"Қайрат" кәсіби футбол клубы толықтай жекенің қолына өтпек. Ал еуропалық компаниялар Алматыдағы медициналық мекемелерге инвестиция құйып, басқару тізгінін қолға алуға ниет танытып жатыр. 2020 жылға дейін қаладағы коммуналдық кәсіпорынның дені сатылымға шығарылады.
Алматы қаласының Қаржы басқармасы өткен жылғы жекешелендірудің нәтижесіне оң баға беріп отыр. Қала қазынасына 472 млн теңге табыс түскен. 2016 жылы қаладағы 8 спорт клубы және бір логистикалық ұйым жекешелендірілген. Ең қымбат сатылғаны осы соңғы кәсіпорын: "Global ecological group almaty" ЖШС (мемлекет үлесі 49%) компаниясы 417,6 млн теңгеге бағаланған.
Жекеге жол бер!
Науқан биыл да жалғасады. Қаржы басқармасы 2017 жылы 3 ұйымды аукционға шығаруды жоспарлап отыр. Олар – Ә. Қастеев атындағы көркемөнер және техникалық дизайн мектебі, "Алматыжарнама" мекемесі (мемлекет үлесі 51%) және "Қайрат" футбол клубы (мемлекет үлесі 30%). Алайда кәсіби футбол клубындағы 30%-дық үлес таласқа түспейтін сынды.
"Клубтың негізгі құрылтайшысы бар. Ол қалаға тиесілі үлесті белгіленген бағамен өзі-ақ сатып алуы мүмкін. Ондай жағдайда аукцион өткізілмейді. Атаулы сауда ғана өтеді, яғни негізгі сатып алушымен ғана шарт жасалады", – деді Алматы қаласы қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Құдайбергенова.
Науқан барысында жекеменшікке өткен спорт клубтары мыналар: Халықтық-ұлттық спорт түрлері клубы (15,1 млн т), регби клубы (6,8 млн т), Әйелдердің "Айсұлу" хоккей клубы (5 млн т), "Алматы" хоккей клубы (5,2 млн т), воллейбол клубы (11, 1 млн. т), гандбол клубы (1, 2 млн т), велосипед клубы (5,0 млн т), баскетбол клубы (4,4 млн т).
Айта кетейік, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарын үкімет мемлекет басшысының 2015 жылғы халыққа жолдауынан кейін жасақтады. Президент тұрақты экономикалық өсімге жол ашу әрі бәсекелестікті арттыру үшін мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды барынша жеке секторға өткізуді, мемлекеттің экономикадағы үлесін 15%-ға төмендетуді тапсырған. "Үкімет жекеге сатылатын ұйымдарды іріктеуде "Yellow pages" ұстанымына сүйенуге міндеттелген. Яғни мемлекет кәсіпкерлермен тайталаспай, бизнес игеріп жатқан саладан алшақтауы тиіс. Бұл ұстаным АҚШ, Сингапур, Норвегия елдерінде нәтижелі іске асқан", – дейді Айнұр Құдайбергенова.
Аты бар, заты жоқ
Жекешелендіру Алматы қаласы әкімдігінің жүгін жеңілдеткендей болды. Әсіресе қазынаға қарайлап күн көрген спорт клубтары енді жаңа қожайынға бағынышты бөлек шаруашылық болады. Алдағы уақытта клубтардың екінші тынысы ашылуы мүмкін. Енді олардың коммерциялық жобаларды жүзеге асыруда өз еркі өзінде болады.
"Спорт клубтары жекеменшікке өткенімен, мемлекет олардың қызметіне жүгінуден бас тартпайды. Мемлекеттік тапсырыс көлемі сол күйінде сақталады. Клубтар тендерге бұрынғыша атсалысады, алайда енді мемлекеттік емес, заңды тұлға ретінде, жалпыға ортақ тәртіп бойынша қатысады", – деп түсіндірді Айнұр Құдайбергенова.
Бірақ бұл ұйымдардың барлығы дерлік "мөрі мен құжаты" ғана бар мекемелер. Активтері, айталық жеке ғимараты, жері, басқа да мүлкі жоқ. Сондықтан да арзан сатылды. Кей клубтардың аты белгілігі болғанымен, атауының, яғни брэндтің бір тиындық құны жоқ. Бұқаралық спорт түріне деген қызығушылықтың төмендігін осы мысал ғана емес, жалпы жекешелендірудің өзі айғақтап тұр. Спортта брэнд бағасы материалдық емес, эмоционалдық құндылықтан құралады. Адамдар неғұрлым көп таныса, бренд бағасы соғұрлым қымбат болады.
"Біз аукцион қарсаңында спорт клубтарының құнын әр қырынан анықтауды кәсіби бағалаушыларға тапсырдық. Нарықтық бағасын барынша нақты бағалауды талап еттік. Алайда жеке спорт бренді ретінде құнын есептеу мүмкін болмады", – дейді Қаржы басқармасының жетекшісі.
"Қазақстанда спорт коммерцияға бейімделмеген, тіпті ТМД елдері аумағында өз шығынын ақтап, табыс тауып отырған клубтар бірен-саран", – дейді жекешеленген "Айсұлу" әйелдердің шайбалы хоккей клубының директоры әрі жаңа құрылтайшысы Александр Мальцев. Спорт клубының мемлекеттен бөлектенуі тосын әрі тың жаңалық деген жаттықтырушы, пішіні өзгергенмен, клубтың мәселелері сол күйінде шешусіз қалып отырғанын баяндады. Ең күрделі мәселе – жеке жаттығу базасының жоқтығы. Алматы қаласы әкімдігінің қоластында болған кезде, команданы жаттықтыру шығындарын мемлекет өз мойнына алған. Енді жаңа құрылтайшы, яғни клубтың бұрынға директоры әрі әйелдер командасының жаттықтырушысы бұл мәселені өзі шешуге мәжбүр. Әйелдердің хоккей командасы құрылған күннен бері әлі күнге дейін өзге алаңда жаттығып жүр.
"Шайбалы хоккейден әйелдер клубы 1995 жылы құрылған, ал "Айсұлу" клубы заңды тұлға ретінде 2005 жылы тіркелді. Сол уақыттан бері неге жеке спорт брэнді болып қалыптаспағанымызды түсіндіру қиын. Жетістігіміз биік деп айта алмаймын, бірақ босқа тер төгіп жүрген жоқпыз. Әйелдер арасындағы хоккей танымал спортқа жатпайды, жалпы бізде әйелдер спортына деген қызығушылық төмен. Біз коммерция тұрғысынан танылу керектігін енді ғана түсініп жатырмыз. Бәлкім жекешелендірудің бір пайдалы тұсы осы шығар", – деген клуб құрылтайшысы, жеке спорт клубтарының қызметін мемлекет әрі қарай да қадағалауы тиіс деген пікірін білдірді.
"Жекешелендірудің тағы бір артықшылығы – демеушінің қолдауына сүйену. Алайда қазір қомақты қаржы бөліп, клубтың сақталуына күш-жігерін жұмсайтын меценат табыла бермейді. Сондықтан менің ойымша, клуб қызметін мемлекет пен демеушілер бірлесе қолдаса дұрыс болар еді, – дейді Александр Мальцев.
Ал Халықтық-ұлттық спорт түрлері клубының құрылтайшысы Роман Данильченко жаңа коммерциялық бағытқа тез бейімделген сияқты. "Біздің клуб өз жұмысын жалғастырып жатыр, тіпті бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды. Үнемнің не екенін түсініп жатырмыз. Нарық қатынастарына қабілетті күшейттік", – дейді. Алайда алдағы уақытта оңтайландыру күтіп тұрғанын мәлімдеді. Клуб қаржыны өз бетінше қалай табуға әрекеттеніп жатқаны туралы сұраққа "Жоспарымыз бар. Тек жеке клуб болғандықтан, "коммерциялық құпия" деген ұғым енді бізге де сіңді", – деп қысқа қайырды.
Сенімді серіктес
2020 жылға дейін Алматыда мемлекет меншігіндегі 90 кәсіпорын сатылады. Қаржы басқармасы жүргізген талдауға сүйенсек, бизнестің басқаруына тапсырылатын кәсіпорынның жалпы саны – 356. Олардың 90% ‑ әлеуметтік сала нысаны.
"Тоқсан кәсіпорынның барлығы бірдей сатылмайды. Бірсыпырасы сенімді басқаруға беріледі. Оған қоса мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) тәсіліне сүйенеміз. Осы бағытта сенімді басқаруға емханаларды, ауруханаларды, шипажайларды және кәсіби білім беру мектептерін тапсыру ойда бар. Осындай мекемелерге қаржы құйып, дамытуға ниетті инвесторлар бар, тіпті шетелдік инвесторлар тарапынан да қызығушылық байқалып отыр", – дейді Қаржы басқармасының жетекшісі.
Айнұр Құдайбергенова жаңа менеджмент енгізілуі мүмкін әлеуметтік және білім беру нысандарының тізімі үкімет бекіткен күнде бірінші тоқсанның соңында белгілі болатынын хабарлады.
Оның айтуынша, шетелдік компаниялар Қазақстанның медицина саласына әлдеқашан көз тіккен. Отандастарымыздың шетелдік клиникалардың қызметіне жиі жүгінетіні, қаржы қысқанына қарамастан, елден тыс орталықтарда ем қабылдауға ұмтылуы сапалы медициналық қызметке деген ішкі сұраныстың тұрақты қарқынын аңғартса керек. Халық іздеген сапа енді халыққа бір табан жақындауы мүмкін.
"Алматыда клиника ашуға еуропалық клиникалар да қызығушылық танытып жүр. Ниеттері түсінікті. Алматы – Қазақстандағы іскерлік орталық, инфрақұрылымы дамыған, климаты қолайлы. Тұтынушылық деңгей жоғары. Егер шет елдік клиникалар сапалы медициналық қызмет ұсынса, науқастар диагностиканы да, ем-домды да осында қабылдайды, яғни қаржы Қазақстанда қалады. Екінші жағынан, бұл медициналық туризмді де дамытады. Сапалы ем іздеп шетелден Қазақстанға келушілер көбейеді", – дейді Айнұр Құдайбергенова.
Айта кетейік, сенімді басқаруға берілетін мемлекет қарамағындағы кәсіпорындар жекешелендіруге жатпайды. Тараптар тек ұзақ мерзімге қолдану шартын бекітеді.
Алматыдағы бір коммуналдық мекеме МЖС тәртібімен сенімді басқаруға тапсырылды. Қазір "Жас отау" неке сарайы жеке инвестордың еншісінде. Коммуналдық меншік нысаны ретінде сақталатын мекеме ғимаратына қалпына келтіру жұмысын жүргізу міндетін енді инвестор өз мойнына алады, бірақ халық тұтынатын қызмет түрлерінің тарифін сақтай отырып, неке сарайының жұмысын өз жоспарына сәйкес, барынша коммерциялық бағытта дамытуға құқылы. Алматы әкімдігі жеке инвесторға шығыны мол тағы бір нысанды тапсыруға ниетті. Ол – Орталық стадион. Бұл нысан да қала меншігінде сақталады. Дегенмен табыс тапқанынан гөрі, қаңырап бос тұратын күндері көп спорт нысаны жеке сектордың мүдделі өкілдеріне өтсе, қызметіне қан жүгіре ме деген үміт бар. Жоспар бойынша, Орталық стадион сенімді басқаруға 2020 жылға дейін беріледі.