Бір мандатты округтен сайланған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің казинода шалқып жүрген фотосы оның алматылық сайлаушыларын ғана емес, бүкіл қазақстандық қоғамды бір дүрліктірді. "Бұл ойынқұмарлықтың биліктің биігіне дейін таралғанын көрсетеді" деп күйінді пікір білдірген азаматтардың бірі.
Әрине, қазақтілділердің Қазақстанда қоғамға қазақша жүгінген жөн екенін еске салғанына қарамастан, орыс тілділерге ғана қайрылған депутат Бақытжан Базарбек Қонаев қаласындағы “Bellagio” казиносында әйелімен бірге белгілі поп топтың концертіне барғанын айтып ақталды. Бірақ фотода ол ойын үстелінің басында, картаға ұмсынған күйде бейнеленген.
Қынжылтатыны сол, жаңа Парламенттің депутаттары сөз бостандығын жанқиярлықпен қорғау орнына өздері туралы бір сыни сөз айтқандарды қорқытуға үйір болып бара жатқандай. Бұл жолы депутат Бақытжан Базарбек те бір мандатты депутат әріптесі Дәулет Тұрлыханов сияқты өзіне "ақпараттық қысым" жасалуда деп танып, соған қатысты доқ көрсетті.
"Бұл – таза арандатушылық. Менің депутаттық қызметіме жасырын формада кедергі жасау. Оның артында кімдер тұрғанын аты-жөндеріне дейін білемін. ...Мен өзіме қарсы ақпараттық компания (түпнұсқасында солай, депутат кампания, яғни науқан туралы айтып отырса керек) іске қосылды деп санаймын. Мен бұл қитұрқылықтарға және провокацияларға берілмеймін. Біздің мүмкіндіктеріміз ұланғайыр, жігеріміз жеткілікті", – деп депутат Б.Базарбек әлдекімдерге жұдырығын түйіп қойды.
Әрине, 42 жастағы депутат казинода түнеймін десе де, өз еркі. Оған заңмен тыйым салынбаған. Ал жас ұрпақты құмаройындардан қорғап қалу – күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе.
Себебі, биліктің, соның ішінде Парламенттің де негізгі міндеттерінің бірі – кәмелетке толмағандарды кепілдендірілген түрде жан-жақты қорғау болып табылады. Мемлекет өскелең ұрпақтың физикалық және психикалық денсаулығына жауапты.
Алайда ол міндетін абыроймен атқарып отыр деу қиын. Құзырлы органдар растап отырғандай, жасөспірімдер мен жастар арасында қылмыс, шылымқорлық, вейп шегушілік, нашақорлық, маскүнемдік кең таралды. Букмекерлік кеңселер мен онлайн казиноларды бетімен жіберген билік жүздеген мың жасты бәс тігуге еліктіріп, лудоманияға ұшыратты. Оларды емдеуге отбасыларының да, мемлекеттің де қаражаты жоқ.
Мәдениет және спорт министрлігі үлкен бір проблеманы әшкереледі. Қазақстан заңнамасына сәйкес казинолар арнайы бөлінген аймақтарда, яғни Бурабай мен Қонаев өңірінде ғана орналаса алады. Сондай-ақ, оларға кіру үшін клиент 21 жасқа толуы қажет. Алайда министрлік бұл ережелерді бұзу жағдайлары әлі де орын алып жатқанын мәлімдеді.
Казиноларға, жалпы ойын мекемелеріне кіруіне тыйым салынған тағы бір санат бар, олар – лудомандар. Құмар ойындарымен шектен тыс еліккен ересек адамдар өзі мен отбасының бүкіл меншігін сатып, бәске тігеді. Бәс тігуін жалғастыру үшін ұрлыққа, тонауға барады, қылмыс жасайды.
Егер ол адам дертінен айыққысы келсе, онда өзіне өзі тыйым қабылдайды. Бұл ретте "Ойын бизнесі туралы" заңына сәйкес жеке тұлға кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға еркін нысанда жазбаша өтініш беріп, 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуын өз бетінше шектей алады.
Уәкілетті орган қалыптастыратын Құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуға шектелгендер тізімінде бүгінде 1700-ден астам жеке тұлға бар.
"Ойын бизнесін ұйымдастырушыларына осы тізімдегі тұлғалардан бәс қабылдауға, олармен бірге құмар ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады. Алайда уәкілетті органға құмар ойындарға қатысуға шектелген тұлғалардың тізіміне енгізілгендердің және 21 жасқа толмағандандардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысатыны, сол арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушылар заң талаптарын бұзатыны туралы көптеген шағымдар түсуде. Жыл басынан бері мұндай шағымдардың саны 75-ке жетті. Ал бұрын мұндай шағымдар сирек болған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар бұл тыйымды сақтамайды: өйткені тыйым салуды бұзғаны үшін ешқандай әкімшілік жауапкершілік жоқ", – деп түсіндірді салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігінің мамандары.
Мұның соңы ұлтты құрдымға құлатуы мүмкін. Құмаройындарының соңына түскендер өмірін нашақор, маскүнем, қылмыскер болып аяқтауы мүмкін.
Дәрігерлік практика көрсеткендей, құмаройындарға тәуелділік, героинге тәуелділікке қарағанда күшті болып шыққан.
"Оның қайғылы салдарын біз Қазақстанда тұрақты жиілікпен байқаймыз. Мұны Назарбаев Университетінде ғылыми жұмыс аясында зерттеу жүргізген отандық мамандар растады. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқан 399 студенттің 11%-ы құмар ойындарға бейім болып шықты. Тағы 5,76%-ы – әлеуетті патологиялық ойыншылар болып табылады. Салыстырсақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 3%, Сингапур мен Канадада – 8,7%, Қытайда – 6,4%, Жапонияда – 4,2%, Нигерияда – 4,2%, Шотландияда – 3,9% ғана", – деп хабарлады министрлік.
Яғни, Қазақстан жастарының құмаройындарға салынуы жөнінен дамыған елдерді де, артта қалған елдерді де "басып озыпты".
Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі.
Ол жасөскіндерден және ойнауына тыйым салынған адамдардан бәс қабылдағандарға қарсы әкімшілік жауапкершілікті енгізбек.
Нақтыласақ, 21 жасқа толмағандардың, сондай-ақ құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың бәс тігуіне рұқсат бергені үшін ойын бизнесін ұйымдастырушылардың лицензиясы уақытша тоқтатылады.
Бұған қоса, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 айлық есептік көрсеткіш (биыл 3 450 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Осы жаза казиноларға ғана емес, бекмекерлерге де қатысты қолданылады.
2023 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда ойын бизнесі саласында 43 компанияның лицензиясы бар. Оның ішінде:
- казинолар саны – 6,
- ойын автоматтары залдары – 10,
- букмекерлік кеңселер – 19,
- тотализаторлар – 8.
Табысы жүздеген миллиардпен есептелетін казинолар мен букмекерлік кеңселер айыппұлды салмақты жаза деп қабылдамақ түгіл, шыбын шаққан құрлы көрмеуі мүмкін. Сол себепті сарапшылардың байламынша, жаңа заң жобасында бұл тыйымды қайталап бұза бергендерінің лицензиясын түбегейлі қайтарып алу жазасы көзделгені жөн.
Айтпақшы, депутат Б.Базарбек казинодағы өз фотосына қатысты Фейсбук парақшасындағы мәлімдемесінде "олигархтар қолындағы ойын бизнесіне тыйым салуға дауыс беретін бірінші депутат болатынына" уәде берді. Ендеше осы заң Мәжіліске енгізілгенде, депутаттың өз уәдесін орындауына мүмкіндік берілмек.