"Неге ұйықтап жатырсыз"

4049

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізде заңсыз алтын іздеушілер үшін жазаны қатаңдату ұсынды. 

"Неге ұйықтап жатырсыз"

Мәжіліс төрағасының айтуынша, Ресейде қымбат металдарды заңсыз сатқандар 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Беларусьте де заңсыз алтын іздеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал Қазақстанда тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі..

"Салдарынан қымбат бағалы металдарды ұрлау дерегі азаймай отыр. Ол жылдан-жылға өсіп келеді. Мысалы, "Қазақалтын" кәсіпорнында 2015-2020 жылдары 32 мыңнан аса заңсыз алтын іздеушілер анықталған. 2019 жылдың ақпанынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін осы кәсіпорын 5 722 заңсыз алтын іздеушіні полицияға тапсырған. Оның 80%-ы қайтадан заң бұзған. Бұл дерек тек бір кәсіпорынға байланысты",  деді Мәжілістің жалпы отырысында.

Нұрлан Нығматулин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 
Бейбіт Атамқұловқа шүйлікті. Оның пікірінше, министрліктің кімді қолдап отырғаны түсініксіз

"Бейбіт Бәкірұлы, сіздің жауабыңызды естідім. Бұл салада декриминализация болды. Алайда не министрлік, не үкімет бұл қылмыс үшін жазаны қатаңдату туралы ұсыныс берген жоқ. Министрлік кімнің жағында? Сіз кімді қолдап отырсыз? Отандық кәсіпорынның акционерлері немесе заңсыз алтын іздеп жүргендермен біргесіз бе?", деді спикер.

Министр жазаның жеңіл, айыппұлдың өте төмен болуы салдарынан елімізде заңсыз алтын іздеушілердің саны артқанын мойындады.

Мәжіліс төрағасы Бейбіт Атамқұловқа бұл қылмыс үшін жазаны қатаңдату керектігін айтып:.

"Сіз нені күтіп отырсыз? Неге ұйықтап жатырсыз? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі уәкілетті орган ретінде қымбат металдардың заңсыз айналымы үшін жазаны күшейтуге мүдделі болуы керек. Сіз бұл мәселе туралы айтып қоймай, заңға түзету енгізу туралы бастама көтеруіңіз қажет. Біз сізді қолдаймыз",  деді Нұрлан Нығматулин.

Бұл ұсынысты Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди де қолдады.

"Сіз дұрыс айтып отырсыз. Бұрын Қылмыстық кодекстің 210-бабы бойынша (қымбат металдарды заңсыз сатқандар – автор) 7 жылға бас бостандығына айырылатын. Бұл қылмыс болып саналатын. Әрине, мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға бастамасы көтерілсе, оны біз қолдаймыз",  деді.

Бейбіт Атамқұлов тиісті заңдарды қарап, оған түзету енгізу бастамасын көтеруге сөз берді.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу