"Өлік өртеудің" үкіметтік үлгісі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3816

Мұсылманның миына, шариғаттың шартына сыймайтын бастама елді елеңдетіп отыр.

"Өлік өртеудің" үкіметтік үлгісі Фото: sputniknews.kz

Біздің үкімет "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген сөздің мағынасына мән бермейтін және тірілердің тірлігін түгендеп, жағдайын жасап тастадық деп ойлайтын секілді. Бұлай деуімізге Нұр-Сұлтан қаласында құны 1 млрд 519 мың 285 мың теңгені немесе 3,6 млн долларды құрайтын крематорий салу бастамасының көтерілуі және оның көпшіліктің талқысына салынуы түрткі болды.

Құрылысы биыл басталатын зираты бар крематорий 2022 жылы пайдалануға беріледі. Жобаға Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасының басшысы Самат Сәрсенғалиев жетекшілік етеді. Құрылысқа жергілікті және республикалық бюджеттің қаржысы жұмсалады. Бұл – крематорий салық төлеушілердің есебінен салынады деген сөз.

Жоба дәстүрлі жерлеу орны бар зираттардың аумағын азайтуды көздейді. Мұсылманның миына, шариғаттың шартына сыймайтын бастамаға дінтанушы, Қайрат Жолдыбайұлы қарсылық білдірді.

"Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?! Жерлеу біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ сыйлау біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз. Әрине, мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса солай, шашыраңқы, иқы-жиқы бейіт тұрғызуды доғаруымыз қажет. Ысырап қылып, зәулім-зәулім күмбезді зират тұрғызуды тоқтатуға тиіспіз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпытасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мүфтият крематорий салуға ресми түрде өз позициясын білдіруге, зиярат тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс", – деді дінтанушы.

Сорақылығы сол, биологиялық және медициналық қалдықты жою, түсінікті тілмен айтқанда қайтыс болғандарды өртеу бастамасын қолдап отырған адамдар бар. Олар салмақты түсініктемесіз, деректі дәйексіз, құр сөзбен фәниден бақиға өткендерді кремациялау қажет дегенді алға тартып отыр.

Айта кетейік, елімізде крема­торий салу бастамасы  алғаш рет 1987 жылы көтерілді де, жөргегінде жерленді. Себебі мәйітті масқаралауға халық қарсы болды.

Біреу білер, біреу білмес, Қазақстанға крематорийдің салынбауына  Дінмұхамед Қонаев тікелей ықпал еткен. Ол амалын тауып, Мәскеуден келген бұйрықты орындамаған.

Қазақ тарихында бір-ақ адамның  – Алаш қайраткері, Қазақ автономиясы ағарту саласының министрі Смағұл Сәдуақасұлының ғана сүйегі өртеліп, күлі Дон зиратына көмілген. 2011 жылы марқұмның құтыға салынған сүйегінің күлі Қазақстанға жеткізіліп, шариғат шарты бойынша елорданың "Жастар" шағын ауданындағы мұсылман зиратына жерленді.

Айтпақшы бұған дейін Алматыда крематорийдің жобалық-сметалық құжатына тендер жарияланды. Қайтыс болған адамдардың денесін өртеуге арналған нысан бір үлкен бөлме мен екі пештен тұратыны, жобаға 46,8 млн теңге бөлінетіні және қоғам қарсы болып отырған "өлік өртеу" мекемесі Алатау ауданындағы жаңа мәйітхананың жанынан бой көтеретіні  хабарланды. Сол кезде Алматы қаласы қоғамдық кеңе­сінің мүшесі, экс-депутат Нұрлан Жазыл­беков: "Дүниежүзінде қауіпті инфекциялық індетпен ауырған адамдардың мүрдесін крематорийге жөнелту тәжірибесі бар. Инфекциялық ауру 5, не 50 жылдан кейін жердің астында сақталып қала ма, мәселе осында. Ауа арқылы тарап, адамдарға зиянын тигізсе ше? Крематорий жақындары жоқ, аты-жөні белгісіз адамдарды жерлеу ісін де шешеді. Пандемия бүгін басталып, ертең жалғаспайды деп ешкім айта алмайды", – деді.

Бұл жерде пандемия сыныққа сылтау ғана сияқты. Әйтпесе оба кезінде де адамдар жер қойнына тапсырылған.

"Жерлеудің ортақ стандарты қажет. О дү­ниеге барғанда бай да, кедей де болмайды. Өкінішке қарай, елімізде тірілердің қаласымен қатар, "өлілердің қаласы" өсіп келеді. Бейіт басына 1-2 млн теңгеден асатын кесене, ескерткіш қойып жатқанын көріп жүрміз. Бұл қара халықтың ашуын келтіреді. Ел нан таба алмай жүргенде  дүниеден озғандарға миллиондаған қаржыға ескерткіш қойғаннан не пайда? – дейді Нұрлан Жазыл­беков.

Оның айтуынша, Алматыда Кеңсай зираты­ның жер аумағы ұлғайып барады.

"Тау бөктері азамат­тар демалатын жер болуға тиіс. Қазірдің өзінде зираттар 800 гектар жерді алып жатыр", – деді ол крематорий салу қажет деген ойын бекіту үшін.  

Астана медресесінің дирек­торы, діндар ғалым Бақтыбай Бейсенбаев крематорий салуға және оны іске қосуға түбегейлі қарсы.

"Адам өртеу – зұлымдық. Қазақ жерінде Абай заманында да талай ауру, індет тараған жоқ па еді? Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы "Жастар" ауданында обадан қайтқан адамдардың зираты бар. Санитарлық-гигиеналық талапқа келсек, ол жерде қауіптенетін еш нәрсе қалмаған. Мүрденің бәрі шіріп, топыраққа айналып кеткен. Исламда адам қайтыс болғаннан кейін, оны өртемек түгілі, бір жерін ауырту тірі кезінде ауыртқандай әсер етеді деп саналады. Сондықтан өлікке бұлай қиянат жасауға болмайды. Бұған қатаң тыйым салынған", – деді медресе дирек­торы.

Жерлеу рәсімдері бюросының өкілі Юрий Назаренко елімізде крематорийге сұраныс жоқ екенін кесіп айтты.

"Кремацияны айына 1-2 адам ғана сұрайды. Бұл қызметке мүлдем сұраныс жоқ деуге бола­ды. Бұл қызметті қа­лай­тындар туысының денесін Новосібір, Мәскеу қалаларына жібереді. Ресейде кремация мен күл салатын қобдиша 15-20 мың рубль, біздің ақшаға айналдырғанда 120 мың теңге. Өз басым бұл бастаманы қолдамаймын. Православ діні­нің өкілі болсам да, мұсылман елінде тұрып жатқанымызды мо­йын­дауымыз керек. Біздің ата-бабаларымыздың бәрі жер қойнына тапсырылған. Мәселен, күндердің бір күні дүниеден оз­сам, жақындарымның жанына жерленуімді қалар едім. Кремация ислам-православ діндерінде жоқ, бұл буддизмге жақын ғұрып", – деді ол.

Оның айтуынша, биологиялық және меди­циналық қалдықты көму үшін психикасы мықты адамдар қажет. Кім көрінгенге бұл істі жүктеуге болмайды.

"Мұсылман елдерінде крематорий жоқ. Мұндай ғұрып этникалық буддистер тұратын мұсылман елдерінде ғана кездеседі. Қазақстанға крематорий қажет емес", – деді Юрий Назаренко.

Әлеуметтік желі қолданушысы Жандос Дүйсекеев те крематорийге қарсы пікір білдіріп, жанайқайын жеткізді.

"Жақында "жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын", "қабір азабынан сақтасын" деген қазақтың қазалы қауымға көңіл айтар сөзі архивке аттанғалы тұр. Енді қабір болмайды, туған жердің топырағы бұйырмайды. Мазарат көрсе, бет сипайтын халық едік, енді крематорийға барып күл жинайтын боламыз. "Сіздерде біздей болғансыз, бізде сіздей болармыз" деп өлімді, қабірді еске алып, бір сәт пендешіліктен бас тартқызатын молалар "модадан" қалар.

Қазақстан 2,7 млн шаршы шақырым жер көлемімен дүниежүзі бойынша 9-орында бола тұра, үкіметтің жылына орта есеппен 45 мыңға жуық қайтыс болатын марқұмдарға жер тауып бере алмаймыз деуі қаншалықты дұрыс.

1 млрд 519 млн 285 мың теңгеге крематорий салу қаншалықты қажет? Әлде "Жақсы ит өлігін көрсетпейді" дегендей, "көкелер" зиратта жатқысы келмей ме? Олай болса осыдан 3 жыл бұрын бюджеттен 450 млн теңге шығындап, Ұлттық пантеон неге салдырды? Жоқ, әлде жалғанды жалпағынан басып өткен "VIP өліктерге" топырақ бұйырып, қарапайым марқұмдар крематорийде күлге айнала ма?

"Бәйтерек", "Ханшатыр", EXPO сынды зәулім ғимараттарымен қуантатын Нұр-Сұлтан крематориймен" шошытпашы!", – деп түйді ойын Жандос Дүйсекеев.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу