NYT: Ресейдің 4 мың әскериі Украина шекарасына орналастырылды

7859

Сонымен қатар Украина билігі Ресей украиналықтарды өз әскеріне шақырып жатыр дегенді айтып отыр. 

NYT: Ресейдің 4 мың әскериі Украина шекарасына орналастырылды

Ресей Федерациясының 4 мыңға жуық әскериі Украинамен арадағы шекараға жиналды, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы The New York Times сайтына сілтеме жасап. 

Басылымның дерегінше, өткен аптада АҚШ қарулы күштерінің Еуропалық қолбасшылығы жағдайды бақылау режимін ең жоғары деңгейге көтерген. Вашингтонның мұндай қадамға баруына Ресейдің 23 наурызда аяқталған әскери жаттығулардан кейін өз әскерін шығармауы себеп болған. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж және Ростов облыстарына, сондай-ақ Қырымға қосымша әскер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар пайда бола бастады, деп хабарлайды  Deutsche Welle.

Мәскеудің реакциясы қандай?

Ресейдің қорғаныс министрлігі The New York Times газетінің бұл мәліметіне қатысты тіс жармай отыр. Ел президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей өз қарулы күштерін өз аумағында өз қалауы бойынша орналастырады және бұл жайт ешкімді алаңдатпауы керек деп мәлімдеді. Ол сонымен қатар бұның ешқандай қауіп төндірмейтінін алға тартты. Песков Ресей әскерінің Украинадағы қарулы қақтығысқа ешқашан қатыспағанын және қатыспайтынын айтты.

Киевтің бұл жайтқа қатысты реакциясы қандай?

Ресей шынымен әскерилерін Қырымға, Воронежге және Брянск облысына жіберді және олар маневрлер аяқталғаннан кейін де қалады дегенді Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Руслан Хомчак растады. Ол әскерилердің нақты санына қатысты ешнәрсе айтпады. Бірақ Хомчак Украинаның мемлекеттік шекарасы мен Украинаның уақытша оккупацияланған территорияларында Ресейден келген 28 батальондық-тактикалық топ бар екенін мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Ресей "Батыс-2021" жаттығуларына дайындық аясында Украинаның шекараларына тағы 25 қосымша батальондық-тактикалық тобын жіберуді жоспарлап отырған көрінеді. Хомчак бұл қадам мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін тілге тиек етті.

Халықаралық реакция: Пентагон да алаңдаулы

Әзірге бұл мәлімдемеге қатысты реакциясын тек Пентагон білдірді. Оның баспасөз хатшысы Джон Кирби департамент Ресей әскеріне қатысты ақпараттан хабардар екенін растады.

"Біз Ресейдің Украина шығысындағы агрессиясының өршуіне, атысты тоқтату режимінің бұзылуына алаңдаушылығымызды білдіреміз", – деді Кирби.

Сонымен қатар ол АҚШ қарулы күштеріне қарасты штабтарының басшылары комитетінің төрағасы генерал Марк Миллидің Ресей Федерациясы қарулы күштері бас штабының басшысы әрі Ресей Федерациясы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал Валерий Герасимов және Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Руслан Хомчакпен телефон арқылы сөйлескенін растады.

"Ресей Украина азаматтарын өз әскеріне шақырып жатыр..."

Украинаның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қырым мен Севастопольда өз қарулы күштеріне шақыру науқанына байланысты наразылығын білдірді.
Ресейде 1 сәуірде әскери қызметке шақыру басталған болатын.

"Украинаның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының әскери қылмыс жасауына, яғни Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласының уақытша оккупацияланған аумағында тұратын Украина азаматтарын Ресей қарулы күштерінде қызмет етуге шақыруына наразылылығын білдіреді", - деп жазылған Украина СІМ сайтында.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу