Өнеркәсіптік сынап жиналған көлдің түбін қалай тазартамыз?

Былқылдақ көлінде әлі де 670 тонна сынап бар.  

Өнеркәсіптік сынап жиналған көлдің түбін қалай тазартамыз? Фото: inbusiness.kz

Кезінде Павлодар қаласында химия өнеркәсібі дүркіреп дамыды. Өткен ғасырдың 70-90 жылдары аралығында мұндағы зауыт хлор мен каустикті сынапты электролиздеу арқылы алып отырды. Сол уақыт аралығында цехтың астындағы жер мен Былқылдақ көлінде сынап жинала бастап, кейін кәдімгідей экологиялық қауіп тудыратын жағдайға дейін жетті. Арада ондаған жыл өтсе де бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы Солтүстік өнеркәсіптік аймақ аумағындағы өндіріс орнының маңы мен Былқылдақ көлі бүгінде сынаптың нағыз "қорына" айналды. Мұнда хлор мен каустик шығарған кәсіпорынның кейбір цехтары тоқырау жылдары бұзылған соң жылдар бойы жиналған сынаптың ауаға таралу қаупі туды. Сондықтан 1999 жылы сынаптан тазарту жұмыстары қолға алынды. Тіпті, сол уақытта қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Бірақ нақты жоспар мен қомақты қаражат болмағандықтан, бұл бағыттағы жұмыс нәтижелі болды деу қиын. Тек араға үш салып Үкімет көлдің түбін сынаптан арылту үшін бюджеттен 860 млн теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл сомаға көлдің түбінде ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын бөгет салынды. Сонымен осы іс аяқталды.

Сол тұста аса қауіпті алты учаске анықталғанымен, соңғы 20 жыл аралығында ауаның, топырақ пен судың сынаппен улануына қатысты дерек тіркелген жоқ. Деседе, экологтар мен көпшілікті улы метал жерасты жолымен Ертіс өзеніне құйылып кете ме де деген ойдың мазалайтыны да рас.

Иә, жергілікті билік пен ғалымдар аракідік сынапты жою үшін түрлі жұмысты қолға алып, талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше сынақ та өткізіп көрді. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын экологиялық технологиялар бойынша құзіреттілік орталығы мен жергілікті ғалымдар жердің құнарлы қабатын сынаптан тазарту бойынша шараларды қолға алған-ды. Ол үшін жапониялық арнайы препаратты қолданып көрді. 150 шаршы метр аумақта жүргізілген сынақ оң нәтижесін көрсетті. Алайда сынаппен ластанған 98 мың текше метр аумақты тазартуға қауқар болмай тұр. Себебі бұл аумақты толығымен қайта қалпына келтіру үшін 10 мың тонна препарат керек. Бұл ақшаға шаққанда – 9 млн АҚШ доллары. Мұндай қомақты сома жергілікті бюджетте жоқ.

Сондықтан жергілікті билік мәселені шешудің басқа жолына кірісті. Алдын ала болжам бойынша, Былқылдақ көлінің түбінде 670 тонна сынап бар. Ол дәл қазіргі күні жерге сіңіп, өзенге құйылмаса да күндердің күнінде қауіп келтіруі әбден мүмкін. Осыны ескерген әкімдік осыдан 20 жыл бұрын салынған 3,5 шақырымдық жер қорғанына тағы 2,4 шақырымдық бөгет қосып салуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың 70%-ы аяқталып та қалды.

"Былқылдақ көліне қатысты мәселе әлі де өзекті. Мұнда көл аумағын сынаптан зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шара қоршаған ортаға аса қажет деп білемін. Қазіргі таңда бұрғылау және саңылауларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр", - дейді Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Айта кетейік, мұндағы қорған 12 метр тереңдікте салынып жатыр. Оның ұзындығы – 2,4 метр. Бұл мақсатқа бюджеттен 751 млн теңге бөлінген. Бұл бөгет сынаптың сырғып, өзенге құйылмауы үшін керек. Оны 2002-2004 жылдары да осы Былқылдақ көліне бөгет қойған "Казтяжэксковация" ЖШС жүргізіп жатыр. Арнайы экскаваторлар көмегімен ұңғыма қазылып, оған бентонит саздан дайындалған қабырға қойылады. Инженерлер мен химиктердің есебі бойынша, мұндай құрылыс берік болып есептеледі әрі ұзақ уақыт шыдас береді. Сол себепті көлдің түбіндегі сынап таралып кетпейді деген сенімде.

Еске сала кетейік, бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған-ды. Былтыр облыс жұртшылығымен жүздескен Мемлекет басшысы Былқылдақ көлінің жағдайына ерекше тоқталды.

"Тағы бір жауыр болған мәселе – Былқылдақ су жинақтаушы көлі, оның түбінде орасан зор өнеркәсіптік сынап жиналған. Қазір көл аумағының ластануын таратпау бойынша шаралар кешені қолға алынды. Тағы да сынаптың жерасты суларына түсу ықтималдығын бағалау керек және сарапшылармен бірлесіп, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын анықтау қажет деп санаймын", - деген еді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу