Өнімсіз делдалдардың кесірі қиын

560

Ескі Қазақстанның бір сипаты – жөн-жосығы жоқ делдалдар еді. 

Өнімсіз делдалдардың кесірі қиын Фото: inbusiness.kz

Кез-келген табысты жерге мұрынын тыққан олар паразиттей халықтың қанын сорып келді. Айталық, ешқандай материалдық-техникалық базасы жоқ, тиісті мамандары жоқ, тек заңды тұлға ретінде тіркелген компаниялардың миллиардтаған тендерлерді жеңіп алып, оны субмердігерлерге тапсырған оқиғалар аз емес. Солардың бірі электрмен жабдықтау саласында етек жайған болатын.

"Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ..."

Осыдан 20 жыл бұрын экономиканы либерализациялау және электр энергиясының бөлшек сауда нарығына бәсекелестік енгізу мақсатымен "энергиямен жабдықтаушы ұйымдар" құрыла бастаған еді. Оларға электр қуатын нарықта көтерме бағамен сатып алып, оны тұтынушыларға бөлшек саудада жеткізу міндеті жүктелді. Бір сөзбен айтқанда дистрибьюторлық қызмет атқаратын делдалдар пайда болды. Енді қазір бұл ұйымдар реттелетін және реттелмейтін екі түрі нарықта жұмыс істеп жатыр. Реттеуге жататыны тұрғындарға, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетуде. Мемлекет тарапынан олардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 квт сағатқа 1 теңге жобасында бекітілген. Ал реттелмейтін ұйымдар "әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ", тарифтерін өздері белгілеп отыр.

"АМАNАТ партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында Ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жоюға бел шеше кірісті. Бұған дейін газ және теміржол саласындағы "прокладка" ұйымдарды реттедік. Енді ел аузында "ЭСО" аталып кеткен энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың арасында тәртіп орнатуды қолға алдық. KEGOK Ұлттық операторының мәліметінше электр энергияның 18%-ы осы тарифі реттелмейтін жүзден астам "ЭСО"-лар арқылы сатылып отыр. Біздің болжамымыз бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. Сонда 120-дан астам реттелмейтін ЭСО-лардың бір жылдық таза табысы кемі 150 миллиард теңге деуге болады. Ең сорақысы, бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы жоқ. Ешкімге есеп бермейді. Азғантай ғана штатпен, қымбат тарифпен халықты сүлікше сорып отыр. Мысалы, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда 1 кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал, Қазақстандағы ең ірі Екібастұз ГРЭС-інің №1 электр станциясының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі - 8 теңге. Осылайша, делдалдар ештеңе өндірмей-ақ өнеркәсіппен салыстырғанда кемі 3 есе көп пайда көріп отыр. Қынжылтатыны, сол таза табыстарынан энергетика саласына бір тиын да инвестиция салмаған. Тіпті бірде-бір есептегіш құралды орнатпаған. Тірліктері тек қана қалтаны томпайту, пайда табу", - дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Бұл бір мәселе болса, екіншіден, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу заңынан реттелетін электр жабдықтаушы ұйымдардын бір көзден келісім-шарт жасау нормасы алынып тасталуы себебті, реттелмейтін делдалдар бағаны демпинг жасап, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарды өздеріне тартып ала бастады. Соның салдарынан бюджеттік ұйымдар арқылы субсидияланып отырған тұрғындар үшін тариф қымбаттады. Үшіншіден, делдалдардың артында шетелдік және шетелде тұратын қазақстандық олигархтар тұр. Олар "ЭСО" арқылы тапқан пайдасын шетелге шығарып жатыр. Оған дәлел: былтыр "Ratel.kz" ақпараттық порталына қазақстандық делдал компания көрші елдің энергетика саласына 2,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды деген мәлімет шықты. Бұл дегеніміз елде тапқан табысты актив ретінде шетелге шығарумен пара-пар.

"Біз Мәжілісте олигарх топтардың делдалдық ұйымдарының ашық қарсылығына қарамастан, "прокладка" ұйымдарды жою бойынша нақты заң нормасын дайындап енгіздік. Делдалдардың артындағы олигархтардың әлеуетін және олардың биліктегі байланыстарын ескере отырып, Үкімет тез арада келесі нақты шешімдерді қабылдауы қажет. Олар - делдал ұйымдарды нарықтан толықтай алып тастау, электр энергетика нарығында делдалдарсыз жаңа құрылымға өту тәртібін әзірлеу, тұтынушылар үшін ашық және әділ тарифтерді қамтамасыз ету және оларды қатаң бақылауға алу. 2023 жылдың шілдесінде энергетика нарығында арнайы бірыңғай сатып алу моделі енгізіліп, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметі онсыз да мағынасын толығымен жойды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жалғастыра беру қажет", - дейді депутат.

Оның айтуынша, қанағатсыз делдалдардың қызметі дәл осылай жалғаса беретін болса, бұның түбі қоғамда саяси-әлеуметтік шиеленіске әкелуі әбден мүмкін. Бір жағы бұл ақша жеудің және оны шетелге асырудың бір құралы. Ал мұндай, қаржы иелері тапқан капиталдарын мемлекетке қауіп төндіру бағытында пайдаланбайтынына кім кепіл?!

Реттеу ме, репрессия ма?

Мемлекет басшысының экономиканы демонополизациялау және жасанды түрде құрылған делдалдық тізбектерді жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет энергиямен жабдықтау нарығында тәртіп орнатып жатыр. 1 сәуірден бастап олар нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды лицензиядан айырып, жұмысын тоқтатты. Бұл жұмыстар "Жылу энергетикасы туралы" жаңа заң аясында жалғаспақ екен. Бірінші кезеңде реттелмейтін "ЭСО"-лардың қызметі шектелетін болса, екінші кезеңде электрмен жабдықтау саласы өңірлік электр желілері компанияларына (РЭК) берілмек. Мұның нәтижесінде заңды тұлғалар үшін тарифтер төмендеп, бизнеске жүктеме азаймақ, бюджет қаражаты үнемделіп, ол әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалмақ. Әрине, Үкіметтің бұл ниеті жақсы-ақ, бірақ қатаң тыйым салумен басталған алғашқы қадамы белден басуға ұқсап кетіп тұр. Өйткені лицензиясынан айырылған делдалдар наразылық танытып, мемлекеттік органдарды сотқа сүйрей бастады.

"Үкімет бұл нарықтағы бәсекелес ортаны жойып, саланы монополизация жасап жатыр. Электр энергиясын өткізу функциясын Өңірлік электр желілері компанияларына (РЭК) қайтадан беріп қойды. Бұл керісінше қымбатшылық тудырады. Реттелмейтін электрмен жабдықтаушы мекемелерді жою өңірлерде тарифтің орташа есеппен 50%-ға қымбаттауына алып келеді", - дейді Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов.

Қауымдастық төрағасының сөзінің жаны бар. Мәселен, сәуір айының басында Астана қаласында электр қуатымен қамтитын 119 мекеме лицензиясынан айырылған. Бұл елордадағы осы нарық қатысушыларының 99%-ы. Ал Қазақстан бойынша 500-ден астам осындай компанияның жұмысы тоқтады. Осылайша, нарықта реттелетін ұйымдар қалды да, олар осы жағдайды пайдаланып қызмет ақыларын өсіріп жатыр. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бұрынғыдай арзанын іздейтін таңдау жоқ болғандықтан, бекітілген тарифпен төлеуге мәжбүр. "Атамекен" ҰКП деректері бойынша, кейбір өңірлерде бизнес үшін баға аспандап кеткен. 1 кв/сағат тоқтың құны Шымкентте 21,84 теңгеден 42,24 теңгеге, Көкшетауда 26,25 теңгеден 39,84 теңгеге, Павлодарда 21,76 теңгеден 30,23 теңгеге бір-ақ жеткен. Басқа қалаларда да осыған жете-қабыл. Тіпті, мұның соңы осы жазда-ақ елімізде қымбатшылыққа алып келуі мүмкін. Өйткені, электр энергиясы дегеніміз баға құраушы тауар. Ал егер сауатты жасағанда бәрінің орайын табуға болғандай екен.

"Негізі Үкімет бірден репрессиялық әдістерге бармай, реттеушілік әдістерін жетілдіре түсуі керек еді. Жаппай лицензиядан айыру шарасына бармай-ақ, Үкімет реттелмейтін ұйымдарға шектік баға белгілеу бойынша белгілі бір талаптар қоюы керек еді. Оған қоса халыққа да электр энергиясын жеткізіп беруді міндеттеуге болар еді. Жоқ олар болса Мәжілістің тиісті заңды қабылдауын күтіп жатпай-ақ, белден басып көптеген мекемелерді бас лицензияларынан айырды", - дейді қауымдастық төрағасы.

Мамандар Үкіметтің бұл әрекетін заңсыз деп бағалап отыр. Біріншіден, демонополизация талаптарына қайшы. Себебі, бәсекелестердің қатары сиреді. Екіншіден, "РЭК"-тердің де артында олигархтар тұр. Осылайша Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу комитеті сынды мемлекеттік органдар оларға одан сайын баюға мүмкіндік жасап беріп отыр. Одан бөлек баға құраушы тауарға тарифтердің қымбаттауы инвесторларды да үркіте бастапты. Мәселен, Кентауда пластик тұрбалар шығаратын қытайлық компания шығындарының ішінде электр энергиясының үлесі 25%-ға жеткенін айтып, Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне шағым айтып отыр. Ол жақта тариф 22,7 теңгеден 42 теңгеге бір-ақ көтеріліпті.

"Мемлекеттік органдар лицензиядан айырған кезде заң нормаларына сүйенуге тиіс болатын, бірақ олар жоғарыдан тапсырма түсті деп жарты мың нарық қатысушысының рұқсат қағаздарын тартып алып отыр. Ал шындығында олай ету үшін соттың шешімі немесе заң бұзушылық анықталған болса әкімшілік хаттама болуы керек", - дейді Мәжіліс депутаты Марат Башимов.

Сонымен, Үкіметтің бұл әрекетіне нарық та тиісінше жауап берді. 20 мамыр күні Астана қаласында бірден бірнеше компания сотқа жүгінді. 15 реттелмейтін электрмен жабдықтаушы ұйым қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің лицензиядан айыру туралы шешімін заңсыз деп тану туралы талап-арыз жазды. Ендеше, бұл теке-тірестің нүктесін сот қоймақ. Ал өз тарапымыздан айтарымыз, нарықтағы өнімсіз делдалдарды жою қажет. Үкіметтің төтенше қадамға барғаны қаншалықты дұрыс-бұрысын талқылаудан да аулақпыз. Ең бастысы тариф арзандап, бизнес пен тұрғындардың қалтасына түсетін салмақ азайып, бюджет қаржысы үнемделіп, әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалғаны. Ал тариф арзандамаған жағдайда да, ол ақшалардың жекелеген топтардың қалтасында кетпей, осы күні 70-80%-ға дейін тозып тұрған энергетика қуат көздері мен инфрақұрылымдарын жаңартуға жаратылғаны. Өйткені, өнімсіздіктің бір кесірі осында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу