Нұр-Сұлтанда мемлекеттік сарайларда той өткізу бағасы қымбаттайды

1724

Пирамиданың VIP залын енді 1 сағатқа да жалдауға болады.  

Нұр-Сұлтанда мемлекеттік сарайларда той өткізу бағасы қымбаттайды

Елорда әкімдігі "Мәдениет саласындағы коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын белгілеу туралы" жаңа қаулы жобасын жария етті. Айта кету керек, мұндай құжатты 2017 жылы әкім болған тұста Әсет Исекешев қабылдап, баға белгілеп кеткен.

Жаңа құжат бірқатар бағаны екі есеге дейін қымбаттатқалы отыр. Оның үстіне жаңа қызмет түрлері енгізілмек.

Мәселен, постпандемиялық кезеңде "Тәуелсіздік сарайы" келесідей қызметтер ұсына бастайды деп күтілуде: "бірлескен іс-шараларды өткізу үшін жиһазды ұсыну". Атап айтқанда, бұрын ең мәртебелі меймандар ғана жайғасқан алтын жалатылған жұмсақ отырғышы бар 1 орындықты 1 тәулікке жалға берудің құны – 700 теңге. Үстел-парта – 1 тәулікке 1000 мың теңге. Көлемі 2 шаршы метр болатын, аяқтары бар подиум жиынтығы 1 тәулік үшін 6000 теңге.

Бұдан бөлек, бұрынғы қаулыға сәйкес, "Бейбітшілік және келісім сарайын" жалға беру мерзімі 1 тәулікпен есептелетін және одан аз уақытқа алуға рұқсат етілмейтін. Енді оны сағаттап арендаға алу мүмкіндігі ұсынылмақ. "Бірлескен іс-шараларды өткізу үшін Опера залын ұсыну: 1 сағат құны 250 000 теңге" болмақ. Бұған қоса, егер қаптаған қонақтарыңызбен бірге "пирамиданы" көп күн жайлауға көңіліңіз құласа, сізге бұрын-соңды болмаған үлкен жеңілдік беріледі: "бірлескен іс-шараларды өткізу үшін жарық және дыбыс жабдықтарының стандарттық жинағымен Опера залын 10 күннен артық ұсыну қызметтері үшін 1 тәулік бағасы 750 000 теңге".

Салыстыру үшін айтсақ, ескі қаулы бойынша бірлескен шаралар үшін әр тәулік 1 миллион 500 мың теңгеге түсетін.

Негізі, бұл сарайда мысалы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары жиналатын вип-зал – "Атриум" залын 1 тәулікке арендаға алу 1 млн 200 мың теңгеге түседі. Енді Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жаңа қаулыға қол қойса, онда "Атриумда" іс-шаралар өткізу үшін 1 сағатқа 200 мың теңгеден төлесе жеткілікті болмақ.

Пирамиданың ұшар басында, 8 қабатта орналасқан, бөгде жандар көтеріле бермейтін VIP-залды берудің 1 тәуліктегі бағасы қазіргі 250 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өседі деп күтілуде.

"Бейбітшілік және келісім сарайына" экскурсия бағасы артады: бұған дейін ересектер үшін билет 600, ал 6-дан 14 жасқа дейінгі балалар үшін 400 теңге тұрса, бұл сомалар тиісінше 1 000 және 700 теңгеге дейін көтерілуі тиіс. Топ құрамында келетін туристер үшін бұл баға сәйкесінше, 500 және 300 теңге болса, енді 800 және 500 теңгеге дейін өспек. Қалталы адамдарға арналған ағылшын тіліндегі жеке экскурсия бағасы әр адамға 1500-ден 2000 теңгеге, ал қазақ және орыс тілінде – 1000-нан 1500 теңгеге дейін жоғарылайды деп жоспарланған.

Мекеменің "би қоюға көмектесу" қызметі әр би үшін 40 мың теңгеге түсетін, ол алда 100 мың теңгеге қымбаттамақ. Бұл тарапта да жаңа қызметтер қосылады: би ұжымының қойылымын ұйымдастыру бойынша қызметтер толық құрамда – 1 млн 500 мың теңге, бишілердің жеке қойылымы (бір би, дуэт, трио) – 100 мың теңге, хор ұжымының қойылымы немесе хореографиялық топтың өнер көрсетуі – әрқайсысы 400 мың теңгеден.

Бұдан былай бай туристер немесе той иелері тағы бір қызметке жүгіне алады: Нұр-Сұлтан әкімдігінің "Қуыршақ театрын" шақыруға болады. Бұл театрдың "көшпелі спектакль өткізу" атты қызметінің құны келесідей болмақ: бағдарлама ұзақтығы 25 минутқа ұзаса, 80 мың, 30 минуттығы – 96 мың 800, ал 40 минуттығы – 128 мың теңге.

Әрине, театр бұдан ертеректе де көшпелі спектакльдер қызметін ұсынатын, бірақ онысы стандартты еді: 50 минутқа созылады және 350 мың теңге тұрады. Оған келіспесеңіз, келмейтін. Енді кердең қағатын заман жоқ, дағдарысқа орай әлдеқайда икемді болуы тиіс. Жарты сағатқа да жетіп келеді.

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының тарифтері өседі: спектакль билеттері қымбаттайды. 284 адам сиятын үлкен залында бірлескен іс-шаралар өткізу арендасы 1 сағат үшін 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, оның жартысын немесе 148 орындықты жалға алу 50 мыңнан 75 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Оның шағын залында корпоративтік ертеңгілік (корпоративный утренник) өткізудің әр сағаты бұрынғы 100 мың орнына 150 мыңға, үлкен залда – 200 мың орнына 300 мың теңгеге түсуі мүмкін.

"Мемлекеттік академиялық филармонияны" той-думанға шақыру керісінше, енді арзандауы ықтимал: 1 ұжымның өнер көрсетуі қызметі 30 минутқа – 150 мың теңге, 1 сағатқа – 300 мың, ал 1,5 сағатқа ұзаса – 400 мың теңге тұрады. Бұған дейін ол "1 оркестрдің өнер көрсетуі" деген қызмет көрсететін: оның әрбір сағаты 400 мың теңге болатын.

Осы орайда "Астана" концерт залын (бұрынғы Конгресс-Холл) жалға алу құны күрт арзандамақ: Ә.Исекешев қабылдаған қаулыға сәйкес, бұған дейін сондағы филармонияның үлкен залын жалға алу үшін шетелдік орындаушылар 1 тәулікке 1 млн 800 мың, ал қазақстандық орындаушылар – 1 млн 500 мың теңге төлейтін. Алтай Көлгінов ұжымы әзірлеген жаңа қаулы жобасында бұл тарифтерді шетелдік және ресейлік әншілер үшін – 300 мың теңгеге, ал отандық әншілерге, сондай-ақ конференциялар мен семинарларға ұсыну құнын – 200 мың теңгеге дейін түсіру қарастырылған! Зал сахнасындағы үлкен LED экран-сетканы концерттерге ұсыну қызметінің бағасы да қолданыстағы 1 млн 330 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін құлдырайды.

Мұның өз себебі бар. Кейінгі кезде "Астана" залында өтетін шаралар тым сиреді. Онда концерттер емес, кіреберіс-холында жәрмеңкелер өте бастады. Шетелдік және отандық жұлдыздар оны қомсынып, көбіне "Qazaqstan" орталық концерт залы мен "ЭКСПО" аумағындағы жаңа Конгресс-холды таңдайды. Ал мекемеге коммуналдық қызметтер және қызметкерлер алдындағы міндеттемесін орындауы, үнемі төлем төлеуі керек.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің "Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды мұражай кешенінде ЕАЭО азаматтары қазақстандықтарға теңестіріледі: "АЛЖИР" бойынша экскурсияның ересек Қазақстан тұрғынына арналған билеті 300 теңге, ал шетелдіктер үшін 500 теңге тұратын. Жаңа қаулы жобасы бойынша өз азаматтарымыз ғана емес, сондай-ақ "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары" да 300 теңгеден кіре алады. Мұның мәнісі – осы лагерьде посткеңестік кеңістік елдерінің азаматтары көбірек қамалғанында болса керек. Яғни, ол ортақ тарих.

Үш жыл бұрынғы қаулыға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Nomad City Hall" жаңа мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны кірмей қалды. Себебі, ол кезде жаһандық көрме өтпеген еді. Тиісінше, оның орнында осындай ұйым құрылатыны белгісіз болды. ЭКСПО-2017 тарқады, оның салтанаттары өткен зал негізінде Nomad City Hall құрылды. Енді оның да тарифтері бекітілгеді отыр. Нақтылай кетсек, мұнда "Эконом" жабдықтары жиынтығымен шара өткізуге 200 мың теңге талап етіледі. Оған 2 микрофон, 2 микрофон тұғыры, қуаттылығы 20 кВт дыбыстық техника, техникалық жұмыс жарығы және 1 гримерлік бөлме кіреді.

Мұны азсынғандар 300 мың теңгеге бағаланған "Стандарт" жиынтығына тапсырыс бере алады, онда микрофон саны өзгеріссіз қалады, оның орнына дыбыстық техника қуаттылығы 80 кВт-ға дейін артады, Spot 1200 жарықтық пульті бар динамикалық жарық және 8 гримерлік бөлме қосылады. Бұл 1 сағаттың бағасы.

Егер жарты күнге – 12 сағатқа жалдасаңыз, Эконом топтамасы үшін – 750 мың, ал Стандарт үшін 1 миллион теңге сұралады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу