Назардан тыс соғыс

2909

Астана процессі 16-шы рет өтіп, Сирия мәселесін талқылады. 

Назардан тыс соғыс

Түркия, Ресей және Иран Сирияда "Даиш" пен басқа да лаңкестерді түбегейлі жеңу үшін ынтымақтастықты сақтауға уағдаласты. Бұл турасында бейсенбіде Астана процесінің 16-отырысының қорытындысында жасалған бірлескен мәлімдемеде айтылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Үш держава Сириядағы жанжалды талқылау үшін Нұр-Сұлтанда жүздесті. Бұл келіссөздерге түрік делегациясын Сыртқы істер министрлігінің Сирияға жауапты бас директоры, елші Селжук Унал, сириялық оппозицияны Ахмет Тома бастап келді. Сонымен қатар форумға Ресейдің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев пен Иран Сыртқы істер министрінің ерекше саяси істер жөніндегі аға кеңесшісі Али Асгар Хаджи де қатысты.

Кездесуде Сириядағы жағдайға, әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-эпидемиологиялық мәселелерге, Сирияға халықаралық гуманитарлық көмек жеткізуге, Сирия конституциялық комитетінің Женевадағы жұмысын қалпына келтіру перспективалары мен тұтқын алмасуға, өзара сенімді нығайту шараларына, кепілге алынғандарды босату мен жоғалған адамдарды іздеу проблемаларына баса назар аударылды.

Түркия, Иран және Ресейдің бастамасымен өткен Астана кездесуінің мақсаты – он жылға созылған соғыстың тұрақты шешімін табу үшін Сириядағы соғысушы жақтардың басын қосу. Сонымен қатар отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер – конституциялық жүйе, саяси өтпелі кезең, қауіпсіздік пен босқындарды қайтару болды. Айта кету керек, бірінші Астана кездесуі 2017 жылы қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымы қаржыландырған Женевада бейбіт келіссөздерін жеңілдету мақсатында өткізілді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2015 жылдың желтоқсанында Сирияда бейбітшілік орнату жөніндегі жол картасын бірауыздан қабылдады. Бұл құжатты 2012 жылы 30 маусымда Женевада БҰҰ, Араб Лигасы, Еуропалық Одақ, Түркия өкілдері және Қауіпсіздік Кеңесінің барлық бес тұрақты мүшелері - АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания мақұлдаған еді.

Резолюция өтпелі басқару органын құруды, жаңа конституция дайындауды, Сирияда БҰҰ бақылауымен сайлау өткізуді талап етеді. Сонымен қатар, қарарда еркін әрі әділетті сайлаулардың ашықтық пен есеп берудің жоғары халықаралық стандарттарына сай өтуі керектігі және оларға барлық сириялықтардың, соның ішінде. диаспора мүшелерінің де қатыса алатыны" айтылған.

Сирия бойынша Астана форматы келіссөздерінің келесі раунды эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, биылғы жылдың соңына дейін тағы да Нұр-Сұлтанда өтеді.

"Тараптар пандемиялық жағдайды ескере отырып, Сирия бойынша 17-ші Халықаралық кездесуді 2021 жылдың соңына дейін Астана-форматында Нұр-Сұлтанда шақыру туралы шешім қабылдады",– деп жазылған Түркия, Иран, Ресей өкілдері бірлесіп таратқан мәлімдемеде.

Сөз соңында үш елдің делегаттары Қазақстанға 16-шы Астана форматы кездесуін өткізгені үшін ризашылықтарын білдірді.

Әскери жанжал жалғасып жатыр

БҰҰ-ның сарапшылар тобы Сирияда 10 жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғыстың әлемдік БАҚ назарынан тыс қалса да, қарулы жанжалдар мен миллиондаған адамның азабы әлі аяқталмағанын ескертеді. Үш адамнан тұратын халықаралық тәуелсіз тергеу комиссиясы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесіне өзінің жаңа баяндамасын ұсынды.

Сирия бейбіт тұрғындарды топ-тобымен өлтіру, химиялық қарулармен шабуыл жасау, қалаларды жаппай бомбалау және басқа да қатыгездіктерімен дүние назарына ілігіп жатқан жоқ. Соған қарамастан аталған комиссия соғыстың кейбір жерлерде қарқын алғанын, ал өзге бір аудандарда тіпті қызып, бейбіт тұрғындар нақақтан-нақақ зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын мәлімдеп отыр.

Осы комиссия төрағасы Пауло Пинейроның айтуынша, Сириядағы азаматтық соғыс Асад үкіметі мен оның саяси қарсыластары арасындағы "үй ішілік" жанжал болудан қалып, өзіне қуатты елдерді де киліктіріп отыр.

"Сирияда Ресей Федерациясының, АҚШ пен Израильдің әскери-әуе күштерін қоса алғанда, бес халықаралық армия қызмет етіп жатыр.

Ең қиын жағдай Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провициясында қалыптасып отыр. Пинейроның есебінше, мұнда 2,7 миллионнан астам адам үйлеріп тастап кетіп, жан түршігерлік жағдайда өмір сүріп жатыр және де босқындарға Хаят Тахрир әш-Шам террористік тобы мен Сирия әскері тарапынан зорлық-зомбылық қаупі төніп тұр. Айта кетсек, 4 миллиондай адам тұратын Идлиб оппозициялық күштердің қарамағында.

Комиссияның есебінде елдің талай аймағындағы тұрақсыз жағдайлар сипатталып, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар жазықсыз адамдарды өлтіріп немесе мүгедек қылып жатқаны да айтылған.  Бұған қоса, Сирияда бейбіт тұрғындарды, соның ішінде, әйелдер мен балаларды қамау, азаптау,  сарбаздарды мәжбүрлі түрде әскери қызметке шақыру, медицина қызметкерлерін өлтіру, меншікті мүлікті талан-таражға салу оқиғалары тыйылмай отыр.

Арыс Әділбекұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу