Несие тарихын жақсартудың жолы бар ма?

11465

Орта жастағы әйел­дер мен ерлер несие тарихын жиі бұзады.

Несие тарихын жақсартудың жолы бар ма?

Індетпен бірге іргемізге келген дағдарыс халықтың мойнындағы қарыздық жүктемені шамадан тыс көбейтіп жіберді. Әлбетте, бұған Қазақ­стан тарихында алғаш рет карантин жарияланып, төтенше жағдай енгізілуі себеп. Осының салдарынан бизнес субъектілерінің жұмысы тоқтап, адамдар жұмыссыз қалды. Осылайда, халықтың төлем қабілеттілігі төмендеді. Ақыры аңтарылған жұртқа үкімет көмектесті. Яғни, мемлекет жеке және заңды тұлғаларды 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында несие төлеуден босатты. Сөйтіп, оны кейін төлеу­ге рұқсат берді. Ондағы негізгі мақ­сат­тың бірі – адамдардың несие тарихын бұзып алмау.

"Бірінші несие бюросы" ЖШС-ның өткен жылы жүргізген арнайы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда несиені көп жағдайда 25 пен 45 жас аралығындағы әйелдер алады екен. Олар – банктердің бел­сенді аудиториясы. Ал 45 жастан асқан адамдар несиені сирек рәсімдейді. Олар негі­зі­нен автомобиль немесе ипотека ал­ғанда банктің көмегіне жүгінеді. Көп жағдайда орта жастағы әйел­дер мен ерлер несиені төлеу мерзімін кешіктіреді. Төтенше жағдай кезінде тығырыққа тірелгендер де – солар.

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несие тарихын оңалтуға қатысты арнайы қаулысы шықты. Бірақ қаулы әлі жүзеге асырылған жоқ. Өйткені бірқатар шектеу бар. Атап айтқанда несие бюросының қандай да бір мәртебе қоюға, несие тарихына өзгерістер енгізуге құқығы жоқ. Сон­дықтан қазір Агенттікпен тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мақсат – оңалтуды шынымен қажет ететін қазақстандықтарға көмектесу", – дейді Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.

Бірақ несие тарихын оңалту қарызды кешіру дегенді білдірмейді. Осыны қаперде ұстаған жөн. Осы орайда, елімізде жеке тұлғаларға несие рақымшылығын жасау туралы бастама көтеріліп жүргені белгілі. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров депутаттық сауал да жолдады. Алайда Үкімет бастаманы қолдаған жоқ.

"Несие рақымшылығын қолдану туралы ұсыныс тізбекті реакцияға және барлық қарыз бойынша мін­дет­те­мелердің жаппай орындалмауына алып келеді. Бұл банк жүйесі­нің қар­­жы­лық тұрақтылығына және банктердің салымшылармен басқа да клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау қабілетіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты бұл ұсыныс қол­дау таппайды" делінген Үкіметтің ресми жауабында.

Деректерге сүйенсек, Қазақстан­дағы экономикалық тұрғыдан белсенді ха­лықтың 1,5 млн-ы мүлдем не­сие алмаған. Ал қалғаны соңғы 16 жыл­да кем дегенде бір рет несие алып көрген.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу