Олжас Бектенов бастаған жаңа Үкімет үлкен бетбұрыс жасамақ

11375

Жаңа Үкімет экономиканың "территориясын" тастап шығатын болды.

Олжас Бектенов бастаған жаңа Үкімет үлкен бетбұрыс жасамақ Фото: Үкімет

"Жаңа Қазақстанда", 2021 жылдан 2025 жыл аралығында Жекешелендірудің екінші толқыны жүргізіліп жатыр. E-QAZYNA мемлекеттік тізілімі ақпараттық жүйесінің мәліметінше, оның қорытындысы мәз емес.

Беделді әкімдер, сөзі өтімді министрлер өздерінің майшелпек активтерін "Жекешелендірудің кешенді жоспарынан" жаппай шығартып алды. Мысалы, бастапқыда тегіс жекенің қолына тапсырылады деген футбол, хоккей, баскетбол клубтары және басқа спорт командаларының өзі әлі күнге бюджет пен ұлттық компаниялардың мойнында масыл болып отыр. Сарапшылар айтып жүргендей, шенеуніктер мен әкімқаралар олар арқылы бюджет қаржысын жымқыру схемаларын жүзеге асырмайтынына еш кепіл жоқ. Берілген қаражат толық көлемде ойыншыларға дейін жете бермейтін көрінеді.

Сонымен, реестрде көрсетілгендей, бар-жоғы 5 республикалық меншік саудаға шығарылып, оның 3-еуі жалпы сомасы 6 млрд 390,4 млн теңгеге өткізілді. Екеуі – Алматыдағы "АВТОТРАНССТРОЙ" ЖШС мен "АЙТ-ОТЕЛЬ" қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны сол бойы "сауда алдындағы дайындықтан" өтуде.

Әкімдерге қарасты коммуналдық меншік ішінен әу баста жалпы саны 219 кәсіпорын жекешелендіруге тиіс деп анықталған еді. Бірақ ақыры соның 153-ін ғана сату туралы шешім қабылданды. Оның ішінде бүгінде 145-ін инвесторлар жалпы құны 10 млрд 711,7 млн теңгеге алды.

Министрліктер жанындағы ұйымдар, ұлттық компаниялар да дүние-мүлкін жеке секторға бергісі келмей, желімдей жабысып, жармасуда. Кешенді жоспарға сәйкес, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жалпы саны 59 ірі активі жекенің қолына ауысуға тиіс болатын. Алайда жартысынан азы, 25-і ғана саудаға қойылды. Оның 23-і жалпы көлемі 50 млрд 542,6 млн теңгеге өткізілді.

6,3 миллиард теңгеге бағаланған "ПЕТРОПАВЛ АУЫР МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ" және 1,5 миллиард теңге сұралған "ҚАЗАҚСТАН ВАГОН ЖАСАУ КОМПАНИЯСЫ" әзірше инвесторларды қызықтырмапты.

Кешенді жоспардың бастапқы нұсқасында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға 148 активінен арылу тапсырылған еді. Олар оның 126-сын бизнеске табыстауға келіскен. Соның 110-ы арзанға, жалпы сомасы 1 млрд 326,8 млн теңгеге кетті.

Осылайша, Жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізілген 431 мемнысанның ішінен ақыр соңында сауда алаңдарында 307-сі қалды. Оның 281-ін сатудан билік жалпы құны 68 млрд 971,6 млн теңге түсірген.

Бұл жекешелендіруді негізінен Мамин және Смайылов үкіметтері жүргізді. 2021 жылғы 23 қыркүйекте, Президенттің  жолдауы бойынша брифинг өткізген сол кездегі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14%-ға дейін қысқаратынын жариялады.

Кейін, 2023 жылғы 31 тамызда Үкімет басшысы ретінде Ә.Смайылов "мемлекеттің экономикадағы үлесі шамамен 14%-ға дейін азайғанын" мәлімдеді.

Сарапшылар бұған сенбейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары "Қазақстан бойынша кешенді елдік шолу" баянжазбасында, мемлекеттің бизнеске араласа беруін "даму жолындағы негізгі кедергі" деп атады.   

"Қазақстанның ерекшелігі сол, ондағы экономикалық ықпал – Үкіметтің және жеке ойыншылардың (олигархтардың) аз шоғырының қолында сол бойы шоғырланып қалды. Бұл жайт инвестициялардың ағынына кедергі жасап, экономикалық даму динамикасына тежеу болып тұр. Бүгінде мемлекеттік, квазимемлекеттік кәсіпорындар мен бюджеттік құрылымдардың ІЖӨ-дегі үлесі сол бұрынғыдай, 30%-дан 40%-ға дейін барады. Осы арқылы билік бірқатар нарықтардағы бағаларды қатаң мемлекеттік бақылауда ұстауға күш салады. Әр саладағы нарыққа мемлекеттік интервенция жүргізу мүмкіндігін сақтайды. Шенеуніктер өздерімен сыбайлас компанияларға жол ашу мақсатында бәсекелестікті қалағанынша шектейді", – деді ЭЫДҰ сарапшылары.

Олар Қазақстанға кезекті рет мемлекеттің экономика мен бизнеске араласуын азайтып, қатаң шектеуге кеңес берді. Онсыз Қазақстанның дамыған елге айнала алуы неғайбыл.

Осы орайда таяуда бір топ депутат бұрынғы үкіметтер тұсында жүргізілген жекешелендіру тәсілдерін қайта қарауды ұсынған болатын. Депутаттардың сауалына қайтарып отырған жазбаша жауабында жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов сондай ниеті барын жеткізді.

"Кәсіпкерлік қызметтегі мемлекеттің еншісін қысқартуға бағытталған жұмыстар аясында биылғы 2024 жылы кең ауқымды талдау жүргізіледі. Оның барысында жұмыс істеп тұрған бүкіл мемлекеттік кәсіпорындардың, сондай-ақ мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардың қызметі зерделенеді. Олардың тауарлық нарықтарда әрі қарай қалуының орындылығы бағаланады", – деді ол.

Яғни, бұған дейін кәсіпорын-ұйымдарын мемлекеттің иелігінде, бюджеттің қаржыландыруында алып қалған әкімдер мен министрлерге, ұлттық компаниялардың топ-менеджментіне мұның мемлекетке қаншалықты қажетін, стратегиялық маңызын тағы дәлелдеуге тура келмек.

Бектенов осыған қатысты ұлттық заңнаманы өзгерту жоспарын да жария етті.

"Бұған қоса, мемлекеттің экономика мен бизнеске қатысуының, соның ішінде бәсекелестігі мен ұсынысы төмен тауарлық нарықтарға мемлекеттің субсидиарлық қатысуының жаңа концептуалды тәсілдемелері анықталып, заң жүзінде бекітіледі. Кейбір жекеменшік компанияларда, нарық субъектілерінде мемлекеттің үлесі бар, ол уақытша қатысу ретінде белгіленген. Оның да орындылығы пысықталады. Мемлекет тек стратегиялық және әлеуметтік объектілерді өз иелігінде сақтап қалуы керек. Бұдан бөлек, Үкімет енді тиімді жекешелендіру үшін экономикалық жағдайлар жасауға кіріседі", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының өзіне биылғы 7 ақпанда берген тапсырмасына сәйкес, жекешелендіру процесін әрі қарай жетілдіру жұмыстары қолға алынғанын хабарлады.

Оның айтуынша, Мемлекеттік мүлік реестрі қайта қаралады. Жаңа жекешелендірудің нақты шарттары айқындалады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет "Экономиканы либерализациялау шаралары туралы" Президент Жарлығының жобасын әзірледі.

Олжас Бектеновтың мәліметінше, Жарлық жобасы экономиканы жан-жақты, кешенді ырықсыздандырудың жүйелі шараларын енгізуді, соның есебінен мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайтып, тең бәсекелестікті дамытуды қарастырады.

Мысалы, қазіргі кезде ірі мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан инвесторлардың ішкі нарыққа арзандау бағамен сататын шикізатын ірі үш мұнай өңдеу зауыты алып қояды. Салдарынан, елімізде мұнай өнімдерінің өндірісі дамымай, кенже қалды.

Қазақстанның бір облысының аумағындай ғана Беларусь жылына 21-23 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеп, оны бензин, дизель, жағармай түрінде Ресейге, өзге елдерге сатып, табыс табады. Астатөк мұнайдың үстінде отырған Қазақстан жылына 16-17 млн тоннасын ғана өңдейді. Бензин мен дизельді Ресейде тасиды.  

"Тауарлық-энергетикалық кешенде бәсекелестікті дамыту үшін мұнай өнімдерінің биржалық саудасының көлемін арттыру, жекеменшік мұнай жеткізушілердің мұнайды өңдеу қызметтеріне тең қолжеткізуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нарығындағы бағаларды реттемей, босату шаралары қабылданады", – деді О.Бектенов.

"Жаңа либерализация" саясаты аясында көлік пен байланыс нарығында біріншіден, теміржол жүк тасымалы нарығында бәсекелі модельді енгізу ұсынылады. Екіншіден, "Қазақтелекомның" қоластындағы бір ұялы байланыс операторын жекешелендіру, жеке инвесторға сату аяқталады. Сондай-ақ жаңа операторлар пайда болуы, 5G желісіне инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында радиожиілікті спектр босатылады.

Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың отандық өндірушілерінің дамуын ынталандыру, тұрғын үй құрылыс жинағы саласындағы мемлекеттік банктің монополиясын жойып, мұндай қызметті екінші деңгейлі банктердің көрсетуіне мүмкіндік беру, мемлекеттің ипотекалық кредиттеу нарығына қатысуын азайту және басқа шаралар пысықталуда екен.

Ел тарихындағы жаңа либерализациялау науқанын бастайтын Жарлықтың жобасы қазіргі уақытта Президент Әкімшілігінің қарауында жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу