Онкологияның салдарынан мүгедектердің саны көбеюде

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4878

Павлодар облысында 28 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады.

Онкологияның салдарынан мүгедектердің саны көбеюде

Бүгінде Павлодар облысы бойынша шамамен 28 мың мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Өткен жылдың өзінде 1 932 адам мүгедек деп танылған. Әрине, олардың бәрі мүгедектікті рәсімдеу үшін түрлі зерттеулер мен медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтетіні анық.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Павлодар облыстық департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Ләззат Сартымбетованың айтуынша, 2018 жылмен салыстырғанда мүгедектікті рәсімдеу көрсеткіші былтыр 7 пайызға өскен. Мүгедек жандардың көбеюіне негізінен онкологиялық аурулар себеп болып отыр.

"Мүгедектікті тағайындау көрсеткішінің шамамен 30 пайызы қатерлі ісіктерге тиесілі. Яғни, мүгедектікті рәсімдеуге түрткі болған негізгі себептердің көшін онкологиялық аурулар бастап тұр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 27,7 пайызды құраған еді. Өкінішке қарай, онкологияның әсері жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Сонымен қатар, мүгедектікті рәсімдеуге түрткі болған негізгі себептердің үштігіне қан айналымы жүйесі аурулары мен түрлі жаратқаттар еніп отыр. Өкінішке қарай, мүгедек атанғандардың ішінде балалар да бар. Олар негізінен туа бітті кемістіктерге, соның ішінде хромосомалық, психикалық бұзылулар мен жүйке жүйесі ауруларына байланысты мүгедек болады", – деді Ләззат Сартымбетова.

Департамент өкілінің сөзінше, қазір мүгедектікті рәсімдеу үрдерісі әлдеқайда жеңілдетілген. Бұған медициналық-әлеуметтік сараптамаға қатысты нормативтік базаның жүйелендірілуі, мүгедектерге арналған Орталықтандырылған деректер банкінің енгізілуі оң әсер еткен. Яғни, мүгедектікті рәсімдеу үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ.

"Десе де, ең алдымен денсаулық сақтау органдарына жүгінеді. Яғни, өзі тіркелген емханаға барады. Өйткені, медициналық-консультативтік комиссияның қорытындысы медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізі болады. Дене функциясының бұзылуын растайтын диагностика, емдеу және оңалту кешенінен кейін науқас медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Бұл талаптың анатомиялық ақаулары бар адамдарға, сондай-ақ дене функциясының елеулі немесе айқын бұзылуы бар емделмейтін науқастарға қатысы жоқ", – дейді департамент басшысының орынбасары.

Деректерге сүйенсек, өткен жылы Павлодар облысында медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша 8,5 мың қызмет

көрсетілген. Жалпы, стандарттарға сәйкес, құжаттардың толық пакеті ұсынылған жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптама үшін 45 минут жеткілікті. Тек, ерекше жағдайларда ғана рәсім он күнге дейін ұзартылады.

2019 жылдың тоғыз айындағы дерекке сәйкес, Қазақстанда 690 мың мүгедек адам тұрады. Олардың 424 мыңы – еңбекке жарамды. 89 мыңы – балалар, 177 мыңы – зейнет жасындағы адамдар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу