Қазақстан халқымен бірге бұл мерекені бүкіл әлемде ондаған мемлекет тойлайды. Қытай мен Үндістан халқы да бұл күнді атаусыз қалдырмайды. Қазақ халқының Наурыз мерекесін қалай атап өтетіні, бір-біріне бұл күні қалай ілтипат білдіріп, қонаққа шақыратыны, ел болып ерекше өткізетіні белгілі. Іnbusiness.kz тілшісі осы ретте түркі тілдес елдер Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлайтынын анықтап көрді.
Аздаған шегініс...
Большевиктер ел билігіне келгеннен кейін Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурыз мерекесін тойлауға қатаң тыйым салынған болатын. Мұның артында басқыншы елдің қазақты түп-тамырынан, тарихы мен жадынан айыру пиғылы тұрған-тын. Тек 1988 жылы ақын Мұхтар Шаханов коммунистік партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған.
"Геннадий Васильевич (Колбин) желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар сізге басқа көзқараспен қарайтын болады" делінген хат мәтінінде.
Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде берген дейді. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастаған. 35 жылдан бері қазақ халқы осы мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Қырғызстан: Наурызда қар жауса – жақсылықтың нышаны
Ендігі кезекте түркі тілдес елдер Наурыз мерекесін қалай тойлайтынына үңілейік. Көршілес айыр қалпақты ағайындар бұл мейрамды айрықша тойлайды. Мейрам кезінде май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сүмөлөк және көже дайындалады. Халық арасындағы сенімге байланысты "су" және "мелек" (періште) сөздерінен құралған.
Бұл тағам жәннәт тағамы, қасиетті екендігі айтылады. Қарызынан құтылып, адамдар бір-бірімен татуласады. Кейбір жергілікті сенім бойынша мейрам күні нәресте дүниеге келсе, есімін "Нооруз" деп қояды. Қырғыздар наурыз мерекесі қарсаңында қар жауса – мұны жақсылықтың нышанына балайды.
Әзербайжан: Ұлттық тағам – шекербура дайындалады
Әзербайжандар Наурыз мейрамын қазақтар секілді күн мен түннің теңескен күні ретінде атап өтеді. Ел тұрғындары бұл мейрамды қатты ұнатады. Мереке күні ас дайындайды, адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша "тонгал" деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған.
Басты тағам шекербура дайындалады. Ол - ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Ал, өсіп тұрған жасыл бидай сабақтары "Күн символын" білдіреді. Бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боялады. Әзербайжан халқында да наурызда жаңбыр жауса, "келер жыл берекетті" болады деген сенім бар.
Өзбекстан: Қазан толды
Наурыз мейрамын Өзбекстан да айрықша атап өтуді дәстүрге айналдырған. Сенім бойынша өзбектер "наурызды қалай күтіп алсаң, жыл толығымен солай өтеді" деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынады.
Өзбек елінде Наурыз мерекесі 21 наурызда тойланады. Дәстүрлі түрде жәрмеңкелер, жалпы халықтық шерулер, ит және әтеш шайқасы, ат шабысы ұйымдастырылады. Ұлттық киімдерімен ән айтып, би билейді. Көпшілігі қазіргі күнге дейін ежелгі дәстүрлерін сақтап келеді. Негізгі тағамдары - сумаляк (бидай ұнынан жасалған тағам) самса, хош иісті палау, халим (бидай етпен) мен жасыл желек қосып дайындалған нишалда тәтті бәліші әзірленеді. Әзербайжандар секілді сумаляк дайындайды. Ол өмірді, денсаулықты, молшылық пен жылықты білдіреді.
Сонымен қатар, Өзбекстанда аналар қыздары мен келіндерін жанына алып түрлі жеміс пен көкөніс тағамдарын жасап, дастархан жаяды. Қазанды толтырып тамақ пісіреді. Бұны "қазан толды" дейді, онысы “ризығымыз толы болсын” деген ниетке саяды.
Тәжікстан: "С" әрпінен басталатын 7 түрлі тағам әзірленеді
Тәжіктер "Навруз" деп атайтын мереке күндері бір-бірімен ерекше түрде сәлемдеседі: "Наврузотан пируз бод" (Наурыз мейрамы құтты болсын) деп бір-біріне ерекше ілтипат білдіреді.
Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Дәстүрлі түрде палауды ерлер дайындайды. Тәжіктерде Наурыздың басты символы – от. Яғни, жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көріністер қойып, көрсетілімдер орын алады.
Дастарханда "с" әрпінен басталатын ең аз 7 түрлі тағам дайындалады. Олар: суманак пен сипанд, сирке мен сэмени, сабзи және т.б. Бұл тағамдардан басқа үстелде айна, балауыз және боялған жұмыртқалар болады. Осы барлық аталғандардың символикалық мән-мағынасы бар: балауыз – адамды жаман рухтан сақтаушы жарық пен от, ал жұмыртқа мен айна – ескі жылдың аяқталуын білдіріп, жаңа жылдың алғашқы күнінің басталғанын сипаттайды.
Үстелдің сәні ретінде самбуси (самса), сабси (көкөніс) және өсіп тұрған жас бидайдың сабағы қойылады.
Түрікменстан: Наурызда күн бұлтты болса, маусымға дейін ашылмайды
Түрікмендерде көктем мейрамы Наурызға байланысты қазіргі таңда халыққа танымал кейбір ырымдар бар. Мәселен, "Егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа-райы маусым айына дейін созылады" деп күткен немесе "Наурызда қар немесе жаңбыр жауса – жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады" деп сенген. Наурыз мерекесінде алғашқы жаңа маусым басталады. Яғни сол мерзімде, шопандар қасқырларға шабуыл жасайтын алабайлар шайқасын ұйымдастырады.
Сонымен қатар, тағы бір жаңашылдық үрдістің пайда болып келеді. Түрікменстан "Наурыз Байрамы" кезінде әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінің танылуы мақсатында Әйелдер күнін, Аналар күнін атап өтіп келеді. Әдетте, мейрамда ұлттық киім киген ерлер ас әзірлейді.
Түркия: Балалар "байрақ" жазуы бар батпырауық ұшырады
Наурыз Түркияда "Султан-ы Невруз", "Невруз Султан" сияқты аттармен танылған. Дәстүр бойынша мерекенің лғашқы күні не көрсе немесе байқаса, адам жыл бойы сонымен бірге болады деп жорамалдаған. Бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты. Сол себепті, мейрамда Түркияда алдын-ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасауға тырысады. Түркияның Наурыз мейрамынының негізгі атрибуты – қасиетті от болып саналады. Ол – қазіргі таңда бірте-бірте отшашулармен (фейерверк) алмастырылып келеді.
Сонымен қатар, фольклорлық аспаптар тобы да өз өнерлерін көрсетеді. Мейрам қарсаңында көптеген тағамдар жасалады. Олар – жапырақшамен дайындалған бөрек, юфка, леблеби, локум және тәттілердің сан алуан түрі...
Түркияда 23-наурыз Наурыз мерекесінің алғашқы күні ретінде аталып өтеді. Ол күні таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барып дұға жасайды және шәй, кофе ішеді. Содан кейін, бәрі бір дастархан басына жиылып ас ішеді. Сол мезетте аспаптар ойнатытылып, жыр-ән, өлеңдер айтылады. Ағашқа әткеншектер құрады. Балалар "байрақ" жазуы бар батпырауықтарды ұшырады.