Нұр-Сұлтандағы қымбат үйлердің шығыны да шаш етектен

2508

Елорданың ауқатты тұрғындары өз ауыртпалығын әкімдікке артпақ па?

Нұр-Сұлтандағы қымбат үйлердің шығыны да шаш етектен

Бас қалада сыртқы көрінісі тәнті ететін, сәулеті көз сүйсіндіретін заманауи заңғар тұрғын үйлер жетерлік. Өзге өңірлерден келген қонақтар, тіпті ескі үйлерде тұратын астаналықтардың өзі соларда тұруды армандайды, деп жазады Inbusiness.kz.

Алайда мұндай әдемі бейненің ар жағында қаншама бейнет тұнып жатқанын екінің бірі біле бермейді. Біз бұған дейін Highvill Astana және басқа да салтанатты тұрғын үй кешенінің тұрғындары бастан кешіп жатқан қиындықтар туралы жазғанбыз.  

Еліміздегі алпауыт инвестициялық-құрылыс холдингі салған "Family Town" тұрғын үйлер алабы да былайғы жұрт тамсанатын баспана саналады. Ондағы пәтерлердің құны арзан емес: krisha.kz дерегінше, 1 шаршы метрі орта есеппен 387 мың теңгеден жоғары болған. Соған қарамастан, барлық пәтері сатылып кетіпті.

Аталған тұрғын үйлер алабы 2016 жылы іске қосылды. Енді оның тұрғындары мен жылжымайтын мүлік иелері ұлардай шулап, әртүрлі инстанцияларға арызданып жүр.

Олар біріншіден, құрамына 11 көпқабатты үйлер кіретін осынау "қалашықты" жылумен жабдықтап келе жатқан локальды қазандықтарын Нұр-Сұлтан әкімдігі өз балансына алсын деп сұрайды.

Қазандықтары көмірмен емес, газбен жұмыс істейді. Соның арқасында қала өзін көк түтінмен тұмшалауы мүмкін алып ошақтан құтылды. Бірақ бұл жайт тұрғындарын тіпті де қуантпайды. Бұл ірі қондырғыларға құбырдағы емес, құтыдағы сұйытылған газ жеткізілетіндіктен және кейінгі жылдары осы отынның бағасы өскендіктен, ыстық су мен жылу бағасы шарықтап кеткен көрінеді.

Екінші талап та осыдан туындайды: шағымданушылар әкімдіктен ыстық су мен жылудың жоғары тарифін түсіруге жәрдемдесуді өтінеді. 

Бұған дейін қазандықтарды құрылыс компаниясы өзі ұстап келіпті. Енді тұрғындардың меншігіне көшірмек ниетте. Тұрғындары – аз қамтылған отбасылар, осал топ өкілдері емес, бай-бақуатты жандар. Сондықтан "қашанғы құрылыс компаниясына масыл бола бермек?" деген сұрақ туған. 

"Елорданың дәл ортасында орын тепкен біздің тұрғын үйлер алабында қауіпті жағдай орнауда. 2021 жылғы 20 мамырдан бастап, құрылыс холдингіне қарасты басқарушы компания ыстық су беруді тоқтатты. Ал келесі жылғы жылыту маусымы қалай болатыны белгісіз. Компания тұрғындарға "қазандықтарды мүлік иелері бірлестігі өз балансына алсын" деген талап қойды. Бірақ тұрғын үйлерде МИБ әзірге құрылып үлгермеген. Бұл неге қауіпті? Өйткені газбен істейтін қазандықтар – балалар алаңы, аула немесе гүлзәрлар емес. Ол – қауіптілігі аса жоғары нысан. Оны қалай МИБ басқарады! Мұндай нысанды кәсіби рұқсатнамалары, машықтары мен біліктілігі жоқ қарапайым адамдардың қолына бермеу керек. Газ қондырғысына қатысты кез келген әуесқой әрекет, біліксіз іс-қимыл қайғылы оқиғаға, адам шығынына соқтыруы мүмкін", – дейді тұрғын Дина Сапарова.

Олар былтырғы жазда бас қаланың коттедждер қалашығында – Шұбар шағынауданында газ балоны жарылып, адам жазым болғанын алға тартады.

"Бастапқыда құрылыс салушы бұл тұрғын үйлер алабындағы абаттандырылған пәтерлер орталықтандырылған жылу, кәріз, су және электр жүйесімен жабдықталады деп жарнамалады, сол үшін қымбат сатты. "Қалашыққа" "орталықтандырылған" газ қазандықтары қызмет көрсететіні туралы тіс жармады. Бұл туралы құрылыс кезінде де, тіпті кілтті алып жатқанда да хабарсыз болдық. Барлық құпия тек алғашқы есепшоттар келе бастағанда ғана ашылды", – дейді тұрғындар.

Пәтер және мүлік иелерінен шағым қарша борағаннан кейін құрылыс холдингі жылу құнын қоса қаржыландырып, субсидиялауға келіседі. Бірақ бұл міндеттемесін 2 жылға ғана бекіткен. Ол мерзім тез өтті.

Содан соң жылу бағасы күрт шығандады. Оның үстіне жыл сайын көтеріліп келеді. Осылайша, бүгінде "Family Town" тұрғын үйлер алабында өмір сүріп жатқан азаматтар жылу үшін өзге нұрсұлтандықтарға қарағанда 5 есе көп төлейді.

"Фемилитаундықтар" елорда әкімін жиі мазалап жүр. Бастамашы топ шаһар басшысын кездесуге шақырумен ығыр етті.

Ауқатты адамдар аптап ыстықта ыстық сусыз қалғанын қорсынады: мұздай суық су азапқа көбірек ұқсайды. Әйткенмен, қала әкімінің сән-салтанатты үйлердегі игі жақсылардың мәселесін шешуден басқа проблемалары жеткілікті болса керек. Биліктің аз қамтылған отбасыларды баспанамен жабдықтауға баса мән бергені маңыздырақ. 

Әділін айта кету керек, қала әкімдігінің қызметкерлері сорға жолыққан салтанатты тұрғын үйлер алабының тұрғындарымен кездесті. Олар 2023 жылға, әрі кетсе, 2025 жылға дейін бұл аумақ орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесіне қосылатынын жеткізді. Бірақ тұрғындарға бұл үйлерді газ құбырына қосу және тұйықталған қазандықтарды қайта жабдықтау шығындарын өздері көтеруіне тура келмек.

Бұл жағдайдан астанада пәтер алғысы келетін өзге өңірлердің тұрғындары сабақ алғаны абзал: Нұр-Сұлтанда аспанға мойынсұнған көптеген алып үйлер мен тұрғын үй алаптары орталық жылыту жүйесіне қосылмаған. Әрқайсысы не газ, не мазут жағатын өз қазандығынан жылытылады. Сондықтан ондай ТК-лардан баспана сатып алуға бел бусаңыз, ыстық су және жылу бағасы аса қымбат болатынына дайын болыңыз. Кейбір үйде әр пәтер ай сайын жылуға төлейтін сома 45–70 мың теңгеге дейін барады.  

Дегенмен, "фемилитаундықтар" өз үйлерін қалалық газбен жабдықтау жүйесіне қосқыза алса, үлгі-прецедент туғызуы ғажап емес. Онда өзге сән-салтанатты үйлердің тұрғындары да әкімдіктен соны талап ете бастауы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу