып-соғу және зиян келтіру кезінде татуласу қарастырылмайды. Жаңа заң қазақстандық қоғамда белең алып, қасіретке айналып кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін сауықтыруды мақсат етіп отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдерді ұрып-соғу, балалардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіру сынды қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қоғамда жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырады деген сенім бар. Өйткені тек дәстүрге негізделіп өмір сүруге болмайды, дәстүрдің дұрыс да, бұрысы да бар. Сондықтан болашағын ойлайтын қоғам ретінде уақытылы бұл мәселелер ескерілгені абзал, біз прогрессивті құндылықтарға ұмтылуымыз керек", - деп түсіндірді ол.

Сөзінше, жаңа құндылықтар жүйесі дегеніміз гендер арасындағы теңдіктің болуы, әйелдердің құқықтарын құрметтеу.

"Жалпы қазақстандық және басқа да халықаралық зерттеулер көрсетіп отырғандай, зорлық-зомбылықтың тамыры адамның о бастан бойында бар психологиялық травмасынан бастау алады. Сондықтан осы тұста отбасы институтының рөлін нығайту өте маңызды, себебі отбасы – әлеуметтену процесінің негізгі діңгегі. Яғни жасөспірімнің ертеңіне мемлекет және қоғаммен қатар, ата-ана да жауапты", - деді сарапшы. 

Әлеуметтанушыдан жаңа заң қоғам санасына қандай өзгеріс әкелуі мүмкін екенін сұрадық.

"Меніңше, бұл құжат бүкіл қоғамды ойлануға алып келеді. Оның құқықтық санасын оятып, барлық әлеуметтік топтың осалдық танытпай, жауапкершілігін артырады. Зорлық-зомбылықтың қандай да бір түріне мүлдем төзбеушілік принципін қалыптастырады. Сонымен қатар қоғамды архаикалық дүниелерден арылтып, прогрессивті ойлау әдетін қалыптастыра түседі", - деді Алмагүл Мусина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу