Оқушыларды заңсыз киіндірген

Римма Ивахникова Римма Ивахникова
2851

Қазақстан жеңіл өнеркәсібі мектеп формасы нарығындағы үлесін арттыра алмады.

Оқушыларды заңсыз киіндірген

Отандық компаниялардың мектеп формасы нарығындағы үлесі бұрынғыша 7%-дан аса алмай отыр. Бұл жайында abctv.kz-ке Қазақстан жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова айтты. Оның сөзінше, Қытай мен Түркиядан заңсыз әкелінген тауарлардың көптігінен өндірушілердің үміті ақталмай отыр.

Кәсіпкерлердің бағалауынша, Қазақстандағы 2,9 млн оқушының есебінен мектеп формасының нарығы шамамен 43,5 млрд теңгені құрап отыр, ал мектеп формасы орташа есеппен 15 мың теңге тұрады. Бұл сегмент екі жыл ішінде елдегі барлық жеңіл өнеркәсіп көлемінің жартысынан көбін жабады деп жоспарланған болатын.

Орта білім беретін ұйымдарға арналған мектеп формасына деген талап үкіметтің бұйрығы бойынша 2016 жылдың қаңтарында бекітілді. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы барлық стандартқа сай мектеп формасын тігуге дайын 55 отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің алдын ала тізімін жасады деп ЖӨКҚ сайтында көрсетілген.

Импортты алмастыруды қолдау бойынша 2016-2017 жылдары нарықты 50%-ға дейін қазақстандық тауармен толтыру жоспарланған еді. Жергілікті билік қалаларда жеңілдетілген бағамен мектеп формасын сататын нақты орындарды белгілеу туралы мәселені қарастырды.

Алайда көптеген ата-ана қытайлық және түріктің мектеп формасын сатып алғанды жөн көрді. Қытай мен Түркиядан келетін тауарлар негізінен заңсыз әкелінеді. Тауарлар сертификатталмайды, оның адам денсаулығына зияны жоқ екені де тексерілмейді деп атап өтті ол. Саудагерлер ешқандай салық төлемейді, сондықтан қытайлық және түркиялық тауар отандық өнімге қарағанда көп арзан.

Атап айтсақ, "Атамекен" КҰП бағалауынша, мектеп формасын тігу нарығы 2016 жылы да 7% болған.

Ал келесі оқу жылында жағдай қандай болатыны жайлы Любовь Худова сөз қозғағысы келмеді.

Оның айтуынша, отандық өнімнің сатылуы өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауына байланысты болады. Осы жылы Талдықорған мен Астанада форум өтіп, онда қазақстандық өндірушілердің тауарлары таныстырылған. ЖӨКҚ президентінің ойынша, жағдайды өзгерту үшін мұндай форманы барлық өңірлерге енгізу керек.

"Мектеп басшылары қауіпсіз, функционалды және талғамға сай мектеп формасын тігетін отандық өндірушілердің бар екенін білуі керек. Сол себепті базардан техникалық регламентке сай келмейтін костюмдерді сатып алмау туралы ұсыныс жасауы қажет", – деп түсіндірді ол.

Любовь Худованың айтуынша, үкіметтің бұйрығында мектеп формасын тек отандық өндірушілерден сатып алсын деп көрсетілмеген. Тек мектеп формасының түсі мен стандарты бойынша ғана ұсыныс берілген. Сондықтан нарықтың үлкен бөлігін бұрынғыша импорттық және көбінесе заңсыз өнім алып жатыр.

Заң жүзінде декларация жасалмаған Қытайдан әкелінген тауардың соңғы ірі партиясы осы жылдың 2 қазанында белгілі болды. Әкелінген заттардың жалпы құны 65 млн теңге. Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шекара арқылы 2692 жейде, 816 джинсы шалбар, 4832 мамық куртка, 480 жүні бар куртканы заңсыз алып өтпек болған.

Тауарлар қазақстандық екі компанияға арналған, ал олардың біреуі осы жылы жалған декларация жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ЖӨКҚ президенті жарияланбаған өнімдердің мұндай көлемі елге күн сайын әкелінеді деп есептейді.  

"Импорттық маталар елге тонналап және текшелеп әкелініп жатыр. Біз шоғырландырылған жүк туристің жеке заты деген бүркеме атпен келіп жатқан контрабандалық өнім деп есептейміз. Іс жүзінде бұл алымсыз тауар әкелу. Заң бойынша жеке тұлғалар 50 келіге дейін жүк әкеле алады. Бұл жүктер үздіксіз ағылып жатыр. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан шекараларынан мыңдаған адам күн сайын сөмкелері мен түйіншектерін алып өтуде", – деді Любовь Худова abctv.kz-ке.

Алматы қаласындағы  мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасы abctv.kz тілшісімен болған әңгімеде ЖӨКҚ-тің айтқандарымен келіспейтінін айтты. Олардың мәліметі бойынша, осы жылдың тоғыз айында кедендік тексеру басқармасы 4785 автокөлік құралына, 1019 контейнерге, 255 теміржол вагондарына, 553 авиакөлікке тексеріс жүргізген. Нәтижесінде кедендік заңды бұзған 590 факті тіркелген. Оның ішінде "Экономикалық контрабанда" бабы бойынша тауарларды жалған декларациялауға қатысты қылмыстық белгісі бар алты факті болған. Жарияланбаған тауарлардың жалпы кедендік құны 339 млн теңгені құраған.

Ал қалған заң бұзшылықтың 584 фактісі – әкімшілік құқық бұзушылық деп танылған.  

"6702 кедендік декларацияны тексеру нәтижесінде кедендік заңды бұзған  590 факті анықталды. Қарқынды жұмыс жасап жатырмыз, көлеңкелі экономикамен күресудеміз және заң жүзінде жұмыс істеудеміз. Барлығын бірдей контрабандымен айналысты деп айыптауға болмайды. Тауарлар заңды түрде әкелінеді. Ал біздің кәсіпкерлердің мектеп формасы нарығында тек  7%-ға қол жеткізуі бұл осы сегменттегі бәсекелестік деп ойлаймын", – деді   Алматы қаласындағы мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Заңғар Шындалин.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары  қауымдастығы президенті үкімет өкілдері елге келетін тауарларды қадағалауы тиіс деп есептейді. Сондай-ақ ол СТ-KZ сертификаты жоқ тауарларды сауда үйлерінде сатуға заң жүзінде тыйым салуды ұсынып отыр. Оның ойынша, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп басқаша дамиды деу қиын.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу