Нұр-Сұлтан әуежайы қаруға қатысты қарау тірлікке неге барды?

2178

Қару-жарақ тасушылар мен әуежай арасындағы дауда биліктің қос тармағы бірінші жақты қолдап шықты.

Нұр-Сұлтан әуежайы қаруға қатысты қарау тірлікке неге барды?

Бұл былтыр енгізілген тәжірибе еді. Оны қару-жарақ иелері өздерін кемсіту деп санады. Әртүрлі орынға шағымданды.

Мәселенің мән-жайы неде?

Арыз иелерінің бірі Леонид Янушконың айтуынша, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-ы 2021 жылғы қаңтардан бастап, бір қызметі үшін жолаушылардан ақы ала бастады.

"Әуежай ұшаққа тіркелу кезінде қару-жарақты тіркеу орнынан ұшаққа дейін жеткізу үшін 15 мың теңгеден төлем талап етті. Өкілінің түсіндіруінше, бұл әуежайдың қауіпсіздік қызметінің көрсеткен қызметінің ақысына кететін көрінеді. Сонымен бірге авиакомпания да қаруды ұшақпен тасымалдағаны үшін жеке ақы алады. Онысы енді дұрыс. Ал әуежайдың тірлігін негізсіз деп санаймыз. Өйткені біз жолаушы ретінде сапарлау немесе жүгімізді тасымалдау үшін авиакомпаниямен келісімге отырамыз ғой. Өзгесі, соның ішінде қауіпсіздік қызметінің ақысы – әуе тасымалдаушы мен әуежайдың арасындағы қарым-қатынастар аясына жатады", – дейді ол.

Л. Янушконы әуежайдың тарифі де таңдантты. Жеңіл ғана мылтықты бірнеше метрге жеткізгені үшін 15 мың теңге ақы сұрайды.

"Бұл баға қайдан шыққан, ішіне не кіреді? Қарудың барлық құжаты, рұқсатнамалары бар, оны ашып қарағаннан басқа не істеуге болады? Сараптама жүргізу қажет емес. Бұл айтқанына көне берсек, ертең әуежай шабадандарды ұшаққа тасымалдағаны үшін қарапайым жолаушылардан да ақы ала бастайды ма? Нұр-Сұлтан әуежайының бұл тірлігін монополистің "өзiнше билiк етуі" (самоуправство) деп санаймын", – дейді Леонид Янушко.

Мұндай жағдайға тап болған өзге де қару иелері қарсы шықты. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (Азаматтық авиация комитеті де, елорда әуежайы да соның қоластында) мәліметінше, ведомствоға басқа тұтынушылардан ұқсас шағымдар түскен.

Шағымдар бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамының қауіпсіздік жөніндегі қосымша қызметіне бағалар прейскурантын бекіту туралы" №829/Ө бұйрығына қарсылық-протест білдіріп, оны жоюды талап еткен хат жолдады.

Айтқандай, ол қызмет "Жедел-iздестiру қызметiмен айналысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, жеке тұлғаларға арналған қару-жараққа және оның оқ-дәрілеріне әуе көлігіне дейін ілесіп жүру" деген атауға ие.

Тұтынушыға бір қызмет үшін екі рет төлеттірген

Шағымданушылар былтыр Индустрия министрлігінен бұл тірлікке барған әуежайды жазалауды талап етті.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің пайымдауынша, аталған қызмет бойынша "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ іс-әрекетіне қатысты шара қабылдау министрліктің өкілеттігінен тыс жатыр. Министрліктің Азаматтық авиация комитеті әуежайлардың реттелетін қызметтерінің тарифтерін ғана бекітеді. Оған әуе көліктерінің ұшуын және қонуын, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұшақтарға тұрақ орындарын және базалық аэродромдағы тұрақ орындарын ұсыну қызметтері ғана кіреді", – деп сырғытты ведомство.

Шағымдар үдеген соң, іске антимонополиялық орган білек сыбана кірісті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі астаналық әуежайдың қаруды "сүйемелдеу" қызметіне тариф енгізу мәселесінің заңға қаншалықты сәйкес келетін қарастыра бастады. Өйткені антимонополияшыларға 2021 жылғы 14 шілдеде "Қансонар" республикалық аңшылар қауымдастығы өтінішпен жүгінген еді.

Ізінше қайшылық та анықталыпты.

"Шағымдарда әуе кемесінде қару мен оның оқ-дәрілерін алып жүру бойынша қызмет көрсеткені үшін "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-ның 15 000 теңге мөлшерінде қосымша ақы алатыны айтылды. Алайда авиакомпаниялар әуе кемесімен қару тасымалдау қызметінің құнын онсыз да билеттің құнына қосқан. Салдарынан, Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында жолаушылар дәл сол бір ғана қызмет үшін әуежай мен авиакомпанияға 2 рет төлем жасауға, тиісінше екі есе шығындалуға мәжбүр болған", – деп түсіндірді өз кезегінде антимонополия органы.

Өтінішті қарау аясында агенттік бір маңызды жайтты анықтады. Бұл қызмет "елордалық халықаралық әуежай қызметінің жеке түрі ретінде монополияға қарсы органмен келісілмепті". Өйткені бұған дейін астаналық әуежай ол қызметті "авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша реттелетін қызмет" шеңберінде тегін көрсетіп келген.

Демек оны ақылы еткісі келсе, оның құрамынан бөліп алып, агенттікпен келісуі керек еді.

Сондықтан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі барлық жинаған материалын Бас көлік прокуратурасына жіберді.

Әлгінде айтылғандай, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Авиациялық көлік прокуратурасы агенттік материалдарын қарау қорытындысында осы ақылы қызметтің заңсыздығына қатысты наразылығын білдірді.

Бұған жауап ретінде "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ оның шешімімен келіспей, сотқа талап арыз берді.

Ақыры не болды?

"Бірінші инстанция соты әуе кемесінің бортына дейін қаруға ілесіп жүру бойынша Нұр-Сұлтан әуежайының ақылы қызметінің күшін жойды" деп хабарлады антимонополиялық агенттік.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты елордалық әуежайда көрсетілетін "әуе кемесіне қару-жарақ пен оның оқ-дәрілерін алып жүру" бойынша ақылы қызметті алып тастау туралы Авиациялық прокуратураның талабын қанағаттандырып, шешім шығарды.

Сот шешімі әзірге күшіне енген жоқ. Бірақ осының өзін аңшылар, оққағарлар және басқа да қару иелері жеңіс ретінде қабылдап отыр.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оларға түсініктемесінде "аталған бұйрық күшін жойғаннан кейін әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылуы мүмкін" екенін жеткізді.

"Егер бұйрық күшін жойса, заңсыз алынған кірісті кері қайтару мәселесі азаматтық заңнама аясында қаралатын болады", – деп мәлім етті министрлік.

Қалай болғанда, қару иелерін биліктің қос тармағы – атқарушы (агенттік) және сот билігі қатар қолдап шықты.

Жанат Ардақ  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу