Нан бағасы шарықтап барады

4535

Павлодарда бір бөлке нанның бағасы 200 теңгеден асып кетті.

Нан бағасы шарықтап барады

Облыс орталығындағы дүкендерде коммерциялық нанның бір бөлкесі 180-200 теңге тұрады. Ал кейбір ауылдардағы сөрелерде "ас атасының" бағасы 230 теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Соңғы күндері өңірдегі наубайханалар пісіретін нан күрт қымбаттады. Айталық, бұған дейін бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бір бөлкенің бағасы 120 теңге болса, енді 180 теңге тұрады. Жоғары сұрыпты нан бағасы 130 теңгеден 200 теңгеге дейін көтерілді. Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мұны шикізаттар бағасының өсуімен байланыстырып отыр.

"1 сәуірден бастап қант 30%-ға, өсімдік майы 40%-ға, жұмыртқа 10%-ға қымбаттады. Сол себепті нан бағасы да артты", – деп түсіндірді бөлім басшылығы.

Бұл ретте басты мәселе ұн бағасында болып отыр. Ресей тамыз айына дейін бидайды экспорттауға шектеу қойған соң, павлодарлық диірменшілер тығырыққа тірелді. Себебі бұған дейін олар астықты көршілес мемлекеттен төмен бағаға алып келген еді. Ал бәсекелестің жолдың ысырылғанын әрі сұраныстың бірден артқанын ескерген кей шаруалар былтырғы бидайдың бағасын әп-сәтте көтеріп жіберді. Мәселен, бұған дейін бір тоннасы 110-115 мың теңге аралығында болса, қазіргі баға 160 мың теңгеге дейін тұрады. Бұл өз кезегінде ұнның қымбаттауына әсер етті.

"Нарықта бидай тапшы әрі қымбат. Соңғы партиясының бір тоннасын 153 мың теңгеге алдым. Сондықтан одан дайындалған ұнның бағасын өсіруге мәжбүрмін. Бұған дейін бір келі ұнды 140 теңгеден сатсақ, ендігі баға кемінде 220 теңге болады", – дейді "Жандос KZ" ЖШС басшысы Жанар Серімова.

Жергілікті билік болса, алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартады. Себебі былтыр күзде жасалған меморандумға сәйкес, аймақта бірінші сұрыпты бидай, одан дайындалатын ұн мен нан жеткілікті. Бағасы да тұрақты қалпында қалады.

"Сол келісімшарт бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер диірмендерге бидайдың бір тоннасын 85 мың теңгеден жеткізеді. Ұн тарту орындары одан дайындалған бірінші сұрыпты ұнның келісін наубайханаларға 119 теңгеден береді. Өз кезегінде наубайханалар 550 граммдық нан пісіріп, оны әлеуметтік дүкендерге 93 теңгеден босатады. Сонда сауда сөрелеріндегі баға 95 теңгеден аспайды", – деп тізбекті түсіндіріп берген еді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев.

Ал осы аптаның соңында аталмыш ведомство тағы бір меморандум жасады. Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы өңірге ай сайын 4,5 мың тонна астық беру туралы келісімге келген еді.

"Соның негізінде ауыл шаруашылығы басқармасы мен ұн тарту орындары меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, сәуір-қыркүйек айлары аралығында диірмендер наубайханаларға бірінші сұрыпты ұнның келісін 130 теңгеден беруі тиіс. Сол арқылы 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік нанның бағасы 95 теңге көлемінде сақталады", – делінген хабарламада.

Алайда әлеуметтік нанмен қамтуға қатысты бастаманың өзінде бірнеше шикілік бар. Біріншіден, өнімнің бұл түрі жалпы сұраныстың 20%-ға жетер-жетпес бөлігін ғана өтейді. Атап айтқанда, облыс орталығындағы наубайханалар тәулігіне 50 мың бөлкеден астам нан пісірсе, соның 9 мыңы ғана – әлеуметтік нан. Екіншіден, ол шалғайдағы ауылдар түгілі қала іргесіндегі елді мекендерде сатылмайды. Мәселен, Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылындағы дүкен иелері тұрақтандыру қоры арқылы арзан нан ала алмай отыр. Соның салдарынан осы және басқа да ауылдарда нан бағасы 95 теңгеден емес, кемінде 160 теңгеден басталып, 230 теңгеге дейін жетеді. Үшіншіден, әлеуметтік нанның салмағы белгіленген нормадан тым төмен. Оған облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та ауылдарды аралау барысында көз жеткізген еді. Бөлкелерді таразыға қойған кезде олардың салмағы 550 граммға жеткен жоқ. Сондықтан нан бағасы туралы сөз қозғала қалған кезде жергілікті билік "уәж" ретінде айтатын әлеуметтік нанның сапасына, көлеміне, салмағына қатысты да сын бар.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу