Несиеге мамандық алу мүмкін бе?

16559

Жоғары оқу орындарында тегін білім алуға әрбір талапкердің талпынары анық. Дегенмен, грант бұйырмай, ақылы оқуға шамасы жетпесе қайтпек? Мұндайда, тағы, бір мүмкіндік, мемлекеттің мамандықтықтарды несиелендіру бағдарламасы қарастырылған. 

Несиеге мамандық алу мүмкін бе?

Бұл туралы Білім  министрлігіне қарасты "Қаржы орталығы" АҚ президенті Рамазан Әлімқұлов әңгімелеп берді.

Ол үшін қаржы орталығынан несие рәсімдеуге ниет еткен талапкер Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек, сосын тұрғылықты мекенжай анықтамасы, ҰБТ-дан 50 балл жинаумен бірге жоғары оқу орындарындағы емтихандардағы баға көрсеткіші 3,5 баллдан кем болмауы керек.

Қаржыландыру көлемі шектелмегенмен, бастысы оқу ақысынан аспауы тиіс. Қазіргі күні университеттердегі мамандықтардың құны 400-500 мың теңге аралығында. Бағдарламада шетелдерде білім алу  несиелендірілмейді.

Мұның себебін Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, орталық мамандары өзге мемлекеттердегі оқу ақысын сараптап көрген, шетелде білім алу 6 миллион теңгеден басталатындықтан, төрт жылда 24 миллион теңгеге дейін өседі. Ресейдегі жоғары оқу орындарындағы жылына төленетін 1,6 миллион теңге төрт жылда 6,6 миллион теңге болатыны белгілі. Сондықтан кепілдік берілгенімен орталықтың  мұндай көлемде қаржыланыруға қаражаты жеткіліксіз.

Дегенмен, кепіл мүлік болмаған жағдайда қарызды қайтаруда жеңілдік ескерілген.

Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, университет бітірушіге жұмысқа орналасуға 6 ай мерзім белгіленіп, тек несиенің үстеме пайызын ғана төлейді. Одан кейін қарызды толық өтеуге міндеттеледі.

Қаржы орталығы несиесін алушы студентке бір немесе екі  кісі жұмыс орны мен табыс көрсеткішіне байланысты кепіл бола алады.

Құжаттар қаралып  орталықтың талабынан шықса, арада шарт жасалып, несие  12 жылға 10 пайызбен беріледі. Банк қаражатты қажеттілігіне қарай оқу орнының арнайы жеке есепшотына әр семестр сайын немесе жыл сайын аударады.  Орталық,тіпті, студенттің соңғы курсында  да қаржыландырады. Дегенмен, бір кемшілігі әлі күнге несие алушылардың арасынан ауылдықтар кездеспеген. Ал, Рамазан Әлімқұлов  қалалық мекенжай анықтамасының болуы маңызды емес, кез-келген елді мекен болсын, яғни,  ереже  ауылдықтарға да  ортақ дегенді айтады.

Жоғары білім саласын кепілді түрде несиелендіретін  қаржы орталығы жұмысын 2005 жылы бастаған. Осыған ұқсас бағдарлама 1999  бен 2005 жылдары да болған. Департаменттің дерегінше, бұған дейін 58 мың студент 15,3 миллиард теңге несие алғанмен  мемлекетке тек 7,5 миллиард теңгесі ғана қайтарылған. Мұның себебі қаржы орталығы оқуға қажетті қаражатты кепілсіз және ұзақ мерзімге беруінде.

Алдағы уақытта  мұндай борышкерлерге шара қолданылмақшы. Орталық қайтарылуы тиіс қаржыны сот немесе сотқа дейінгі өндіру арқылы алуды көздеген. Несие алушы студенттермен алдын-ала түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Шаралар нәтиже бермесе,  "Мемлекеттік несие бюросы" АҚ мен "Бірінші несие бюросы" ЖШС бұл мәселемен айналысатын болады.

Несиені өндіру жөніндегі департамент айтып өткендей 2005 жылы Президенттің  тапсырмасымен несие негізінде оқитын студенттер түгелдей грантқа ауыстырылған еді. Ендігі борышкерлер несиесін өтеуге құлық танытпаса, заң алдында жауап бермек. Сонымен бірге төлем уақытын кешеуілдеткені мен басқалай шығындарды өтеу ескерілген.

Несие бойынша оқитын студенттер келер жылы оқуын жалғастыруға керекті қаражат үшін өткен курстың ақысын толық төлеуі қажет. Үстеме пайыз жалпы несиеге емес, жыл сайынғы төлемдерге ғана  қосылады.

Азамат Сыздықбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу