Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша 2020 жылы Қазақстан халқының несиелері 10,5%-ға өсіп, 7,36 трлн теңгеге жеткен. Оның 4,3 трлн теңгесі тұтынушылық несиелер. Бір жыл ішінде мұндай қарыздардың көлемі 3,2%-ға артқан.
Алайда пандемия кезінде қарызды қайтару екі есе қиындай түскені анық.
Былтырғы жылы төтенше жағдай жарияланған уақытта қазақстандықтардың несиелері кейінге шегерілгені белгілі. Жеке тұлғалар үшін бұл жеңілдік үш айға жалғасса, шағын және орта бизнес субъектілеріне 1 қазанға дейін уақыт берілген еді. Байқағанымыздай төтенше жағдай аяқталғанымен карантин шектеулері әлі де бизнес иелеріне емін-еркін кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан елімізде несиесін кешіктіріп төлейтіндер саны күрт артқан. Бұған статистика дәлел. Өткен жылдың басынан бері 90 күннен артық кешіктіріліп төленген қарыздар көлемі 48,5 млрд теңгеге артып, 1,25 трлн теңгені құрады. Бұл еліміздегі несие портфелінің шамамен 8,1%-ы.
Мұндай жағдайда тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар. Оның бірі - төлем мерзімін кейінге шегеру немесе несие бойынша каникул сұрау. Бұл "Банк және банк қызметі туралы" заңда қарастырылған. Яғни, борышкер банктен қаржылық қиындықтарды шешіп алғанша уақыт беруді сұрайды. Нәтижесінде қарызды кешіктірген уақытқа айыппұл салынбайды, өсімпұл да қосылмайды. Бірақ мұндайда қарыз көлемі артатынын естен шығармау керек. Себебі қаржы ұйымы осы уақытқа берешек бойынша пайыздық мөлшерлеме жүктеуге құқылы. Уақыт шегеріліп, берешек сомасы жоғарылаған сайын, оның пайызы да жоғары болады.
Ал мәселені шешудің тағы бір жолы – несиені қайта құрылымдау. Қаржы ұйымы сіздің өтінішіңіз бойынша төлем уақыты мен сомасын өзгертеді немесе қарыздың белгілі бір бөлігін мүлік есебінен алады.
Сонымен қатар қарызын төлеуге қаржысы жетпей немесе кешіктіріп төлейтіндер банктен пайыздық мөлшерлемені азайтуға, айыппұл мен өсімпұлды кешіруге өтініш жаза алады. Ол үшін несиені кешіктірген күннен 30 тәулік өтпей тұрып банкке жүгіну керек. Қарыз бойынша келісім шартқа өзгеріс енгізу туралы өтініште қарызды кешіктірудің себебін, жүгінген уақыттағы жалақы көлемін және ақшаны қайтару мүмкіндігі жоғын растайтын құжатты тіркеген абзал. Бұл ретте қаржы ұйымы өтінішті 15 күннің ішінде қарастыратынын естен шығармау керек. Сонымен қатар банк сіздің өтінішіңізді мақұлдап немесе ішкі ережелеріне сәйкес өз ұсыныстарын айтып, әлде бас тартуы мүмкін.
Несиені төлемесе не болады?
"Банктер және банк қызметі туралы" заңға сәйкес 2016 жылдың ортасына дейін берілген несиелер бойынша әрбір кешіктірілген күн үшін үш айға дейін жалпы қарыз сомасының 0,5% көлемінде өсімпұл қосылады. Ал 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап 0,03% өсімпұл қосылады. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап алынған несиелер үшін төлем мерзімі 90 күннен асса өсімпұл қосуға тыйым салынған. Ипотека бойынша төлем мерзімі 180 күннен асса банктердің өсімпұл қосуға құқығы жоқ.
Алайда бұған қарамастан банктер несие бойынша төлем мерзімі асып кетсе, сотқа беріп, банктік шоттағы ақшаның 50%-ын алуға, банктік шотты жабуға, мүлікті алуға, банкрот деп тануға құқылы. Шоттағы 50% қаражатты алу кезінде жәрдемақы мен әлеуемттік төлем, жинақ депозитіндегі салымды, қарыз кепілі саналатын жинақ шоттарындағы қаражатты ала алмайды.
Банк сонымен қатар қарызды соталды қайтару үшін коллекторларға сата алады. Бірақ бұл шара 2019 жылдың шілдесіне дейін берілген несиелерге ғана қолданылады. Сонымен қатар қарыз шартында банктің коллекторлық агенттікке сіздің несиеңізді бере алатыны көрсетілуі керек. Онсыз қаржы ұйымы берешекті коллекторларға сата алмайды. Мұны да ескеріңіз.
Құралай Құдайберген