"Өмір сүру қиындап барады": Шығыстағы Боран ауылын маса буып тұр

2357

"Тіпті кейбірі маса-шіркейдің кесірінен көшіп жатыр".

"Өмір сүру қиындап барады": Шығыстағы Боран ауылын маса буып тұр Фото: inbusiness.kz

Шығыс Қазақстандағы Боран ауылын маса-шіркей буып тұр. Жергілікті халық тіршілік етуден қалғандарын айтады. Күнде бастарына тор орап, шілденің шіліңгір ыстығында қос қабаттап киініп жүреді. 

Масадан мазалары кеткен Күршім ауданы Боран және Қалжыр ауылының тұрғындары мәселесін айтып редакциямызға хабарласқан болатын. Жуықта арнайы аталған ауылға ат басын бұрдық.

Боран ауылының негізгі күн көріс көзі мал шаруашылығы. Ертіс пен Қалжыр өзенінің сағасында орналасқан. Айналасы орманмен көмкерілген. Боранның масасы атынан ел шошырлықтай хәлге жетіпті десек артық болмас. Себебі маса-шіркей маза бермей, шаруа адамдарының тіршілігі тұралап тұр. Ауыл адамдары мәселені алдымен әлеуметтік желіге жүктеген болатын.

Ауылға кіре берістен-ақ маса аздап көзге түсе бастады. Көшелерінде басы артық жүрген пенде жоқ. Бірен-сараң адамды әрең кездестіресіз. Бастарына тор орап, тұмшаланып алған. Айтуларынша, біз барардан бір күн бұрын ғана масаларға қарсы улау жұмыстарын жүргізіпті. 

– 2019 жылдан бері осында тұрмын. Биыл маса былтырғыдан да қалың әрі үлкен. Ауыл ішін буып тұр. Бақшалықтағы көкөністерге де қарай алмаймыз. Жұмыс істеуге мұрша бермейді. Шарасыз үйде қамалып отырамыз. Балаларымызға да қиын болды. Басқа ауылдың балаларындай далаға ойнамайды. Балалық шағы төр қабырғада өтіп жатыр. Жазда іргедегі суға да түсе алмайды, – дейді Боран ауылының тұрғыны Болатқан Бақытқан. 

Шынымен де көшеде ойын баласын көзіміз шалмады. Балалар ойын алаңы да бос тұр. Бір таңқаларлығы ауыл тұрғындары шілденің шіліңгір ыстығында қабаттап киініп жүреді екен. Сонда маса шақпайды. Ал ауылда күн райы 33 градус ыстыққа дейін көтерілген.

– Ыстықтасақ та амалымыз жоқ. Маса-шіркейге таланғаннан жақсы. Не жырғағанымыздан осылай істейді дейсіздер. Мамыр айының аяғынан бастап, күзге дейдін күніміз осылай өтеді. Басымыздан торды тастамаймыз. Өмір сүру қиындап барады. Тіпті кейбірі осының кесірінен көшіп кетіп жатыр. Бос үйлер көбейіп кетті, – дейді Болатқан Бақытқан.

Айтуынша, масаға қарсы улау жұмыстарын жүргізгенде аздап азайыпты. Бірақ қайта көбейген. 

– Улау жұмыстарын көлікпен ауылдың көшесіне ғана жүргізді. Бірақ тоғайдың ішіне, ұяларына тікұшақпен шашқаны дұрыс еді, – дейді ауыл азаматы.

Маса-шіркейдің кесірінен тұрғындар ауылда мал ұстаудан қалған. Тек бір-екі үйде ғана қалыпты. Қалғандары жайлауға жібереді екен.

Ауыл адамдары масадан қорғану үшін үйлеріне арнайы түтін тұтататынын айтты. Оның өзі тек көршілес қытай елінен әкелінетін көрінеді. Көп қолданған жағдайда адамның басын айналдырып, түшкіртіп, кері әсерін тигізеді екен. 

– Мына түтінге маса жоламайды. Күні бойы қолданамыз. Бағасы да айтарлықтай қымбат. 500 теңгеден басталады. Бір қорабының өзін бір-екі күнде таусып тастаймыз. Қытайдың заты ғой. Бірақ көп пайдаланған жағдайда адамның басын айналдырып, түшкіртеді екен. Кейбірі ауырып жатады. Өте зиян. Сонда да амалсыз қолдануға мәжбүрміз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Шалша. 

Тұрғындардың бірі маса әсіресе күн ұясына батқанда көбейетінін айтты. Айтып айтқандай іңірге таяу ауылға кіріп қалып едік, ызыңдап ән салып тұр екен. Борандықтардың неге қабаттап киінетінін енді түсіндік. Үйреніспеген адамның дәл бұл жерде бір сағат тұрақтауының өзі қиын.

Боран мен Қалжырдың масасы бір жылда пайда болған жоқ. Бұрыннан келе жатқан көрінеді. Тек соңғы жылдары мүлдем көбейген. Ауыл адамдарының бірі жәндіктер шалшық судан пайда болатынын айтады. 

– Масаның көбеюі суға байланысты. Осы ауылда тарихи тұрып келемін. Көктемде іргедегі су көтеріліп, айналаға жайылады. Кейін су қайтқанда орыны шалшыққа айналады. Ал шіркей деген пәле теректен шығады. Ол масадан да қиын. Күндіз азайып, түнде гуілдеп кетеді. Уыстап ұстап алуға болады. Ауылда бұрын 4-5мыңдай адам болды. Қазір сиреп қалдық, – дейді ауыл тұрғыны Қадылбек Майбасов.

Аталған мәселе бойынша Күршім аудандық әкімдігіне хабарластық. Улау жұмыстарына биыл 40 млн теңге қаржы бөлінген екен.

– Жалпы аудан көлемінде дезинсексия, дератизация (маса, шіркей улау) жұмыстарын атқаруға 2023 жылы бюджеттен 40 млн  теңге қаражат бөлінді. Мердігер ұйым - "Зайсан аудандық дезинфекция станциясы" ЖШС-і. Аталмыш жұмыс 4 рет қайталанып жасалады. 2023 жылдың 10 маусымынан бүгінгі күнге дейін ауданның маса мен шіркейі көп мекендейтін Боран (5 050 га), Қалжыр (4 300 га), Марқакөл (1 900 га), Күршім(5 200 га) ауылдық округтерінің батпақты, қамысты, орманды алқаптарының барлығы 16 450 га жерге дәрілеу жұмыстары жасалуда, – дейді Күршім ауданы СҚ,ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ерасыл Әшімов. 

Әкімдіктің ақпаратынша дәрілеу жұмыстары 60 метр қашықтыққа шашатын жылжымалы тұман генераторымен және қол моторлы бүріккіш құрылғымен атқарылуда. Боран мен Қалжыр ауылынада бұл жылдағы қайталанатын жағдай. Десе де, мемлекеттен қаржы бөлінгенімен, мәселе әлі шешілмей келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу