Нұр-Сұлтанда неге жер сілкінді?

12378

Елордалықтар "тұрғын үй кешенінің қабырғаларына дейін қозғалып кетті" дейді.  

Нұр-Сұлтанда неге жер сілкінді?

Жалпы еліміздің астанасы орналасқан жер сейсмикалық аймаққа жатпайды. Соған қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласының Сарайшық көшесінде орналасқан салтанатты тұрғын үй кешенінің (Сарайшық, 36) тұрғындары түн ортасына таман "қуатты сейсмикалық тербелісті" сезінгендерін айтады. Дүрліккен жұрттың бір бөлігі шырт ұйқысынан шошып оянып, не болғанын түсінбей, терезеге қарай жүгірсе, сергек жүргендері сыртқа ұмтылыпты.

"Дүмпудің қуатты болғаны сонша, ол үйдің конструкциясын тербелткендей болды. Бұл "зілзала" әсіресе, үйде тұрып жатқан қарт адамдар мен бөбектерге қатты әсер етті. Қариялар қатты шошынды, жас балалар шыңғырып жылады. Үрейленгеннен ұйқысы шайдай ашылған көптеген адам біразға дейін ұйықтай алмады. Өзіміздің, туыс-туғанымыздың өміріне қауіп төне ме деп қорықтық. Мүлкіміз бүлінбесе екен деп те тіледік, әрине. Бұл жағдай созылмалы кардиологиялық аурулардан зардап шегетін адамдарға теріс эмоционалды ықпал етті", – деп майын тамыза суреттеді тұрғындардың бірі Николай Сафонов.

Бірден айталық, түнді астаналықтардың басым көпшілігі тыныш өткізді. Ал Сарайшық көшесінің осы ауданындағы тұрғындардың түн ұйқысын шын мәнінде табиғи апат емес, адам қолымен жасалған "зілзала" бөлген болып шықты.

Жердің сілкінуі емес, күйреген нысанның дүмпуі

Тұрғындар анықтағанындай, түнге таман Сыртқы істер министрлігінің жанындағы әкімшілік ғимаратты сүру, алып конструкцияларды құлату жұмыстары жүргізілген.

"Президенттің Ақордасына, Үкімет пен Парламент үйлеріне жақын, 500 метрдей жерде осындай сорақы тірлік орын алды. Ертесіне "оқиға орнына" бардық. Ол жұмыстарды қандай кәсіпорын жүргізіп жатқаны, сүру жұмыстарының қандай мемлекеттік шешім негізінде қолға алынғаны, бұл жұмыстарды қандай мерзімде аяқтауды жоспарлап отырғаны туралы жазылған ешқандай ақпараттық паспорты ілінбепті. Ғимаратты күресінге жіберу бойынша жұмыс жобасы жоқ. Қандай лицензияланған ұйым осы жұмыстарға техникалық қадағалау жүргізіп жатқаны да беймәлім. Бұл жұмыстар айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді ғой!", – дейді Н. Сафонов.

Жалпы заңнама бойынша да, құрылыс ережелері бойынша да түнгі уақытта ғимаратты демонтаждауды, құлатуды жүзеге асыруға тыйым салынған.

Сондықтан тұрғындар "осы арқылы әлдебір жеке немесе заңды тұлғалар әлдебір заңсыз әрекеттерін түн қараңғылығымен бүркемелеуге тырысып жатқан шығар?" деп жорамалдап отыр. Олар осындай тірліктер әрі қарай жалғасуы мүмкін деп алаңдайды.

Сол себепті белсенді тұрғындар билік органдарына дереу шағым жазып, "демонтаждау бойынша құрылыс жұмыстарын тоқтатуға, жүргізіліп жатқан жұмыстардың құрылыс нормалары мен ережелеріне, стандарттар мен техрегламенттерге сәйкестігіне сараптамалық бағалау жүргізуге бағытталған шұғыл шара қабылдауды" сұрады.

Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл өтініштің тіркелгенін, тиісті жауап болатынын жеткізді.

Дегенмен мәселе әлденені жасыруда емес, асығуда болса керек.

СІМ бас ғимаратының ту сыртындағы құрылысы аяқталмаған нысанды бұзу жұмыстары биылғы тамызда басталған болатын, ұзап барады. "Сақалды құрылысқа" айналған нысан көп жыл бұрын қолға алынды. EXPO-2017 көрмесі қарсаңында оның ғимараттарының бірі қою-қоңыр түсті шынымен жабылды. Дәл қала ортасында осындай кеспірсіз ғимараттың бой көтеріп жатқанына қатысты түрлі сындар да айтылды. Енді міне, сүріліп жатыр.

"Себебі Сарайшық көшесіндегі аталған ғимарат құрылыс жұмыстарының ережелерін бұза отырып тұрғызылған. Оның үстіне ашық-шашық күйде ұзақ жатқандықтан, нысанның конструкциялары бүлінген. Оны әрі қарай тұрғызып, эксплуатациялау қауіпсіз емес", – деп түсіндірді бұған дейін "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі.

Халықаралық белді ұйымдар елордада шоғырлана орналаспақ

Бұл жер телімінде келесі жылы көп функционалды кешен салынады деп жоспарлануда. Ол кешеннің құрамына "Халықаралық ұйымдардың орталығы" кіретін көрінеді.

"Astana ӘКК" АҚ-ы дерегінше, жобаны толығымен инвестор өз есебінен қаржыландыруда.

"Бұл дегеніміз, құрылыс алаңын дайындау, құрылысын қаржыландыруды ұйымдастыру, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және оны белгіленген тәртіппен бекіттіру, құрылыс жүргізетін мердігерлермен келісім бекіту, объектіні барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту, құрылысы аяқталған нысанды пайдалануға қабылдап алу, сондай-ақ нысан іске қосылуы үшін қажетті басқа жұмыстарды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерге инвестор өзі жауапты", – деп мәлім етті "Astana" корпорациясы.

Бас қаладағы инвестициялық қызметті дамытуға жауапты ӘКК биылғы 27 сәуірде "Халықаралық ұйымдар орталығының құрылысы" жобасын жүзеге асыру мақсатында аталған жер телімін "VYOL" ЖШС-іне тапсырыпты. 2 тамызда "VYOL" компаниясы жер телімінде тұрған объектілерді постутилизациялауға, яғни күресінге жіберу бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат ететін шешімге қол жеткізген. Ал 18 тамызда компания Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына "құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы" хабарлама жолдаған.

Елорданың жаңа орталығының "эпицентріндегі" құны аса қымбат тұратын учаскедегі күресін жұмыстарын астаналық фотограф Владислав Воднев қадағалап, Іnstagram парақшасында "репортаж" жасап жүр.

"Құрылыс салушы деген кәсіп бар, оны бұзушы деген кәсіп те бар. Сарайшық көшесінде сақалды құрылысты сүру жұмыстары жалғасуда. Дәл осындай әдіспен таяуда "Территория комфорта" тұрғын үй кешенін жайратып тастады", – деп жазды ол.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу