Олимпиада сыртында қазақстандық спортта жалған атақтар жанжалы басталды

10923

Саладағы былыққа сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі назар аударды.

Олимпиада сыртында қазақстандық спортта жалған атақтар жанжалы басталды Фото: canva.com

Аралас жекпе-жектен әртүрлі халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшы Арман Әшімов әділетсіздікке жаны күйіпті.

Биылғы наурызда ол биліктегілерге видео үндеумен жүгініп, іштегі запыранын шығарып, барлық мән-жайды жайып салған болатын.

"Спортта жүргеніме 17 жыл өтіпті. Қаншама еңбек етіп, тер төктік. Қазіргі кезде өзім халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Қазақстанда, әлемдік чемпионаттарда сайысқан кәсіпқой спортшымын. Айтайын дегенім, Астана қаласында Молдатаев деген кісі "Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы" атағын алыпты. Шынында, ол кісінің спортқа мүлдем қатысы жоқ. Тағы бір жаңалық айта кетейін. Ә.Бауыржан "Жекпе-жектен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері" атағын иеленіпті. Оның да қатысы жоқ", – деді Арман Әшімов.

Ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Спорттық атақтар мен біліктілік санаттарын беру туралы" бұйрықтың көшірмесін де жариялады. Онда "ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы" спорттық атағы 10 өңірдің тұрғынына тағайындалғаны көрсетілген. Арасында шымкенттік Қуанышбекова мен павлодарлық Булкенов – тоғызқұмалақтан, астаналық Молдатаев – жекпе-жектен, Жамбыл облысының тұрғыны Махамбетов – карате-до шотоканнан, қарағандылық Туспеков – пара-армрестлингтен, қостанайлық Пашков пен шымкенттік Скорин – ауыр атлетикадан, БҚО тұрғыны Шаймарданов – "қол күресі ТҚАЗ"-дан, қызылордалық Балкенов пен Беркімбай – парадзюдодан "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы" спорттық атағын алғаны көрсетілген.

Мессенджерлер арқылы сілтемесі тарап кеткен бұл үндеуге ел басшылығының және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назары ауды. Маусымда тергеу басталғаны хабарланды. Құзырлы органға жауапты тұлғалар жауап беруге шақырылған. Үндеудегі дерек расталыпты. Басқа былықтар әшкереленген көрінеді.

Ақыры Антикор "Жекпе-жек" қоғамдық бірлестігі федерациясының президенті сотталғанын жариялады. Бірақ сот оны бас бостандығынан айырмаған, қаржылай жазалаған.

"Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Жекпе-жек" ҚБ федерациясының президенті Е.Алимбетовке қатысты үкім шығарды. Ол 2021 жылы Алматы қаласында өткен "Жекпе-жек" спорт түрінен әлем чемпионатының хаттамаларын қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 3 миллион 692 мың теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді", – деп хабарлады Антикор.

Агенттіктің дерегінше, жалған құжаттарды пайдаланып, Алимбетов спортқа еш қатысы жоқ адамдарға "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" және "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы" спорттық атақтарын беруге өтінімдер ұсынған.

Антикор әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Арман Әшімовтың үндеуіне жолыққандарын жеткізді.

"Қазақстандық аралас жекпе-жек күресшісі А.Әшімовтің жалған спортшыларға "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы" және "Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері" спорттық атақтарын негізсіз беру туралы бейнеүндеуі зерделенді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған жарияланымға уақытылы жауап беріп, сотқа дейінгі тергеуді тіркеді", – деді ведомство.

Агенттіктің ұсынысы бойынша жалған спортшылар спорттық атақтарынан айырылыпты.

Жалпы, кейде спортшылар бейресми әңгімеде журналистерге спорттық атақтардың ашықтан ашық сатылатынын айтып жүр. Оның бағасы бірнеше миллион теңгеге дейін баратын көрінеді. Тек айыппұл төлеп құтылса, ол шығынын кейінгі "сатылымнан" қайтармай ма?

Сондықтан Антикор жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижесінде Туризм және спорт министрлігінің атына "жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныстар" енгізді. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев салада ондаған жылдар бойы тамыр жайған бұл кесірлі тәжірибені жоя ала ма, ол жағы белгісіз. Ақмола облысының экс-әкімі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қыркүйектегі жарлығымен осы саланың тізгінін өз қолына алған. Министр болғанына таяуда бір жыл толады. Сала сол бойы былығып жатыр.

Антикор Маржықпаевтың командасына бірқатар ұсыным-рекомендация берді. Атап айтқанда, министрлік:

  • Спортты теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік туралы халықаралық стандарттарды ратификациялауды қамтамасыз етуі,
  • жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды орталықтандыруы,
  • жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін Е-sport Ұлттық цифрлық платформасын енгізуі,
  • сол тұғырнамада инфрақұрылым, спорттық іс-шаралар мен жетістіктер, жалпы спорт саласына тартылған адамдар бойынша толық деректерді жинақтауы керек.

Туризм және спорт министрлігіне отандық бүкіл спортшылар, спорт сарайлары, спорт кешендері, стадиондар, спорт залдары және басқа да инфрақұрылымдар, спорттық жарыстар мен ондағы жетістіктер туралы бірыңғай деректер қоймасын құру жүктелді. Антикор тек сонда ғана спорт саласындағы жемқорлық қауіп-қатерлерін болдырмауға мүмкіндік болатынын ескертті.

Онсыз қазақстандықтар шынында кімнің спортшы, кімнің спортқа қатысы жоқ алаяқ екенін ажыратудан қалды. Барлығында – бір куәлік.

Жалпы, антикоррупциялық агенттік Қазақстанның спорт саласына "жемқорлықтың жоғарғы деңгейі" тән екенін ашық айтты. Салдарынан, осы саланың бюджетінің орасан зор ұлғайтылғанына қарамастан, Қазақстанның әлемдік спорттағы рейтингі нашар болып тұр.

Тек Антикор ғана жыл басынан бері спорт саласында 39 коррупциялық қылмысты тіркеген. Сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны сонша, Спорт министрінің бұрынғы орынбасары, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Спортты дамыту дирекциясының басшысы және басқа ірі лауазымды тұлғалар қылмыстық жазаға тартылды.   

Тек соңғы 6 жылда осы саладағы бюджет 2 есеге өсіп, 1,4 триллион теңгені құрады. Қаржы тасқыны ғаламат. Соған қарамастан, қазақстандық спорттық беделі әлемдік аренада құлдырап барады.

"Осы сала бюджетінің 90%-ы "жоғары жетістіктер" спортына жұмсалады, қалғаны "бұқаралық" спортқа беріледі. Салдарынан, қаржыландыру арасында теңгерімсіздік байқалады. Дамыған елдерде пропорция мүлдем өзгеше: бұқаралық спортқа қаражат көбірек бөлінеді. Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды. Егер бұқаралық спортта цифрландырылған, жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, ал, жоғары жетістіктер спорты керісінше, ашық емес. Онда еш жетістіксіз субъективті төлемдер төленеді, бақылау мардымсыз. Сыбайлас-аффилирленген қатысушылар тартылады. Ақшасы игерілген, бірақ өткізілмейтін жалған оқу-жаттығуларға, іс-шараларға және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған", – деп атап өтті Антикор төрағасы Асхат Жұмағали.

Соңғы Олимпиадада Қазақстан әзер дегенде, 43-орынға табан тіреді. Көп спортшы артылған үмітті мүлдем ақтамады. Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева сияқты Ресейде туған легионерлердің түрлі сылтаумен Олимпиадада Қазақстанның намысын қорғаудан бас тартып, Парижде қыдырған соң кетіп қалуы, артынша жүлде қоры мол контрактілік турнирлерге қатысуы халықтың ашу-ызасын туғызуда.

Өзбек елі жаһандық рейтингте 13-орынға көтерілді. Жалпы алғанда, қазақстандық ұлттық құраманың Париждегі жазғы Ойындарға дайындығына ғана 1 миллиард теңгедей шығындалған.

"Ұлттық құраманы дайындауға және оның Олимпиада ойындарына қатысуына шамамен 980 миллион теңге жұмсалды", – деді туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Сөйтіп, саңлақтарының даярлығына бізден төрт есе аз қаражат бөлген Өзбекстан төрт есе артық нәтиже көрсетті. Қазақстан небәрі 1 алтынды місе тұтса, Өзбекстан бірден 8 алтын иеленді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу