Ойын-сауық бизнесінің шағымы үкіметтің құлағына жетті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4108

Қазақстандықтардың бос уақытында көңілін көтеріп, ойын-сауық қызметін ұсынатын бизнесмендердің ұжымдық шағымы қараусыз қалмайтын болды.

Ойын-сауық бизнесінің шағымы үкіметтің құлағына жетті

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті "Алматы қаласы бойынша бірыңғай салық мөлшемелерін белгілеу туралы" қаулы жобасын әзірледі. Онда тіркелген салық орнына балама енгізу қарастырылған.

Бұл жерде құжат атауында Алатау бөктеріндегі шаһардың атының аталуы бекер емес, оның өзіндік сыры бар.

Дәл осы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылдың басынан бері салықтық мөлшерлемелерді ең төменгі мөлшерге дейін азайтуды сұраған ұжымдық арыздардың астында қалыпты.

Соның ішінде, мәселен, мұндай арыз-шағымдар "Райс Трейд", "Happylon Corporation", "Иллюзион-Максима", "EMC Plus", "Абли Бастау", "Болашақ", "JJ-Games" серіктестіктері, "Бабашов А.Б." жеке кәсіпкерлігі, "Amusement Park Management" ЖШС, "Чежия" жеке кәсіпкерлігі, "A-Service Management" ЖШС, "Gold Тау" ЖШС ұжымдарынан келіп түсіпті. Тіпті негізгі қызмет аясы Астанада орналасқан "Хан Шатыр" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де салық төлеушісі ретінде ірі мегаполиске хат жолдауды жөн деп тауыпты. Мұндай өтінішті сондай-ақ "Қазақстанның боулинг федерациясы" қоғамдық ұйымы да жазған көрінеді.

Осыған орай, алматылық департамент қызметкерлері салық төлеушілердің нақты табысын және нақты шығындарын анықтау мақсатында тексеру және хронометраждық зерттеу жүргізген.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл сала бірде ілгері басып, енді бірде дағдарып, буырқана дами алмай отырған көрінеді.

Атап айтқанда, 2016 жылы бұл салада 228 кәсіпкерлік субъект тіркеліпті. Олардың қолында 3 мың 60 объект, ойын-сауық орталығы болған. Тарата айтсақ, оның ішінде 42 боулинг ойын жолы, 448 бильярд үстелі, 773 тек бір ойыншымен ойын өткiзуге арналған ұтыссыз ойын автоматы, 202 біреуден артық ойыншылардың қатысуымен ойын өткiзуге арналған ұтыссыз ойын автоматтары, 1555 ойын өткiзу үшiн пайдаланылатын дербес компьютер болыпты.

2017 жылы ойын-сауыққа маманданған бизнес нысандарының саны 272-ге, ал объектілер саны 5 мың 889-ға дейін жеткен. Алайда соның ішінде бір жыл ішінде боулингтің ойын жолы тек екеуге ғана (44), ал бильярд үстелі 152-ге (жалпы саны 550) ұлғайған. 1 ойыншыға қызмет көрсететін, ақшалай ұтысы жоқ ойын автоматтарының саны 780, көп ойыншыға арналған қаржылай ұтыссыз ойын автоматтарының саны – 269 болған. Ойын компьютерлерінің саны ғана еселеп артып, 4 мың 245-ті құрапты.

Дегенмен, өткен жылы кейбір көрсеткіштер салада төмендеген. Мәселен, бизнес субъектілерінің саны 269-ға түсті. Яғни, кейбірі жабылып қалған. Рас, табыстыларының өз қызметін өрістетуі нәтижесінде объектілер саны 6 мың 442-ге көбейді. Нақтырақ тоқталсақ, оның ішінде ойын жолы – 62, бильярд үстелі – 525, бір адамдық ұтыссыз ойын автоматы – 735, көп адамдық ұтыссыз ойын автоматы – 203, ойынға арналған дербес компьютер – 4 мың 705 және 1 картинг.

Мемлекеттік кірістер органының түсіндіруінше, "тіркелген салық" ұтысты ақшалай емес, тек жетонмен немесе сыйлықтармен беретін ойын автоматтарын, компьютерлік ойын өткізуге пайдаланылатын дербес компьютерлерді, боулинг, кегельбан жолдарын, картингті, бильярд үстелін пайдалана отырып, қызмет көрсететін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға салынады. Бұлардың өкілдері өз шағымдарында ақшалай ұтыс бермейтін ойын бизнесі үшін салықты азайтуды сұрауда.

Мұндай мәселе тек Алматыда ғана емес, тіпті Астанада да бар. Бірақ әзірге елордада боулинг орталықтар, компьютерлік клубтар, балалардың ойын автоматтары және басқалары үшін салық төмендетілмейтіні анықталды.

"Біз бұл мәселені сонау 2016 жылы елордалық мәслихатының қарауына шығарғанбыз, өйткені тіркелген салық мөлшерлемесін де сол бекітеді. Алайда мәслихат бұған барудан бас тартты. Ол кезде тіркелген салық көлемін төмендетуді сұрап, балалардың ойын орталықтары мен боулингтер жүгінген болатын. Кейінгі 4 жыл ішінде 8 боулинг орталығынан тек жұмыс жасайтын 4-еуі ғана қалды. Қалғандары салық жүктемесін көтере алмай, жабылып қалды", – дейді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов.

Оның мәліметінше, тіркелген салық мөлшерлемелері әр санат үшін жеке бекітіледі. Мәселен, боулингтер 1-83 айлық есептік көрсеткіш аралығында төлейді, Астанада бұл мөлшерлеме 77 АЕК-ке тең. Қаржыға шаққанда, он ойын жолы бар бір боулинг клуб ай сайын 1,7 миллион теңге төлеуі керек. Мұның сыртында салық кодексінде белгіленген өзге де салықтар жүктемесі қосылады.

"Негізі, тіркелген салық деген абсурдты нәрсе. Әу баста ол ақшалай ұтыс тарататын ойынханаларға қатысты қолданылады. 2018 жылдан бастап, бұрынғы салық кодексіне сәйкес, ол жойылуға тиіс болған. Алайда жаңа салық кодексіне сәйкес, оның мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылып отыр. Бізде компьютерлік клубтар ашқысы келетін кәсіпкерлер бар. Бірақ олар ісін бастай алмай отыр. Себебі, олар басқа кәсіпкерлер сияқты өзге салықтарды төлеу сыртында, қосымша осы тіркелген салықты да төлеуге мәжбүр", – дейді кәсіпкерлік ұйым өкілі.

Ол компьютерлік ойындар киберспорт деп танылғанын, тиісінше, компьютерлік клубтар киберспорт федерациясына кіретінін де алға тартады. Бұл ретте мәселен, спорттың өзге түрлері бойынша клубтар тіркелген салықты төлемейді. Ал компьютерлік клубтар әр компьютері үшін 4 АЕК көлемінде жергілікті бюджетке қаржы аударуға міндеттелген.

Бұл ретте сарапшылар тіркелген салықтың қалалық бюджеттің қоржынын қампайтар жергілікті салық екендігіне назар аудартады. Демек, оның мерзімінің ұзартылуы артында әкімдердің лоббиі жатуы да ықтимал.

Қазақстанның боулинг федерациясының вице-президенті Махмұт Исхаков спорттық-ойын-сауық мекемелері көп жылдан бері күйзелісті бастан кешіп жатқанын айтады. Бұл 2009 жылы боулинг пен бильярдты ойын бизнесіне қосудан және тіркелген салықты төлеуге міндеттеген кезден басталған.

"Боулинг пен бильярд – казино мен ақшалай ойын автоматтары залдары сияқты табыс таппайды. Осы қатарға балалардың әткеншектері, ойын-сауық парктері, картингтер де кіріп кеткен. Оның үстіне 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, спорттық-ойын-сауық мекемелері үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер жойылды. Бұл да қосымша ауыртпалық. Салдарынан, кейбір осындай мекемелер банкрот алдында тұр. Боулингтер, ойын-сауық парктері өте үлкен ауданда орналасады. Демек, жыл сайын көтеріліп жатқан жалдау ақысы да үлкен шығынға отырғызады", – дейді ол.

Қалай болғанда, заңнама бойынша келесі жылдан бастап, бұл салық түрі жойылмақ. Ұтыссыз ойын бизнесі содан кейін қарқынды даму даңғылына аяқ басуы әбден мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу