Өңірлердегі журналистика факультеттерін тегіс жабу ұсынылды

2576

Отандық журналистиканың беделін енді ештеңе көтере алмауы мүмкін. 

Өңірлердегі журналистика факультеттерін тегіс жабу ұсынылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазіргі кезде 4 597 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Соның ішіндегі ең көбі – 3 432-сі мерзімді баспасөз (оның ішінде 2 134 газет және 1 298 журнал). 660-сы – интернет БАҚ. Оның ішінде 395-і – ақпарат агенттіктері, 265-і – интернет басылым. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында телеарналар саны екеуден 175-ке дейін көбейді. Елімізде 74 радио жұмыс істейді, деп жазады Inbusiness.kz.

Отандық осы айдында орыс тілі үстемдігін орнатқан

Елімізде 1 773 БАҚ, әсіресе, телеарналар, радиотолқындар, ақпарат агенттіктері қазақ және орыс тілдерін қатар қолданады. 898 қазақстандық ақпарат құралы тек орыс тілінде, небәрі 581-і ғана – таза мемлекеттік тілде ақпарат ұсынады. Ал үш және одан көп тілділер саны – 1 345.

Бұдан бөлек, Қазақстанда 256 шетелдік телеарна есепке қойылған. Оның басым көпшілігі – 183-і ресейлік. 23-і – Ұлыбританияға, 18-і – АҚШ-қа, 16-сы – Эстонияға, 9-ы – Францияға, 5-еуі – Түркияға, 1-еуі – Кипрге, тағы 1-еуі – Испанияға тиесілі. Еліміздегі шетелдік БАҚ-тың 155-і тек орыс тілінде, 13-і – ағылшын, 68-і – орысша-ағылшынша, 4-еуі – түрікше, 3-еуі – французша, 3-еуі – украинша-орысша, 2-еуі – орысша-татарша, 1-екі – орысша-немісше, 3-еуі – орысша-французша, 1-еуі – орысша-беларусьше, қалғаны үш және көп тілде хабар таратады.

Осылайша, қазақ еліндегі ақпараттық-идеологиялық айдында орыс тілінің басымдығы анық байқалады.

Отандық БАҚ-тың ең көбінің – 1 308-інің (нақтылай кетсек, 1 112 газет-журналдың, 62 телеарнаның, 134 интернет БАҚ-тың) бас редакциясы Алматыда орналасқан. Нұр-Сұлтанда – 657 (490 мерзімді баспасөз, 30 телеарна, 137 интернет БАҚ). Үштікті Түркістан облысы тұйықтайды – 570 (тиісінше, 414; 18 және 138). Оған Қарағанды облысы ғана шамалы жуықтай алды – 333 (278; 30; 25). Қалған өңірлерде 200-ге де жетпейді.

Аутсайдерлер қатарында Атырау облысы – 76 (56; 4; 16), Солтүстік Қазақстан облысы – 75 (60; 5; 9) және Маңғыстау облысы – 64 (41; 5; 18).

Шетелдік зерттеушілердің айтуынша, бұқаралық ақпараттық құралдары – кез келген елдің саяси жүйесінің аса зор маңызға ие институты. Елдің мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі де тікелей БАҚ-қа тәуелді десе болады. Мысалы, Украина халықаралық ақпарат айдынындағы басымдығы арқасында өз күн тәртібін жаһанға танытып отыр. Қазіргі кезде бұл елдің ең ірі телеарналары, газеттері, ақпарат агенттіктері және интернет басылымдары өз штатында сауатты аудармашылардың тұтас тобын ұстайды, олар ақпаратты лезде ағылшын және өзге тілдерге аударып, дүниежүзіне таратады. Ресейлік саясаткерлер де, Russia Beyond The Headlines басшысы Вячеслав Чарский және басқа да сарапшылар Ресейдің ақпараттық соғыста Украинаға жеңілгенін растады.

Былтыр Таулы Қарабақ үшін қарулы шайқаста Армения Әзербайжанға ең алдымен ақпарат майданында ұтылды. Арменияға АҚШ пен Еуропа елдерінің билігіндегі қуатты диаспоралық лоббиі де көмектесе алмады.

Қазақстандықтар неге БАҚ-тан теріс айналды?

Төрткүл дүниеде ақпарат құралдары саяси жүйенің кесел-олқылықтарын түзетуге, әлеуметтік бақылауға ықпал ететін қуатты тетікке айналды. Қоғамдағы мәдени стандарттарды да, саяси этиканы да БАҚ белгілейді. Мысалы, Американың даму бетбұрысын өзгерткен харассментке қарсы, сондай-ақ Black Lives Matter қозғалыстары тек ақпарат құралдарының кең қолдауына ие болғаннан кейін ғана өз дегеніне жете алды. Тіпті Дональд Трамптың президенттік сайлауда жеңілуіне де оның ірі медиакорпорациялармен айқасуы септесті деген байлам бар.

Алайда Қазақстанда БАҚ-тың ұлттық саяси жүйедегі мән-маңызы тым төмен. Журналистерге жалған ақпарат беріп, соңынан "мені олар дұрыс түсінбеген, сөзімді бұрмалаған" деп жала жаба салуды шенеуніктер сәнге айналдырды. Таныс журналист қыз ұлттық компанияның басшысы сұхбат кезінде диктофонды сөндірткізіп қойып, ашықтан-ашық төсектес болуға шақырғанын мұңая әңгімеледі. Зорлық көрсетсе де, қарапайым тілші қайран қыла алмас еді.

Әлеуметтанушы Раиса Нұртазинаның айтуынша, заманауи ақпараттық дәуірде қоғам және оның сантүрлі топтары тарапынан жедел, шынайы әрі толымды ақпаратқа деген сұраныс еселеп өсуде. Оның үстіне қоғам мемлекетпен, билік органдарымен жүйелі диалог құруға ынтық.

"Бүгінде тіпті үй шаруашылығында отырған үйбикесінің өзін мысалы, биліктің бірқатар сала қызметкерлерін вакцинациялауға мәжбүрлеуі мазалайды. "Саған оның қатысы не, тыныш отыр" деп оны сөгуге болмайды, қайта бұл қазақстандықтардың саяси мәдениетінің өскенін, халық тағдыры, ел болашағы үшін алаңдайтынын білдіреді. Осының бәрі журналистика үшін құнарлы топырақ. Қоғамның ақпаратқа деген сұранысы артқан сайын журналистердің де беделі, рөлі мен ауқаты жоғарылауға тиіс еді. Олай болмаған соң, жұртшылық әлеуметтік желілер, мессенджерлер, Telegram-каналдар арқылы таралатын қауесеттер мен фейк ақпараттарға сенуге бейіл", – дейді сарапшы.

Оның байламынша, журналистиканың замана адымынан қалып қоюына себеп көп. Біріншіден, жеке БАҚ жарнама арқасында күн көреді, ал отандық бұл нарық тым шағын, бәріне жетпейді. Оның үстіне пандемия басталғалы БАҚ өз жарнамасының 60 пайызына дейін жоғалтқан.

Екіншіден, мемлекеттің қолдауы, ақпараттық тапсырыстың миллиардтары негізінен телеарналарға бағытталуда. Отандық БАҚ қаржыландыру жөнінен шетелдіктерге қатты ұтылады. Қытай мен дамыған елдерді ауызға алу әбес, тіпті көрші Ресей тек Russia Today тобына биыл 211 млрд рубль қаражат бөлді.

Үшіншіден, билік өкілдерінің жариялылықтан бойын ала қашуы, саяси және экономикалық реформаларды ашық жүргізбеуі, жедел түсініктеме бермеуі БАҚ-тың беделіне нұқсан келтірді.

Сала сөзге шорқақ, өрісі тар журналистерге толды

Төртінші және ең ірі проблеманың бірі – кадр тапшылығы. Тележурналистердің студияға шақырылған беделді қонағына лайықты сұрақ қойып, жетектеп әкете алмай, сұхбаттың құн-жынын шығарғанына куә болған көрермен ол бағдарламаны келесі жолы қарамайды. Саяси ток-шоулар да оны жоғары деңгейде ұйымдастыратын әрі пікірталас көрігін қыздыра алатын шешен жүргізуші таппай жаппай жабылды. Салдарынан, телеарналар төсек айналасындағы тақырыптарды сөз ететін анайы, бірқ рейтингісі жоғары шоусымақтарға әуестеніп алды.

Содан болса керек, "Зерттеуші" ғылыми-​білім беру орталығының басшысы, белгілі филолог ғалым (PhD) Мырзантай Жақып Білім және ғылым министрлігіне тосын ұсыныспен шықты. Оның айтуынша, Өзбекстанның үлгісін қабылдап, барлық облыс орталықтарындағы университеттерде журналистика кафедраларын жапқан жөн. Оның орнына, мысалы, Астана ІТ-университетінде мамандандырылған журналистика факультетін ашып, медиабілім саласында заманауи ғылыми-білімдік базасы бар мықты, кәсіби мамандарды жұмысқа шақыруға болады. Себебі қазіргі заманғы журналистика ІТ  технологияларымен тығыз байланысты.

"Бұл ретте өзбек көршінің тәжірибесін өзімізде енгізуге болады. Өзбекстанда Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университеті ашылды. Бейінді ЖОО ашылғаннан кейін, оларда Өзбекстан Ұлттық университетіндегі журналистика факультеті, Өзбек Мемлекеттік әлем тілдері университетіндегі халықаралық журналистика факультеті жабылып, студенттер және магистранттар даярлауын тоқтатты. Президент Шавкат Мирзиёев халыққа жолдауында БАҚ рөліне маңыз бере келе, ұлттық кәсіби және заманауи журналистиканы қалыптастыру үшін бұдан былай Өзбеакстанның БАҚ-ты қаржылай қолдауға баса көңіл бөлетінін жариялады. Өзбекстанда 1500-ден астам ақпарат құралы бар, олар да білікті кадрға зәру. Жаңа университеті осы мәселені орталықтандырылған түрде шешіп, жоғары деңгейлі журналистер даярлайды", – дейді Мырзантай Қожабайұлы.

Расында, бүгінде Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университеті саясаттану, әскери журналистика, қоғаммен байланыс, халықаралық журналистика, мерзімді баспасөз, телерадиожурналистика, медиамаркетинг және жарнама, интернет-журналистика, медиадизайн, спорт журналистикасы бағыттарында маман дайындауға кірісті. Соңғы сала біз үшін де аса өзекті: қазір UEFA EURO 2020 чемпионаты өтуде. Соны Qazaqstan, QazSport арқылы тамашалау бір азап: спорт комментаторлары 1,5 сағат бойы айтарға сөз таппай қиналады, неғұрлым қаттырақ айғайласа, соғұрлым таратылымды мазмұнды, қызықты еттім деп санайды. "Аюға намаз үйреткен таяқ" мәтелін негізсіз бұрмалап, "Аюға таяқ ұстатқандай болды", "бұл укол емес, тұтас инъекция ғой" секілді орашолақ ойлар бүкіл ойынның сәнін кетіреді.

Қазіргі уақытта журналистер елімізде БҒМ бекіткен жаңа "Журналистика және ақпарат" классификаторына сәйкес даярлануда. Оның ішінен "Журналистика және репортерлік ісі" білім бағдарламаларының тобы бөлініп шықты: оған түскісі келетіндер 2 шығармашылық емтихан тапсыруы керек. Бірақ университеттер жаңа классификатордың ерекшеліктерін жете түсініп, толыққанды игеріп кете қойған жоқ. Бұған қоса, ЖОО-лардағы оқытушылық құрам да, материалдық-техникалық базасы да негізінен өзгеріссіз қалды. Цифрлық технологияларды оқу процесінде пайдалану көпшілігінде жоққа тән. Салдарынан, журналистика мамандығын бітіргендер не шешен болып шықпайды, не заманауи технологияларды игермейді.

М.Жақып журналистика бойынша шығармашылық емтиханға қабылдау және өткізу жүйесінде коррупция қанат жайғанын айтады: "журналистика факультеттері де, ЖОО басшылары да шығармашылық емтихандарды жемсауға айналдырып алды".

Журналистерді елімізде 24 ЖОО әзірлеп жатыр.  

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева кадрмен қамту мәселесіне мән беретіндерін хабарлады. Оның мәліметінше, елде салалық журналистиканы дамыту бойынша жұмыстың маңызды кезеңі басталыпты. Мысалы, биылғы ақпан айында алғашқы 50 жас Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де медициналық журналистикаға оқуға кірісіпті. Дегенмен, медициналық ЖОО-ның күш-жігерін медициналық білікті мамандарды даярлауға шоғырландырғаны дұрыс сияқты.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу