"Нұрлы Ертіс" баспанасыз елордалықтарды Павлодар өңіріне шақыруда

2563

Павлодар облысында қолға алынған "Нұрлы Ертіс" қанатты жобасы елордалық көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтыды.

"Нұрлы Ертіс" баспанасыз елордалықтарды Павлодар өңіріне шақыруда Фото: Валерий Бугаев

Бес баласы бар Инара Есіркепова 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысынан бас қалаға қоныс аударыпты. Содан бері пәтер жалдап, күнелтуге тура келді. "Нұрлы Ертіс" бағдарламасының басталғаны туралы білген ол бірден Павлодар өңіріне көшуге бел буыпты.

"Отағасы көлік жөндеу орталығында жұмыс істеді, мен бала күтіміне байланысты үйде отырдым. Жолдасымның айлығы жалдамалы пәтердің ақысын төлеуден әрі аспайтын. Қаржы жинап, өз пәтерімізді сатып алатын мүмкіндік тіпті болған жоқ. "Нұрлы Ертіс" бағдарламасының басталғанын білген соң өтініш беріп, Екібастұз қаласына қоныс аудардық. Облыс басшылығы балаларымды балабақшаға, мектепке, бізді жұмысқа орналастыруға уәде берді. Бастысы, баспанамен қамтамасыз етті. Осындай мүмкіндіктің бұйырғанына қуаныштымыз", – дейді Инара Есіркепова.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін аталмыш бағдарлама аясында 17 көпбалалы отбасы Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға көшті. Қоныс аударушылар үшін кеншілер шаһарындағы жаңа көпқабатты үйден 122 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Әрқайсысының аумағы – 78-80 шаршы метр. Бір шаршы метр үшін ай сайынғы төлем 99 теңгені құрайды. Яғни, әр отбасы шамамен 8 мың теңге төлеуге тиіс. Жалдамалы пәтерде 5 жыл тұрған соң баспананы өз меншігіне алуға құқығы бар. Басты талап – қазірден-ақ Екібастұз қаласында тұрақты тіркеуге тұру.

Оған қоса, оқушыларға тегін мектеп формасы, ыстық тамақ және қоғамдық көлікте жүру билеті беріледі. Ата-аналардың бірі Екібастұздағы автобустармен тегін қатынай алады.

"Қоныс аударушылардың мамандықтарына байланысты жұмыс орындары қарастырылады. Көпбалалы отбасы өкілдерін тек мемлекеттік мекемелерге емес, жергілікті кәсіпорындарға да қызметке орналастырмақ ойымыз бар. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ. Екібастұздық атануды қалайтын Нұр-Сұлтан қаласының көпбалалы отбасыларын қабылдауға әзірміз", – дейді Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов.

Ол үшін елорда тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тұрғын үй қорына барып, өтініш жазуға тиіс. Содан соң өзге отбасылардың да баспана мен жұмыс мәселесі шешілмек.

Бірақ бұл бағдарлама тұрғындардың барлығын бірдей қуанта қоймағанға ұқсайды. Әлеуметтік желі қолданушылары "алдымен өз өңіріміздегі отбасыларды баспанамен қамту керек", "үй кезегінде тұрғанымызға 10 жыл болды, әлі жылжитын емес", "Екібастұзда жергілікті тұрғындардың өздері екі қолға бір күрек таппай қиналып жүр" сынды пікірлерді білдіруде.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу