Неге өз заңгерлерімізді өгейсітіп жүрміз

1223

Халықаралық арбитраж дегеніміз – инвестор мемлекетті сотқа сүйрейтін трибунал.

Неге өз заңгерлерімізді өгейсітіп жүрміз Фото: canva.com

Төтесін айтқанда – қай ел үшін де қып-қызыл шығын. Бұл процестердің Қазақстанда осы уақытқа дейін барынша құпия ұсталғаны да сондықтан болар. Қара халық былай тұрсын, тіпті халықаралық дәрежеде білікті деген отандық заңгер мамандардың өзі де шеттетіліп келген. Сол себеп еліміз неше инвестормен соттасып, қанша шығынға батып жатқанын тап басып айту қиын.

5 жылда – 200 миллион доллар

Десе де, мамандардың пайымдауынша, соңғы бес жылда еліміз халықаралық соттар мен арбитражда өз мүддесін қорғау үшін жыл сайын 15-21 миллиард теңге аралығында қаржы жұмсап келген екен. Осылайша, 2019-2023 жылдары ел қазынасынан шамамен 93 миллиард теңге немесе 200 миллион АҚШ доллары инвесторлармен соттасуға, яки шетелдік заңгерлер мен судьялардың жұмырында кеткен. Ал жалпы 1994 жылдан бері инвестицияны қорғау жөніндегі келісімдер бойынша даулардың анықталған барлық саны – 1 257. Онда да бұл болжам цифрлар ғана. Яки, ашық ақпарат көздерінен жинақталған мәліметтер. Шындығында одан да көп екені айдан анық.

Бұл туралы өткен сәрсенбі күні Астана қаласында Әділет министрлігінің бастамасымен өткен Қазақстан Үкіметінің мүдделерін шетелде таныту және қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық практикалық онлайн конференцияда айтылды. Осы мақсатта консультанттарды іріктеу және отандық заң компанияларының тәжірибелерін талқылауға арналған жиынға спикер ретінде мүйізі қарағайдай Latham & Watkins; White & Case; Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle; Tukulov & Kassilgov Litigation сынды және тағы да басқа жетекші заң фирмаларының серіктестері мен өкілдері қатысты. Енді осы 93 миллиардтың басым бөлігі, яки шамамен 65 миллиард теңгесі тек қана заң қызметіне кетіп отыр дейді олар. Онда да, өкінішке қарай, шетелдік заңгерлердің. Ал қалғаны ұйымдастыру және сот шығындары.

Бір-ақ мысал! Халықаралық арбитраж десе, есімізге молдаван бизнесмені Анатола Стати түсетіні рас. Оның ұлы Габриэль екеуі 2010 жылы Қазақстанға қарсы Швецияның арбитраж сотына 4 миллиард долларға талап-арыз беріп, бұл іс содан бергі 13 жыл бойы итжығыспен созылып келеді. Тек 2013 жылы ғана олар 506 миллион долларға оң шешім алған. Маңыздысы, олар жеңер болса, 4 миллиард доллардың қамыты біздің мойынға киілмек. Әу баста даудың неден туғаны тағы құпия. Ресми себебі – Қазақстан тарапы инвестицияны қорғау туралы келісімді бұзған. Сол уақыттан бері бұл дауға шетелдік заңгерлерді жалдау үшін қанша қаржы жұмсалғаны тағы белгісіз. Белгілісі, өтемі беймәлім осы қыруар қаражаттың сіз бен біздің салығымыздан кетіп жатқаны.

80 пайызы бос шығын

Ия, осы уақытқа дейін халықаралық арбитражға қатыстырмай өз заңгерлерімізді өгейсітіп келгеніміз өкінішті-ақ. Тіпті, кез-келген Рим немесе Ағылшын құқы төрелік ететін сотта кәтепті қара нардай алып шығар білікті мамандарымыз бола тұра, оларды ел игілігіне жұмсай алмағанымыз, отыз жылғы мемлекеттік менеджменттің сапасынан хабар бергендей. Болмаса, ондай жандар аз емес. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі заңгер Бақыт Тұқылов. Қазақстанның арбитраж институттарында арбитр болудан үлкен тәжірибеге ие маман Англия, Кипр, Германия, Ресей, Қытай сынды елдердің талай-талай сот-арбитраж процестеріне сараптамалық ұйғарымдар дайындап, сарапшы, кеңесші ретінде сан мәрте қатысқан. Сол күнгі жиында ол қапалы базынасын жасырмай жеткізді.

"Салыстыру үшін айтайын, халықаралық арбитражда өзіміз қарайлас Украина елінің заңгерлері мен заң фирмалары көп. Қырғызстан да қатардан қалмай келеді. Ал Ресейдің орны бір төбе. Қазақстанда болса ақша көп, бірақ ол шетелге кетіп жатыр. Ал осы жылдар бойына біздің халықаралық заңгер мамандардың тұтастай бір буынын өсіріп қана қоймай, оларды халықаралық фирмаларда тәжірибе жинап, Қазақстанның мүддесі үшін тайталаса алатындай етіп дайындауға толық мүмкіндігіміз болды. Бірақ, 2007 жылдан бері, яки 17 жыл бойы "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңда халықаралық арбитражда Қазақстанның атынан өкілеттік ету қызметі қарастырылмаған. Яки, Әділет министрлігі бұл тұрғыда қандай да бір тендер өткізуі міндетті емес. Осы мақсатта қандай фирманы таңдау керектігі туралы талапта айқындық жоқ. Ал егер, батыл түрде либерализация жасап, қыруар қаржыны елімізде қалдыруға мүмкіндік берер болсақ, оны шетелден гөрі, білім беру, жалақыны көтеру, басқадай да қызметтерді дамыту шығындарына жұмсауға болар еді. Тіпті, өзіміздің мүддемізді қорғап қана қоймай, өзге елдерге де қызмет ұсынып, қазіргі көршілеріміз секілді табыс таба алар едік. Оған біздің қарым-қабілетіміз толық жетеді", – дейді ол.

Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, арбитраж практикасына аса мол ақша жұмсау және беделмен басып-жаншу талабы тән екен. Ол үшін қай тарапқа да қыруар қаржы мен белді заң фирмалары керек. Сол себептен мұнда делдал компаниялар өте көп. Солардың ішінен Қазақстан көп ретте бас кеңселері АҚШ-та және Ұлыбританияда орналасқан халықаралық заң фирмаларын таңдайтынын байқауға болады. Ал олардың арзан тұрмайтыны екібастан. Бірақ, уақыт көрсетіп отырғандай, міндетті түрде жеңіске жету үшін халықаралық белді фирмалардың көмегіне жүгіну шарт емес. Өйткені, оның соңы тараптардың бірін-бірі титықтатуға ұласып кететін кездер аз болмай тұр.

"Мұнда қолданылатын негізгі тактиканың бірі – қандай да бір іске заңгерлер армиясын жауып жіберу. Мәселен, 3 адам істейтін жұмысқа 8 адам жұмылдырылады. Олар істі бүге-шігесіне дейін сараптап, кез-келген мәселені тапсырыс берушінің пайдасына шешудің жолын ұсынады. Сөйтіп, қос тараптың дәйек-уәждері текетіреске түседі. Оның бірін сот қабылдаса, енді бірін қабылдамайды. Былайша айтқанда, қажеті жоқ жұмыстар өте көп. Ал бұл жерде миллиардтаған қаржы айналып жатыр. Мысалы, Лондонда отырған заңгердің 1 сағаты 500-600 фунт тұрады. Өзіміз қатысқан халықаралық соттарды талдап көргенде жалпы қаржының 80 пайызы осындай заң қызметтеріне жұмсалатынын көрдік. Былайша айтқанда, бос шығындар. Ондай қызметті біздің қазақстандық заңгерлер де көрсете алар еді. Күні кешегі өзіміз қатысып, шетелдік белді-белді фирмалармен иық тіресе отырып жұмыс істеген Арселор Митталдың Қазақстаннан кету ісінде де көзіміз жете түсті. Сондықтан фирманың атақ-беделіне арқа сүйеп керек емес. Сол ақшаны үнемдеп, іске қанық, жағдайды жете түсінетін, жергілікті ерекшеліктермен таныс арзан заңгерлерді қойса да жеткілікті", – дейді Бақыт Тұқылов.

Оның айтуынша, шетелдік заң фирмаларының көбі қай істі болмасын перспективасы бар деп сендіріп, өндіріске беруге итермелейді екен. Ондағы көздегені, әрине, жеңіп әперу емес, пайдакүнемдік. Осылайша, өз үлесін алса болғаны. Ал қалған 20% қаражат сот кезіндегі сөз сөйлеу, пікір таластыру, қорғап шығу жұмыстарына кететін көрінеді. Бірақ соттың титықтату немесе татуласумен аяқталмасына кепіл жоқ.  

Жеңіс дұрыс сараптап, дөп басуда

Келесі бір спикер – Уәлихан Шәйкенов. Бұл азамат та халықаралық деңгейдегі маман. Стокгольм, Лондон, Парижде өткен шетелдік арбитраждарда түрлі инвесторлар мен мердігерлердің, ірі банктердің мүддесін қорғаған. Ағылшын, украин, швейцар, белорусь және өзбекстандық компаниялар арбитр етіп тағайындалған. Ол жерлерде Ағылшын құқы, Швейцар құқы, Нью-Иорк құқы бойынша жұмыс істеген. Уәлихан өзінің еңбек жолындағы ең бірінші күрделі сарапшылық ұйғарымын ТШО компаниясына Қазақстан құқы тақырыбы бойынша берген екен. Бұл дау шамамен 600 миллион долларға бағаланған. Содан бері 19 жыл осы салада жемісті қызмет етіп келеді. Ол қазақстандық заң фирмаларының халықаралық арбитражда еліміздің атынан өкілеттік етудегі артықшылықтары жөнінде айтып берді.

"Кез келген арбитраждағы сәтті жетістік бір-ақ нәрсеге байланысты. Ол – дауға қатысты ең бір дәл құқықтық квалификация беру. Бұл жерде арбитражды жалға алған заң фирмаларының беделімен басып-жаншимын деу қате. Оның орынына даулы жағдайға дұрыс құқықтық баға беру керек. Ал тараптардың титулы, атақ-абыройы, есімі, ұлты және тағы да басқасы көпті көрген кәнігі арбитр үшін ешқандай да маңызды емес. Ол үшін ең бастысы іске нақты "сойып түсер" дәйектер мен уәждер келтіру. Ал құқықтық квалификация дегеніміз екі-ақ нәрседен тұрады. Олар – сол іске қатысты құқықтық норма және нақты жағдай, заң тілімен айтқанда казус. Егер нақты дерек бойынша нақты құқтық бапты қолданар болсақ, одан басқа ештеңе де керек емес. Түйіндей айтқанда, жеңіс дегеніміз – дұрыс сараптап, дөп басу", – дейді ол.

Оның айтуынша осы формуланы еліміздің жағдайында қолдану үшін қазақстандық құқықтың тарихы мен табиғатын жетік білу керек. |Ал оны шетелдік заңгерлерден бұрын, құқық әліппесін осы жерден танып, алғашқы заңгерлік қадамын осында бастаған өзіміздің мамандар өте жақсы түсінетіні екібастан. Өйткені, шетелдіктер "Англосаксондық құқықтың" негізінде әрекет етеді, ал Қазақстан тарихын сол жақтан алса да, одан түбегейлі өзгеше "Европалық континенталды құқық" ареалына жатады. Сондықтан, істі ұтқыңыз келсе, біздің заңымыздан мүлдем бейхабар халықаралық беделді заң фирмасын емес, қолданыстағы құқықты жақсы білетін заңгерлерді жалдаңыз. Өйткені, "Англосаксондық құқық" пен "Европалық континенталды құқықтың" өзара таласынан ұтарымыз аз.

Биліктің, соның ішінде Әділет министрлігіне осыны түсінетін уақыт келді. Ол үшін тағы да бір рет өткенге көз жіберіп, қателіктерден сабақ алған дұрыс-ау. Ашық ақпарат көздеріне сайсақ, осы кезге дейін Қазақстанға қатысты 19 арбитраж шешімі шыққан екен. Қандай үкім еткені, сірә белгісіз. Ал қай соттың да жеңіс пен татуласудан бұрын, қара құрдымдай құлқыны түпсіз қаржы жұтқан, ұзақ жылдарға созылар титықтату процесі екеніне көз жетті. Оған қоса түрлі себептерге байланысты инвесторлардың күні бүгін де арбитражға жүгінуге шақ отырғаны тағы бар. Бұл туралы алдағы уақытта қозғайтын боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу