Облыстар кәсіпкерлердің салығымен күн көрмек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5617

Президенттің кей құзіреттерін парламент пен үкіметке беруді мақсат еткен Конституциялық реформаның нақты жемісі Астанада байқалмағанымен, аймақтарда анық көрінгелі тұр.

Облыстар кәсіпкерлердің салығымен күн көрмек

Өткен жылы құзіреті кеңіген үкімет енді орталық ведомствалардың кей құзіреттерін облыстарға өткізбек. Ұлттық экономика министрлерінің дайындаған заң жобасы бойынша орталық ведомствалардың кей құзіреттері жергілікті орындарға өткізіліп, нәтижесінде 300 млрд теңге облыстардың басқаруына берілетін болады. Бұл шағын және орта бизнестің төлеген салығынан құралатан қаражат екен. Осындай өзгерісті ұсынып отырған құжатты ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов әділет министрлігіне барып таныстырды.

Министр орынбасарының айтуынша, үкімет тек қана елдің әлеуметтік-экономикалық саясатымен айналысып, орталық органдар осының аясында өз салалары бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыруға тиіс. Ал осы саясатты іс жүзінде атқару жергілікті органдардың міндеті болуы керек.

Вице-министр осы орайда президенттің биылғы жолдауында айтылған корпоративті табыс салығы (КТС) жергілікті бюджетте қалуға тиіс екенін айтқанын, сонда ғана облыс әкімдіктері аймақтардағы кәсіпкерлікті арттыруға жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Ведомствоаралық комиссия отырысында айтылғандай, мемлекеттік құзіреттерді бөлу жұмысы аясында 40 заңнамалық акт өзгеріске ұшырап, ұлттық экономика министрлігі өткен жылы тоғыз мыңдай мемлекеттік міндеттемені реттейтін 250 шақты заңнамалық актты сараптап шыққан.

"Әкімдіктердің өз бетінше жұмыс істей алуға дайындығын пысықтап жатырмыз. Көп мәселелер орталық органдардың мақұлдауынсыз жергілікті жерлерде шешіле беретін болады. Тағы бір өзгеріс материалдық-техникалық қамтамасыз етуге байланысты. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", – деді министр орынбасары.

Өткен жылдың соңында қабылданған 2018-2020 жылдарға арналған "Республикалық бюджет туралы заңда" 2018 жылғы бюджет шығыстары 8 трлн 949,6 млрд теңге деп бекітілген. Орталық органдардың әкімдіктер бюджетіне "тәуелсіздік" бергенінен кейін облыстар бюджеттеріне қосымша 300 млрд теңге түсетінен айттық. Аталған сома жалпы республикалық бюджеттің небары шамамен 3,3%-ы. Дегенмен, аталған 300 млрд теңгенің шағын және орта бизнестің төлейтін корпоративті салығы екенін ескерсек және республикалық бюджеттің корпоративті табыс салығынан түсетін сомасы шамамен 1,8 трлн теңге екенін есепке алсақ, үкімет барлық республика бойынша түскен корпоративті табыс салығының 17 пайызын облыс әкімдіктерінің басқаруына бермек.

Алайда, бұл Астана әр облыстың бюджетіне қосымша орта есеппен 20 млрд теңгеге жетер-жетпес ақша аударады деген сөз емес. Өңірдегі кәсіпкерлердің төлеген корпоративті табыс салығының бір бөлігін облыс әкімдіктері Астанаға жолдамай, өздерінде ұстап қалмақ.

"2017 жылғы республикалық бюджет туралы заңға сай" былтыр үкімет облыстарға 1,5 трлн теңге көлемінде субвенция жіберген. Соның ішінде ең көп ОҚО-ға 365 млрд теңге, ал ең аз БҚО-ға 47,5 млрд теңге аударылған. Ал орташа есеппен әр облыс Астанадан 100 млрд теңге қаржы алып отыр. Енді қосымша 300 млрд теңге облыстың өзінде қалатын болса, үкімет аймақтарға бұрынғыдан шамамен 20 пайыз кем аудармақ. Әрине, бұл облыстарды экономикалық тәуелсіз етіп жібермейтіні белгілі.

Демек, бұл бастаманың түпкі мақсаты айналып келгенде республикалық бюджеттің кірісін арттыру ғана секілді. Өйткені, Астана аталған 300 млрд теңгеге араласпайтын болса, облыс әкімдіктері осы ақшаны өздері жинауы керек болады. Тиісінше, кәсіпкерлердің корпоративті табыс салығын тыянақты төлеп тұруын қатаң бақылайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу