Он "апельсин" сығып, бір стақан "сок" шығарған бизнесмен

2303

Ол Алматы қаласында перфорациялық бекіту бұрыштарын өндіреді. Бұл – жиһаз біткеннің бәріне дерлік қажет бөлшек. 

Он "апельсин" сығып, бір стақан "сок" шығарған бизнесмен

Оның мемлекеттік қызметті тастап, кәсіп бастағанына бәрі таңғалады (БАҚ беттерінен көруге болады). Бизнесті қалай бастағаны өте қызық. Толығырақ inbusiness.kz тілшісіне әңгімелеп берді.

Айтпақшы, оны "Бастау бизнес" жобасының "түлегі" дейтіндер қателеседі. Себебі... Тағы да айтпай ұмытып бара жатыр екенбіз, оның аты-жөні: Абдулахад Омарқас.

Бизнес әлеміне басқан алғашқы қадам

"Үшінші класста (сыныпта) ең алғаш сауданы бастадым. Анам Жан Клод Ван Дам, Чак Норрис, Брус Лилердің наклейкаларын өз ақшасына сатып алып беретін, мен соны сататынмын. Бір қызық жері, бұған өзімнің бизнесім ретінде қарадым. Наклейка алдыру... сосын өткізу керек... қысқасы, сауданы дөңгелетіп әкету керек. Түскен пайданы өзімнің керегіме жұмсайтынмын. 

Бұл – мені "ақша қалай табылатынын түсініп, еңбекке пыса берсін, адамдармен араласып көре берсін деген" ниетпен анамның тәрбиелегені, бизнеске баулығаны ғой. 

Ол кезде балалар актерлердің наклейкаларын әр жерге жапсырғанды жақсы көретін. Наклейкалардың көлемі кәдуілгі ойын картасынан сәл ғана үлкен болатын. Бұл, шамамен 1996 жыл. Ол кезде солай еді.

Алматының шағын ауданында тұратындар асық ойнайтын. Мен жақсы ойыншы болдым. Әр ауланы аралап жүріп ұтып алатынмын. Бұл енді бесінші сыныптағы кезім болса керек. Содан соң оны әдеттегідей сататынмын. Алғашқы табысымды осы асық бизнесінен көрдім. Есімде сақталып қалуы үшін басыма – кепке, үстіме Washington деген қара футболка сатып алдым".

Қалай анкета жинады?

"Бекіткіш бөлшектер шығару кәсібімді бастап кетуіме 2019 жылы 10 млн теңге салдым. Бірақ бұл бизнеске көп ақша емес. Дегенмен өз тарапымнан барымды салдым. Қазақта "адамнан – әрекет, Алладан – берекет" деген жақсы сөз бар ғой. Су жаңа техника алмасам да, қолданыста болған, бірақ күтімде ұсталған станоктарды сатып алдым. 

Осы күнге дейін әртүрлі он салада жұмыс істедім. Бекіткіш бұрыштар шығару маған мүлде таңсық, жаңа сала еді. Жалпы жаңа дүниені білуге өте құштармын. Бойымда бар қасиеттің бірі – қорықпау.

Зауыттарға, мекемелерге барып бастығына, орынбасарына, станокта тұрған токарь, металл өңдеуші сынды қарапайым еңбек адамдарына жолығып, олардың қаншама уақытын алдым. Сұрақ қойып, сұрағыма жауап алмай тынбадым. Адамдардан үйренуден жалыққан емеспін.

Былайша айтқанда, анкета ретінде ақпарат жинап, жазып алдым. Кітаптардағы еңбектерді іріктеп, әр жерден үзіп алғандарымды қосып, бастан-аяқ оқып шықтым. Бұл ақпарат, сөздің шыны керек, қасықтап жиналды. Өндіріс саласы туралы ашық желілерде ақпарат жоқтың қасы. Жалпы ол көшіріп, өмірде жүзеге асыра салатын шаруа емес".

Ойға ой қосатын қай кітап?

"Қазақстанда бәрі сауда мен қызмет көрсету кәсібін жүргізеді. Өндіріспен екінің бірі шұғылданбайды. Мен өндіріске бұрыннан қызықсам да, бұл Қазақстанда жүзеге асуы мүмкін емес, қиял ретінде көрінді. Сондықтан жөндеп мән бермеппін. 

Бұдан төрт жыл бұрын Карл Маркстың "Капитал" деген кітабын оқыдым. Өзім ол кезде бір оқу орынның қаржы кафедрасында сабақ беріп жүрдім. Кітап ойға ой қосты. Дәл осы істі бастауыма түрткі болған ақпаратты көп кездестірдім. Әрине, онда "бүйт-сүйт" деп оп-оңай жазыла салмаған. Ғылыми еңбек қой. Ыждағаттап оқу керек. Экономика, өндіріс туралы, адами ресурстарды дұрыс пайдалану туралы өте қажет мәліметтер қамтылған екен. Қызығып оқып шықтым. 

Бұдан бөлек осы тақырыпқа қатысты әдістемелік кітаптарды барынша шолып шықтым. Өзім сәбет өкіметін ұната бермеймін, бірақ сол кездегі кітаптардың да пайдасы болды. 

"Тайота", "Кайдзен" кітаптарын оқып, олар шығарған құралдармен танысып, сол компаниялардың принциптері мен әдістемелерін өз өндірісіме енгіздім.

Былайша айтсақ, жоғарыдағы барлық он "апельсинді" сығып, өз деңгейім жеткенше бір стақан "сок" шығардым ғой".

Материалды қайдан алады?

"Жері шикізатқа бай Қарағандыдан шығатын темірді қолданамыз. Бай жеріміздің шикізатын сыртқа сатып, дайын өнім алғанша, өзіміз іске жаратып үйренгеніміз дұрыс шығар. Міне, біз өз өніміміздің жемісін жеп күн көріп жүрген адамбыз".

Бизнес курстары туралы көзқарасы қандай?

"Қазір курс өткізетін спикерлер көп. Оң тенденция болып жатқаны бәрімізге белгілі. Бірақ курс деген сөз шықты екен деп, бас-көз жоқ сатып ала беруге болмайды. Неге десеңіз, бұған дейін бірнеше курсты өткен адаммын, сонда пайдасыздары да болатынын көрдім. Негізінен бизнес саласына жақын СММ, электрон сауда және тендер туралы курстарды өткенмін.

Жеке пікірім, курсты өткізген адам өзі қандай нәтижеге жетті, яғни компаниясы ірі ме, кіші ме және қаржылық жағдайы қандай? Оның шәкірттері қазір қайда? Жұмыс орнын ашты ма, жоқ па? Ашса, қай деңгейде тәуекел етіп отыр – соны біліп алу керек".

Мемлекеттік қызмет туралы

"Түркістан облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасында бір жылдай қызмет істедім. Көп істеген жоқпын. Мемлекеттік қызметте үйренетін нәрсе баршылық. Ең әуелі тәртіп пен жүйелілікті айтуға болады. Мемлекеттік басқаруда көптеген жақсы нәрселер бар. Кейбір элементтерін бизнес басқаруға енгізуге болады".

"Бастау Бизнесті" қалай пайдаланғаны туралы

"Мен бұл грантты бизнесіме бір жарым млн теңгелік жабдық алуға пайдаландым. Комиссия мүшелеріне "өндірістік бизнесіме көбірек қаражат керек, қосымша қолдау беріле ме?" деп айттым. Өзімнің позициямды қорғап шыққан соң, олар грант беруге шешім шығарды. 

"Атамекен" ҰКП-ның "Бастау Бизнес" жобасы аясында берілетін грант көп те емес, аз да емес. Оны, жоғарыда айтқанымдай, бір станок немесе тігін мәшинесін сатып алуға жаратуға болады. Бизнес бастап жатқан адамға жақсы көмек қой".

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу