Наурызда біраз адам байып қалғалы тұр

416

Алайда бұл игілік Моңғолия тұрғындарына қатысты.

Наурызда біраз адам байып қалғалы тұр Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Әз-Наурызда иісі моңғол баласының қанжығасы майланады. Елдегі кен өндіруші алпауыттардан түскен триллиондар азаматтардың еншісіне тиетін болады.

Тау-кен өндіру саласын ауқымды қайта ұйымдастыру аясында Моңғолия Үкіметі стратегиялық кен орындарындағы мемлекеттік үлесті иелену мен басқару тәртібін, сондай-ақ пайданы есептеу және бөлу тетігін реттейтін қаулыны бекітті. Бұл туралы "Burunen" басылымы хабарлады.

Елдің Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрлігі де Моңғолияның тау-кен және минералдық-шикізат секторында жұмыс істейтін компаниялармен алдын ала келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.

"Монцамэ" агенттігінің нақтылауынша, тараптар ел Конституциясының 6.2-тармағын жүзеге асыруға дайын екенін растап, келісімге қол жеткізді.

"Пайдалы қазбалар ресурстарының басым бөлігі халыққа тиесілі және ҰӘҚ арқылы қазіргі азаматтар мен болашақ ұрпақ арасында тең әрі әділ бөлінуге тиіс", – деп көрсетілген Моңғолия заңында.

Заңмен бекітілген халық мүддесін төрге оздыру үшін Үкіметтің инвесторлармен және мемкомпаниялармен келіссөздері 2025 жылғы тамызда басталды. Жұмыс тобы Эрдэнэт кен орнында әрекет ететін компаниялармен, сондай-ақ көмір өндірудің стратегиялық учаскелерінің лицензия иелерімен диалог жүргізді. Нәтижесі елге сүйкімді-ақ, олардың барлық табыстарының 60%-ы ортақ қазанда – ҰӘҚ-та шоғырландырылып, сол жерден халыққа үлестіріледі.

2024 жылдан бастап Моңғолия азаматтары табиғи ресурстарды игеруден түсетін табысты тікелей ала бастады. Қаражат Ұлттық әл-ауқат қорынан әр тұрғынның өзіне ғана тиесілі "атаулы банктік шотына" тікелей аударылады. Жыл сайынғы төлем көлемін Моңғолия Орталық банкі мен Қаржы министрлігі айқындайды.

Бұған дейін "Табиғи ресурстар экспортынан азаматтарға тең табыс туралы" заңға сәйкес елдің ірі тау-кен компаниялары таза табысының 34%-ына дейін осы қорға аударуға міндетті болса, биыл бұл көрсеткіш 60%-ға дейін ұлғайтылып жатыр.

2024 жылдың сәуірінде Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралы (парламенті) әрбір азаматқа табиғи байлықтан тең табыс алуды қамтамасыз ететін Ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңды түпкілікті бекітті. Сол кездегі Пемьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ бұл заңның талқылануы 30 жылға созылғанын еске түсірді.

"Бұрынғы Даму қоры мен Болашақ мұра қоры туралы заңдар азаматтардың игілігіне қызмет ете алмады. Сорақысы сол, ресурстардан түскен олжаны шенеуніктер мен алдыңғы үкіметтер талан-таражға салған. Салдарынан не халық жарытылмады, не мемлекет пайда көрмеді. Қазіргі кезде пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге рұқсат беруді, төлемдерді және салық салуды арнайы комиссия қадағалайды. Бұл – ҰӘҚ заңын жүзеге асырудың негізгі шарты", – дейді саясаткер.

Оның мәліметінше, Ұлттық әл-ауқат қорының құрамына 3 қор кіреді: Болашақ мұра қоры, Жинақ қоры және Даму қоры. Біріншісі – қаражатты халықаралық қаржы құралдарына инвестициялап, болашақ ұрпаққа қалар капитал жинауда.

Екіншісі – өзіне түскен ақшаны денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй бағдарламаларына бағыттайды. Соның арқасында мысалы, бұқара ешқандай медсақтандырусыз-ақ тегін емделеді. Үшіншісі – елдің ірі инфрақұрылымдық жобалары мен бағдарламаларын қаржыландырады. Ал, қордың Орталық банк әкімшілендіретін бөлігінде әрбір азаматқа – жаңа туған сәбиден шау тартқан қарияға дейін атаулы шоты бар, онда жинақ қорының қаражаты тіркеледі.

"Моңғолия – табиғи ресурстарға бай мемлекет! Осындай байлығы бар халық кедей болмауға, ал, еліміз көш соңында қалмауға тиіс", – деді экс-премьер-министр.

Заңға сәйкес, елдің ең ірі өндіруші компаниялары өз пайдасының 60%-ын Ұлттық әл-ауқат қорына аударады. Олардың қатарында мыс пен молибден өндіру және байыту жөніндегі Азиядағы ең ірі кәсіпорынның бірі – "Эрдэнэт", сондай-ақ өзі аттас ірі мыс кен орнына иелік ететін "Оюу Толгой" компаниясы бар. Сонымен бірге "Эрдэнэс Таван-Толгой" (ЭТТ) акционерлік қоғамы да осы қатарда.

Айта кету керек, моңғолдар тек Ұлттық әл-ауқат қорынан ғана ақша алмайды. Бұған қоса мемлекет алпауыт компанияның 1 072 акциясынан тұратын пакетті азаматтарына тегін таратып берді.

Нақтылағанда, 2012 жылы "Эрдэнэс Таван-Толгой" мемлекеттік компаниясының акцияларының бір бөлігі табиғи байлықтағы үлесі ретінде елдің 2,5 миллион тұрғынына тегін үлестірілді.

Ал, одан кейін туған 1 миллионнан аса бала ше? Олар да қалыс қалмайды. Әрбір жаңа туған моңғол азаматы көмір алыбының автоматты түрде акционеріне айналады. Заң бойынша егер бір бала өмір есігін ашса, оған арнап, 1072 акция шығарылады.

Бұл жай ғана акция емес, оған дивиденд есептеледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдің 3,6 миллион тұрғынының әрқайсысы көмір экспортынан шамамен 102 АҚШ доллары көлемінде дивиденд алды.

Бас кеден басқармасының деректеріне сәйкес, 2025 жылы ел шетелге 83,9 млн тонна көмір экспорттаған. Осылайша, алпауыт Ресейді басып озды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда (83,7 млн тонна) көп. Демек, 2025 жыл үшін дивидендтер де едәуір жоғары болуға тиіс.

Салыстыру үшін:

2022 жылы азаматтарға тау-кен секторынан түскен табыстан төленген жалпы сома ("1072" акциялары бойынша дивидендтер) 104 000-116 000 төгрікті құрады.

2023 жылғы төлемдер 256 000 төгрік болды.

2024 жылы ел 350 000 төгрік алды.

Яғни, жыл сайын дивиденд көлемі 100 мың төгріктен астамға өсіп отырады. Lang.news дерегінше, 2025 жылы пайдалы қазбаларды өндіруден түсетін жалпы өнім өсуін жалғастырып, үшінші тоқсанда 1,4 трлн төгрікке жеткен. Бұл алдағы кезеңдердегі төлемдер үшін берік негіз қалыптастырады.

ЭТТ-ның орта мерзімді даму жоспарына сәйкес, акционерлерге (тұрғындарға) төленетін жиынтық төлем бір адамға шаққанда 670 000 төгрікке жетуі мүмкін.

"Эрдэнэс Таван-Толгой" (ЭТТ) – көмір өндіру көлемі бойынша жаһандық жетекші компаниялардың бірі. Оның иелігіндегі қоры 7 млрд тоннаға жетеді. 2008 жылы компания национализацияланды. 2024 жылы ол 4,5 трлн төгрік көлемінде таза пайда тапты, соның шамамен 3,9 триллионын дивидендтерге бағыттады. Әлгінде көрсетілгендей, бұл қаражатты алуға Моңғолияның барлық азаматы, соның ішінде балалар да құқылы.

Алайда көмір – халық табысының жалғыз көзі емес. 2025 жылы валюталық түсімдерді жедел арттыру ұранымен елде "алтын безгегінің" кезекті толқыны басталды. Жылдам табысқа ұмтылғандар Селеңгі өзені алабындағы – Моңғолияны Байкалмен байланыстыратын басты су артериясындағы алтын кен орындарын жедел игеруге кірісті.

2025 жылғы 26 маусымда "Алтын-3" атты ұлттық бағдарламасы іске қосылды. Ол лицензияларды жеңілдетілген тәртіппен беру және жеке өндірушілерді қолдау арқылы жаңа кен орындарын игеруді көздейді.

Бағдарлама бірқатар қолдау тетіктерін ұсынады. Нақтылағанда, мемлекет алтын өндірем деушілерге ақша түрінде несие береді және оны алтынмен қайтару мүмкіндігі қарастырылған.

Үкіметтің байламынша, "Алтын-3" бағдарламасы арқылы бір оқпен бірнеше қоянды атып алуға болады: біріншіден, Моңғолия Банкінің қорына сатып алынатын бағалы металды жылына 20-25 тоннаға дейін жеткізеді. Екіншіден, елдің төлем балансы мен төгрік бағамына түсетін қысымды азайтады. Үшіншіден, игерілмеген немесе лицензияланбаған алтын кен орындарын экономикалық айналымға тартады. Экономика көмір мен мысқа тәуелділіктен де айтарлықтай арылуға тиіс.

"Жер ресурстары – халықтың байлығы" деген ұран астында көрші елде ерінбегеннің бәрі алтын өндіруге кірісті. Заңды артельдерден бастап, жай күрек пен сорғы-драга сатып алған жекелеген адамдарға дейін алтын іздеп, жер қойнауын тінтіп жатыр.

Асыл тас болуы мүмкін жаңа учаскелерді игеру алапат қарқын алғаны соншалық, адамдар тіпті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға дейін кіріп кетіп, айналасып шаң қылды, суды уға бөкті. Өңірлік билік әрқайсысын жеке тексеріп, лицензия беріп, үдерісті бақылап үлгермеуде. Бұрын жайқалған жайылым, құс шулаған өзен жайылмалары орнында енді ондаған бейберекет кеніштер пайда болды. Мал жайылған алқаптарда топырақ енді улы цианидпен шайылады.

Кейбір аймақтарда кооперативтер елдегі алтынның 40%-ына дейін өндіреді. Бір жыл ішінде People’s Gold бағдарламасына қатысушылар саны екі есеге жуық артқан. Әсіресе Селенга алабында кен орындарын жедел игеру экологиялық және басқарушылық тәуекелдерді туындатты.

Осыған байланысты былтыр моңғол президенті Ухнаагийн Хурэлсух ерекше қорғалатын аумақтардың қысқару қаупіне байланысты деп, "Алтын-3" қарарына ішінара вето қойды.

Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Гонгорын Дамдинням жауапты құрылымдарға заңсыз алтын өндіру мәселесін шұғыл шешуді тапсырды. Айыппұл салу, кәсіпорындардың қызметін тоқтата тұру сияқты шараларына қарамастан, бұл істің бақылаудан шығып кеткенін жасырмады. Бірақ Дамдиннямның өзі халықтық қарбаласқа, бұл құбылысқа сабырмен қарауға құмбыл: "Бұл ресурстар бәрібір азаматтарға тиесілі ғой" дейді. Тек байлық қуған "қара старательдер" ата-бабадан қалған тұмса табиғатты түпкілікті бүлдіріп тастамаса игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу