"Өмір сүру" бюджеті қабылдануы мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3844

Кедейлік шегін төмендетудің және халықтың табысын арттырудың бағдарламасын әзірлеу қажет.

"Өмір сүру" бюджеті қабылдануы мүмкін

Үш жылға арналған республикалық бюджетті сенаторлар сараптап жатыр. Құжат мәжілістен келген қалпында қабылдана ма, әлде толықтыру мен өзгеріс енгізу үшін кері қайтарыла ма? Бұл жағы белгісіз.

Белгілісі пандемияның екінші толқынына тосқауыл қою үшін республикалық бюджеттен 238,7 млрд теңге қосымша қаржы бөлінеді. Оның 143,4 млрд теңгесі медицина қызметкерлеріне үстемақы ретінде, 11,7 млрд теңгесі эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы түрінде үлестіріледі. Ал экономиканың нақты секторын дамытуға 261,7 млрд теңге жұмсалады.  

Қаржы министрі Ерлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше, республикалық бюджеттің тапшылығы 3,5% деңгейінде сақталып, бюджет шығысының көлемі 205 млрд теңгеге өседі. Нәтижесінде бюджет шығысының көлемі 14,5 трлн теңгені құрайды.

Әңгіменің басында республикалық бюджеттің белгісіз тұсына қатысты бекерден-бекер сөз қозғаған жоқпыз. Себебі құжаттың кемшілігі көп екені  сенатқа жолданғанға дейін жарияланған.

"Бюджеттің жаңа жобасы өткен жылдардағы қатені қайталап отыр. Құжатта жүйелі кемшілік  көп. Макроэкономикалық болжамдар негізсіз. 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,8%-ға өсуі экономиканың 2019 жылғы деңгейге дейін қалпына келе алмайтынын көрсетеді. Бұл ретте 2025 жылы 4,6% дейін өсуді жеделдету жөніндегі болжам жалғыз фактор  – мұнай өндіруді 17% ұлғайтумен және тиісінше экспорттың өсуімен негізделген. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың шикізаттық емес моделіне көшу туралы алға қойған міндетіне қайшы. Есептердегі әдемі сандар халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатына оң әсер етпейді", – деді депутат Айқын Қоңыров мәжілісте сөйлеген сөзінде.

Ол жаңа бюджет теориялық тұрғыда әлеуметтік шығыстардың үлесін арттырғанымен, іс жүзінде "әлеуметтік" ақшаның бір бөлігі бенефициарлары бизнес-құрылым саналатын түрлі инвестициялық жобаларға жұмсалатынына назар аударды.

"Халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесі атүсті қаралған. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекті 979 мың адам алады және олардың санын жыл сайын 120 мың адамға азайту көзделген. Халықтың кедейлік шегінен дәл осылай тез шығуы объективті экономикалық есеппен бекітілмеген, – деді депутат.

Айқын Қоңыровтың айтуынша, пандемия жұмыспен қамту нарығына ауыр соққы болып тиді. Алайда бұл мәселені шешуге басымдық берілген жоқ.

"Құжатта өнеркәсіпке, жоғары технологиялық өндіріске қолдау көрсету де ескерілмеді. Ауылда кәсіпкерлікті қолдау бұрынғысынша отандық шаруалар үшін қолжетімсіз болып қалды. Жағдайды дұрыстау үшін мемлекеттік активтердің кірістілігін қайта қарап, кедейлікті нақты төмендетудің және халықтың табысын арттырудың сапалы бағдарламасын әзірлеу қажет. Жалпы алғанда, біз сыртқы жағдайды тұрақтандыруға және экспорттың өсуіне үміт артып, даму емес, "өмір сүру" бюджетін қабылдағалы отырмыз деп айтуға тура келіп отыр, – деді А.Қоңыров.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу