Несиені кешіктіріп, қара тізімге енсе, ипотека алуына болмайды деп айтып жатады. Осы туралы inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.
Бірінші кредиттік бюроның өкілдері "қара тізім" деп аталатын несие берілмейтін азаматтар тізімінің жоқ екенін растады.
Қазақстанда банктер мен микро-қаржылық ұйымдар несие бермейді деп бекітілген клиенттердің бірыңғай тізбесі жоқ. Бұл – миф. Мұндай тізімді құру мүмкін емес.
Банктер мен МҚҰ өтінімдер бойынша әртүрлі негізде шешім қабылдайды. Әр несие берушінің ішкі тәуекел саясатына және ұйымның скорингтік моделіне байланысты әлеуетті тұтынушыны тексерудің өзіндік жүйесі бар. Рәсімделген несиелер туралы деректер бір базадан алынғанына қарамастан, компаниялар оларды өзінше талдайды.
Қазақстанда мұнымен Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) және Бірінші кредиттік бюро (БКБ) айналысады. Сонымен тексеру нәтижелері әртүрлі.
Осылайша, Қазақстанда қарыз алушылардың қара тізімі бар дей алмаймыз.
Несиелік ұйымдар қарызға қызмет көрсетуде қиындықтарға тап болған қарыз алушыларды анықтай алады. Клиенттің сенімділігін бағалау мәселесі маңызды. Өтелмеген қарыздар неғұрлым аз болса, несие берушінің шығындары соғұрлым аз болады. Тәуекелдерді азайту үшін банктер мен МҚҰ ішкі ақпараттық база құрады, оларға сенімсіз қарыз алушылар туралы мәліметтер енгізіледі. Демек, "қара тізім" – әр несие берушінің несиелік тарихы бұзылған клиенттері туралы мәліметтердің шартты атауы.
Сенімсіз клиенттердің тізімін кім жинайды?
Қазақстандағы қарыз алушылардың тізілімін бірнеше ведомстволар құрады:
- Банктер мен МҚҰ. Әрбір несие ұйымында несие немесе микрокредит шарты бойынша талаптарды бұзған клиенттер туралы ақпараттық база бар. Егер мұндай адам компанияға ақша үшін қайта жүгінсе, оның бұрынғы "еңбегі" өтінімді өңдеу кезінде ескеріледі.
- Несие бюросы. Қазақстанда олардың екеуі жұмыс істейді. МКБ және БКБ. Олар қарыз алушының несиелермен жүргізген барлық операциялары туралы ақпаратты сақтайды: өтінімдер, берешектер, бас тартулар, кешіктірулер, қарыздарды реттеу, өндіріп алу, банкроттық.
- Сот орындаушылары. Сот борышкер бойынша атқарушылық іс жүргізуді ашу туралы шешім шығарған кезде ол туралы ақпарат бірыңғай тізімге енеді. Бұл құжаттың уақытылы жаңартылуын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қадағалайды. Қарыз алушы мемлекеттік базада қарызы бар адамдардың бар-жоғын ЖСН нөмірі бойынша тексере алады. Әдетте борышкерлердің бірыңғай тізіміне мәліметтер өндіріп алу басталғаннан бастап 3 айдан ерте түспейді.
- Коллекторлар. Ынтымақтастықтан жалтарған борышкерлердің тізімін банк немесе МҚҰ коллекторлық агенттіктерге бере алады. Олар өздерінің скорингін өткізеді және қарыз алушылардың профильдеріндегі ақпаратты толықтырады.
Қарыз алушының қара тізімге енуінің 6 себебі
Несие берушінің клиентпен жұмыс істегісі келмейтін ең жиі себептері:
- Кешіктіру. Ұзақ мерзімді төлемдердің кешігуіне банк, әрине, екі күндік "техникалық" кешіктірулерге қарағанда нашар қарайды. МҚҰ-да кешіктіруге қатысты саясат қатаң. Микрокредиттер қысқа мерзімге берілгендіктен, тіпті 1-2 күндік төлемдер де маңызды.
- Өтінімдегі дұрыс емес ақпарат. Клиент несие алу үшін сауалнаманы толтырып, онда жалған мәліметтерді көрсеткен кезде скорингтік жүйе автоматты түрде бас тартуды жібереді. Несие беруші мұны алаяқтық әрекеті ретінде қарастыруы мүмкін.
- Басқа қарыздар. Салықтар, алименттер, айыппұлдар бойынша төлемдер. Егер қарыз алушының әртүрлі қарыздары болса, бұл оның төлем тәртібінің әлсіздігін көрсетеді. Мұндай клиент несие берушінің көз алдында сенімсіз, оған ақша беру қауіпті.
- Банкроттық. "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық туралы" жаңа заңда банкротқа ұшыраған қарыз алушы алдағы 5 жылда кредиттер мен микрокредиттер ала алмайтыны белгіленген. Бірақ кейін де несие берушілер мұндай қарыз алушыны мұқият тексереді, өйткені банкроттық – бұл соңғы шара. Ол адамның қарыз жүктемесін бағалауда сыни тұрғыдан қателескенін және мерзімі өткен қарызды шешудің басқа жолдары нәтиже бермегенін көрсетеді. "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" қарыз алушыға ескертеді. Бұл рәсімге байыпты қарау керек, өйткені оның көптеген заңды салдары бар. Банкроттықты "несиелік рақымшылық" деп қабылдауға болмайды.
- Сотталған. Несие беруші бас тартуының жасырын себебі болуы мүмкін. Соттылықтың қарыз алушының беделіне қаншалықты әсер ететіні баптың сипатына байланысты – мысалы, алаяқтық (ҚР ҚК 190), терроризм (ҚР ҚК 255, 258) немесе есірткі істері (ҚР ҚК 296, 297, 299-1) бойынша айыптау кезінде бас тартуға іс жүзінде кепілдік беріледі. Сонымен қатар соттылықтың түрі маңызды: өтелген, өтелмеген немесе шартты мерзім.
- Әлеуметтік қауіпті мінез-құлық. Егер бөлімшеде несие ресімдеу кезінде қарыз алушы мас болса, есірткі қабылдаса, қызметкерлермен дөрекі әрекет жасаса, банктің немесе МҚҰ қауіпсіздік қызметі оны тоқтату парағына енгізе алады. Бұл ақпарат клиентті одан әрі несиелеу туралы шешімге тікелей әсер етеді.
Қарыз алушылардың қара тізімі және несие тарихындағы нашар жазбаның айырмашылығы неде?
Банктер, МҚҰ қарыз алушылардың тізімдерін жүргізетініне қарамастан, "қара тізімді" және несие тарихындағы кешіктіру / төлемеу туралы жазбаны ажырату керек. Бұл базалар әртүрлі принцип бойынша қалыптасады.
Жылына бір рет несие тарихын тегін тексеруге болады. Екінші рет тексеру құны – 400 теңге.
Жеке несиелік есепті қалай сұрауға болады?
- Бірінші несиелік бюрода – 1cb.kz.
- Мемлекеттік несие бюросында – id.mkb.kz.
- Электрондық үкімет арқылы – egov.kz.
- Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО).
- Қазпошта жергілікті бөлімшесінде.
Қарыз алушы "қара тізімнен", қалай шығуына болады?
Қарыз алушының несиелік есебінде ең алдымен кешіктірілген мәліметтер көрсетіледі. Сондықтан қарыз алушы барлық несиені төлеп, қарыздан құтылуға назар аударуы керек. Несие тарихы толық көлемде 5 жыл сақталады, ал оның маңызды мәліметтері 10 жыл бойы сақталады.
Қарыз алушыға борыштық жүктемені жеңілдету үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда оңалту тетігі туралы Үкіметтің өкімі күшіне енді.
Енді қарыз алушы проблемалық қарызды өтегеннен кейін (мерзімі 90 күннен асатын) бір жыл ішінде – күнтізбелік 12 айдан кейін өзінің несиелік мәртебесін түзете алады. Бірнеше жылдан кейін қарыз туралы ақпарат оның жеке есебінде көрсетілмейді. Кешіктірулер туралы мәліметтер несие тарихында сақталса да, банктер мен МҚҰ оңалтылған қарыз алушыға оң көзбен қарайды.
Қарыз алушы рейтингі арттыруы үшін мынадай әрекеттер жасауына болады:
- Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша несиелер мен айыппұлдарды, берешектерді қоса алғанда, барлық қарызды толық өтеу;
- Мүмкіндігінше несие шарттарының санын азайту;
- Шағын қарыздарды бір қарызға біріктіру арқылы қайта қаржыландыру;
- Екі карта болса, аз пайдаланатын картаны жауып, несиелерді біреуіне біріктіру;
- Микроқаржылы ұйымдардағы қарыздарды банкте қайта қаржыландыру мүмкін емес, оларды жабу;
- МҚҰ-ға жаңа несиелерге, карталарға және әсіресе қарыздарға өтінім бермеу;
- Қарызды ұқыпты және уақытында төлеу;
- Бұған дейін несие алып көрмеген адамдар несие рәсімдеуі қажет, сол кезде оның тарихы қалыптасады.
Ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін қалай жақсартуға болады?
Несие тарихында жағымсыз жазбалар болса, ипотека алу үшін депозит, инвестициялық шот ашу оң әсер етеді. Өтініш бергенге дейін бірнеше ай бойы депозитке үзбей ақша салып тұру маңызды.
Ипотекаға сатып алынатын объектіден басқа кепіл мүлкінің болуы банк сенімін арттырады. Банк несие беруден бас тартса, бірден жаңа өтініш берудің қажеті жоқ. Несиелік тарихыңызды тексеріп, кемшіліктерді түзетуге тырысқан жөн. Несие тарихы тұтынушының сенімділігін бағалау кезінде банктік скорингте ескеріледі.
Нашар несие – қарыз алушының қарыздармен жұмыс істеу қабілетін көрсететін көрсеткіш.
Бүлінген несие тарихымен де ипотека алуға болады. Банктың мақұлдауы бастапқы жарна, жақсы табыс, ресми табысы бар бірлескен қарыз алушы, кепіл, таңдалған банктегі шоттар сияқты факторларға байланысты. Алайда соңғы шешім банк құзырында, банк бас тарту себебін жарияламауға құқылы. Ипотека алуға өтініш бермес бұрын несие тарихын тексеріп, мәселе туындаса, оны түзету қажет.