Өмір сүру сапасын жақсартуға күш салынуда

1945

Елімізде бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолында көптеген шаралар іске асырылып жатыр. 

Өмір сүру сапасын жақсартуға күш салынуда Фото: inform.kz

Осы ретте бүгін еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында 16 елден келген екі жүзден астам мемлекет, академиялық орта және өнеркәсіп өкілдері "Бәсекеге қабілеттілік трансформациясы! Ұлттар - Энергетика - Индустриялар - Қалалар - Дарындылар" атты Жаһандық инновациялық саммитте бас қосып, аймақтық, ұлттық және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған нақты мысалдар мен трансформация әдістерін талқылауда.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңестер федерациясының Президенті Дебора Л. Винс-Смит  қазіргі кездегі технологиялар, жасанды жадының дамуы біздің экономикалық ортамызға еніп, тамаша мүмкіндіктер ұсынып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол қалалардың өсу қарқынына айырықша тоқталды.

"Қала үйлерінің саны 2050 жылға қарай 60%-ға өсіп, қала тұрғындарының саны 4 млрд-тан 6,5 млрд-қа дейін көбейеді. Бұл – әлем тұрғындарының үштен екі бөлігі. Иновациялар, жоғары дағдыларды игеру және ойлау жасампаздығы экономикалық өсуге әсер етіп, өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз етеді",– деді Дебора Л. Винс-Смит.

Саммит барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов елімізде бәсекеге қабілеттіліктің артуына көп көңіл бөлінетіндігін айтты.

"Біздің экономика қарқынды түрде дамуда, "Doing business" зерттеулері бойынша Қазақстан 28-орынға дейін көтерілді. Бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 59-орында. Moody's рейтинг аганттігінің "ВА 3" деңгейінде тұрақтыдан позитивті деген мәртебеге өтті. Тұрақты даму бойынша біршама факторлар болды. Еңбек өнімділігі, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, экспорт, экономиканы әртараптандыру тәрізді көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Орнықты даму мақсаттары, инвестициялық ортаны жақсарту бойынша бірқатар шаралар атқарылуда",– деп көптеген жетістіктерді атап өтті.

Өз кезегінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев қазіргі кезде жаңа технологиялар өмірімізге дендеп еніп, әртүрлі салаларда өзгерістер орын алып жатқандығын тілге тиек етті.

"Әлем бойынша білім беру саласы, экономика үдерістері еңбек ету түрі өзгеруде, кедейлер мен байлардың арасы алшақтай түсуде, сауда, санкциялық және әскери қақтығыстар жалғасуда. Осыған жауап ретінде көптеген дамыған елдерде бәсекеге қабілеттілік бойынша кеңестер мен жұмыс тобы ретінде ұлттық платформа жұмыс істеуде. Бүгін осындай кеңестердің 50 өкілі мен басшылары келді. Бұл кеңестердің мақсаты – өз елдерінің өркендеуі үшін экономикалық-әлеуметтік шаралар жасайтын тиімді платформамен қамтамасыз ету",– деді Әсет Исекешев.

Әсет Исекешев дарындыларды қолдау үшін әлеуметтік тұрғыда жоғарылату қажеттігін де баса айтты.

"Жоғары адам капиталына жету – ұлттық трансформацияны жүргізіп, елімізді күштірек, тұрақтырақ ететін лидерлер тәрбиелеп, дарынды азаматтарымызды қолдайтын әлеуметтік лифтсіз мүмкін емес. Бүгін жас лидерлерді тауып, оларға қолдау көрсету, дамыту бойынша әзірленген Елбасының "Ел үміті" бастамасы кешендік жүйесі жайлы айтқым келеді. Осы жобаны жүзеге асыру біздің елдің бәсекеге қабілеттілігінің арттыруына септігін тигізетіндігіне сенімдімін",- деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу