Беларусь елі неге мұнай сатып, шалқып өмір сүрмейді

5224

Ел қатаң санкцияға ілікті, ал мұнайы тұңғиық тереңде. Оны өндіру үшін Батыстың жаңа технологиялары керек.

Беларусь елі неге мұнай сатып, шалқып өмір сүрмейді Фото: canva.com

Еуразиялық одақ бойынша одақтасымыз Беларусь дегенде, алдымен еске ауыл шаруашылығы тауарлары түседі. Қазақстандық сөрелер соған толып тұр.

"Анау Беларуське қараңыздаршы, бір тамшы мұнай жоқ болса да, аграрлық саланы дамыту арқылы елін еш қамсыз асырап отыр", – деді депутаттардың бірі.

Шынында, олай емес. Бұл елдің қойнауы да мұнайға толы. Тек оны игеретін технологиясы жоқ.

Өткен аптада, 17 сәуірде Беларусь Президенті Александр Лукашенко елдің мұнайының молдығына сенімді екенін мәлімдеді. Тек іздеу жағы кемшін көрінеді.

"Мені мында хабардар етті. Бүгінде Беларусьтік мұнайдың барланған өнеркәсіптік қоры небәрі 45 миллион тонна көрінеді. 2016-2023 жылдары ол қор бар-жоғы 14 миллион тоннаға өсті. 2023 жылы 2,5 млн тонна қосылған, бұл соңғы 40 жылдағы рекорд. Демек, әлдебір түкпірде жасырулы жатыр деген сөз. Қайталап айтамын: барыңдар, елге қажеттіні табыңдар!", – деді Лукашенко республиканың минералдық-шикізат базасының жай-күйі туралы кеңесте.

Жергілікті сарапшылар кеңес заманында бұл салаға жете назар аударылмағанын қаперге салады. Қазақстанның, Әзербайжанның, Сібір өлкесінің және басқасының супергигант кен орындарынан қара алтынның бұрқақтары бірінен соң бірі атқылап жатқанда, Кеңес одағына "мұнайлы Беларусь" тіпті де керек емес еді. Одақтық мамандануда бұл республикаға тек "Аграрлық ел" рөлі бөлінді.

Масқарасы сол, өз елін мұнайдың игіліктеріне жеткізбек болған ұлт ұландарын советтер репрессиялап отырған. Мысалы, республиканың БЕЛТА мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, беларустік мұнай барлау саласының негізін геолог Михаил Громыко қалаған. Географ Николай Арбузкинді қасына ертіп алған ол 1930 жылдан бастап, Речицкий уезінде мұнайлы жер қатпарларын іздеуге кіріседі. Ғалымдар ғылыми іздеу жұмыстары сыртында, жергілікті көпті көрген ақсақалдар арасында арнайы сұрау салады.

Алайда КСРО Громыкоға бастаған ісін аяғына жеткізуге мүмкіндік бермеді: қуғын-сүргінге салып, ақыры шетелге кетуіне мәжбүр етті. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының өзінде Белоруссияның жер қойнауы қазба байлыққа, соның ішінде көмірсутекке толып тұрғаны туралы ғылыми тезис тұжырымдалған. Кеңес өкіметі оны қалың пәпкілерге тығып, шаң басқан архивтерге жолдапты.

Бірлі-жарым белоруссиялық барлау бұрғылау экспедициялары" тұңғиықтарда тұнған қорларға жете алмады. Айтқандай, Михаил Громыконың пайымы дұрыс болып шықты, ол іздеу жүргізген Речицкий уезінен жер бетіне жақын жатқан мұнай қорлары да табылды. Ол кен орындарынан тәулігіне 600 тоннадай қара алтын алынады.

"Біздің мұнайымыз үлкен тереңдіктерде жатыр. Ондағы жер жыныстары күрделі. Сондай-ақ 5 шақырымға дейінгі тұңғиықтағы қыртыстарда орналасқан. Тұтастай алғанда, ол мұнай жеңіл, құрамында күкірті аз. Егер оны ресейлік Urals маркалы мұнайымен салыстырсақ, онда Беларусьтік қара алтынның сапасы әлдеқайда жақсы! Бірақ мәселе ол мұнай қорларына жетудің қиындығында. Ол кен орындарын игеру үшін жаңа технологиялар талап етіледі", – деп ашық мойындады БР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Табиғи ресурстардың бас басқармасының бастығы Василий Колб.

Ондай жоғары технологиялар дамыған Батыс елдерінің қолында ғана бар. Тіпті Қытай да ол деңгейге жеткен жоқ. Батыс әлемі технологиясын Беларуське бермейді. Өйткені Беларусь өзіне қарсы енгізілген халықаралық санкциялардың саны жөнінен әлемдегі антилидерлердің бестігіне кіреді. Оның үстіне дамыған және дамушы елдер оған қатысты "қара тізімдерін" дүркін-дүркін толықтырады.

Халықаралық сарапшылардың түсіндіруінше, бұған республиканы сонау 1994 жылдан бері табан аудармай басқарып келе жатқан Президент Лукашенконың демократияны тұсаулауы, бәсекелестерін, қарсыластарын қудалауы, түрмеге қамауы, Украинаға шапқыншылыққа көмектесуі және басқа да ағат саяси қадамдары ықпал етті.

Белоруссиядағы (кеңес тұсындағы атауы) жер бетіне жақын, мұнайы оңай алынатын кен орындарын пайдаланудың бүкіл тарихында өндірістің шырқау шегі 1975 жылға келді. Сонда бір жылда 8 миллион тоннаға жуық қара алтын шығарылған. Содан кейін мұнай өндірісі тек құлдырай берді және ақыры 2 миллион тонна межесінде түсті.

Лукашенко 2021 жылғы қыркүйекте "Белорусьнефть" компаниясының басшысын қабылдағанда, сол заманның қайта айналып соққанын аңсайтынын жеткізді.

"Қазіргі жағдайымыз көңілсіз. Мен солай деп санаймын. Беларусь кезінде жылына 8 миллион тоннадай мұнай өндірген. Шіркін-ай, сол заман қазіргі кезде болса, жылына 8-9 миллионнан мұнай алып отырсақ, біз әлемдегі ең бай елдің бірі болар едік! Өкінішке қарай, ондайымыз жоқ", – деді Президент.

2013 жылы республика үздіксіз құлдыраған мұнай өндірісін 1 млн 645 мың тонна шамасында тұрақтандыра алды. 2017 жылдан бастап, шамалы өсім тіркелуде. Беларусь енді қара алтын өндірісінде жылына "2 миллион тонна" белесіне қайта көтерілуді мақсат етіп отыр.

Лукашенко жер астының әлдебір түкпірінде қара алтынның көп қоры тығулы жатқанына сенетінін мәлімдеді. Сондықтан жауапты шенеуніктерге геологиялық барлауды өрістете түсуді жүктеді. Табуын табар, оны алар технология қайда?

"Бізде, Беларусьте ұңғыманы көлденең, горизонталды бұрғылау тәсілі қолданылады. Кейбір жерде классикалық тік бұрғылау да кездеседі. Бірақ көлденең немесе "колтюбингтік" бұрғылаудан мұнай көбірек шығады. Бірақ бұрғылау және басқа жұмыстар орасан зор инвестицияны талап етеді. Онсыз қалай ілгерілейді? "Белорусьнефтьте" мұнайын алу қиын қорлар бойынша зерттеу жүргізетін институт құрылды. Мемлекет басшысы біртіндеп өндіріс көлемін арттыру міндетін қойды. Ғалымдарымыз көмірсутекті барлау және игеру бойынша  жаңа технологияларды ойлап табуға тиіс", – деді Василий Колб.

Табуын табар, бірақ оларды жасау үшін де жоғары технологиялар, "ақылды" станоктар қажет.

Одақтасымыздың ғалымдары бір салыстыру келтірді. Беларусьте барланған мұнай кен орындары Гомель және Могилев облыстарының аумағында орналасқан. Онда өткен ғасырдан бері 144 миллион тоннадан астам мұнайы алынған. Мол қордың басым бөлігі – алынуы қиын ресурсқа жатады. Қарапайым тілмен айтқанда, негізінен, 4 шақырымға дейінгі тереңдікте жатыр. Мысалы, әзірге ең тереңі саналатын "Предречицкая №1" ұңғымасынан 6 755 метр тереңдікте мұнай шықты. 

Салыстырсақ, Ресейдегі мұнайға ең бай кен орындары 1 шақырымдық тереңдіктен басталады.

Сондықтан түпсіз шыңыраудағы қара алтын қазіргі санкция астындағы Беларусь үшін жеткізбес арман болып тұр. Арманына жету үшін санкциялардан арылуы шарт.

Әйтпесе, жергілікті басылымдардың жазуынша, тереңдерден мұнай өндіру технологияларын әзірлеумен айналысатын Геология жөніндегі ғылыми-өндірістік орталықтың өзінің технологиялық қоры 90% (!) тозған. Бұған қоса, жаңа әдістемелер, бағдарламалар, заманауи технологиялар керек.

Тіпті шенеуніктердің өздері жер қойнауында жатқан мол мұнай беларусьтердің келесі ұрпақтарының игілігі болатынын, қазіргі аға ұрпаққа аграрлық жетістіктерді місе тұтуға тура келетінін түсінеді. Әрине, егер болашақ ұрпақ демократия жолына түсіп, Батыстың санкцияларынан арыла алса.

"Мұнай – мұқият зерттеуді қажет ететін пайдалы қазба. Біз бүгінде қаптатып ұңғыма бұрғылап, оларды консервацияланған күйде ұстай аламыз. Егер бүгінде кен орнын игеру экономикалық тұрғыдан орынды болмаса, онда келер ұрпақ оны консервациядан шығарып, игілігін көре алады", – деп үмітін үкіледі Беларустің Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басқарма бастығы Василий Колб.

Әзірге, өткен аптада "Белорусьнефть" сейсмикалық барлаудың бұрғылау жабдығына арнап, жаңа әзірлемесін енгізгенін мақтана жариялады.

Оның өкілдерінің түсіндіруінше, Беларусьтік инновация "бұрғылау жабдығының қанша уақыт жұмыс істегенін автоматты түрде есептейді". Яғни, уақыттың автоматты түрде есебін жүргізеді. Бұған дейін аталған операция қарапайым сағаттың көмегімен орындалыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу