Онлайн казино құрбаны 10 жылда 3,5 млн долларды желге шашқан

3052

Ұтысқұмардың қарызын өтеп беру – ең үлкен қателік.

Онлайн казино құрбаны 10 жылда 3,5 млн долларды желге шашқан

Елордадағы оңалту орталығында лудоманиядан емделген әрбір үшінші науқас әскери қызметші, деп хабарлайды іndusiness.kz тілшісі.

Кейінгі 30 жылда қазақ ерлерінің еңсесін езіп, көштен қалдырған үш түрлі қасіретке куә болдық. Оның біріншісі нарықтық экономикамен ілесіп келген маскүнемдік еді. Сол ауыр кезеңдердің айғағы болып "Қара пима" сияқты поэмалар, "Ей, қу арақ" сияқты әндер қалды.

Екінші кесел 2000 жылдардан басталып, "Жусан" операциясына дейін жалғасып келеді.

Ал үшінші қасірет кейінгі кезде өрттей қаулап тұр. Оны игромания, ұтысқұмарлық, ойынқұмарлық деген сөздермен сипаттап жүрміз. "Асық ойнаған азар" деген мақалды, "Азарт ойнаған азар" деп өзгертіп айтуға мәжбүрміз. Онлайн казино, букмерелік бәс, онлайн лоторея, ойын автоматтары. Мамандардың айтуынша, бұлардың бәрі – бір-бірімен ілесіп жүретін, жеті ағайынды жұт тәрізді кесел. Яғни тек онлайн казино ойнап, қалғанына мән бермейтін науқас болмайды. Сондықтан халықаралық медицинада бәрінің басын қосып, "патологиялық ойынға құмарлық" дейтін ортақ атау берген.

30 жылды үш буын қалыптасатын кезең деп есептесек, үшеуі де уақыт тосқан сынақтан аман өте алмағанын көреміз. Біз сөз ететін ұтысқұмарлықтың түпкі себебіне үңіліп мақала жазбаған журналист аз шығар. Бірі мұны мемлекеттік идеологияның жоқтығынан, екіншісі жемқорлық жайлаған әділетсіз қоғамнан, тағы бірі батыс өркениеті мен жаһандану үрдісінен көреді.

Өзін Конституция мен құқықтық негізге арқа сүйеген мемлекет деп атайтын Қазақстан мұндай келеңсіздіктердің бәрін заңмен реттеуі керек еді. Түрлі ұтыстар мен бәстесу кеңселерінің жарнамасы көшеге шықсаң көз алдыңда көлбеңдеп, интернетке кірсең иіріміне қарай сүйрейді. Осыған қарап, бұл саланы біздің заң реттеп отыр деп айтуға ауыз бармайды. Мұның соңы да ірі әлеуметтік шиеленіске жеткенше мемлекет заңнаманы жетілдіру тұрғысынан нақты қадам жасай қоймайтын сияқты.

Заң реттеліп, алдын алу шаралары жолға қойылғанша ұтыс кеңселері айылын жия тұрмайтыны түсінікті. Демек, қарапайым халық бұл қасіретпен жекпе-жек қалып отыр. Әр отбасы, әр әулет бұл кеселдің алдын алуға өз бетімен қамдануы қажет деген сөз. Осы ойдың жетегімен ұтысқұмарлыққа шалдыққандарды емдейтін мамандардың кеңесіне құлақ түріп көрдік. Туысқаны немесе танысы осындай проблемаға душар болған оқырмандарға бір пайдасы тиер деген үмітпен әлгі мамандардың кеңесін ықшамдап беруді жөн көрдік.

Алматы қаласындағы "Asylrehub" оңалту орталығының әлеуметтік қызметкері Ерлан Тәжібаевтың айтуынша, ойынқұмарлық аурулардың халықаралық классфикациясына F63 немесе "патологиялық ойынға құмарлық" деген атпен кірген.

"Бұл орталық ашылған 2 жылдың ішінде 600-ден астам адам келіп емделді. Оның 70 пайызы есірткі қабылдайтындар, 15 пайызы ішімдікке салынғандар, 15 пайызы ойынға құмар адамдар. Бізде емделген бір адам 1,5 млн доллардың дүниесін салып жіберген. Сөйтіп көлігінен, бірнеше пәтерінен, бизнесінен айырылған.

Емделушілердің көбі батыс және оңтүстік өңірлерден келеді. Батыстан көп келетіні, ол жақта жалақы басқа өңірлерге қарағанда жоғары деп ойлаймын. Ал оңтүстік өңірлерден көп болуына жергілікті менталитет себепкер болса керек. Ол жақта арақ ішу мен есірткі шегуді ортасы қабылдай бермейді. Ал құмарлыққа бейім адам бәрібір сыр береді. Яғни ішімдік пен есірткінің орнына ойынқұмарлыққа душар болады. Бұл кісілердің ішінде ең жас емделуші 24-те,ең үлкені 57-де болды", – деді маман.

 

Ұтысқұмарлыққа салынудың алғашқы белгілері қандай?

Мазасы кетіп, өтірігі көбейеді. Үйге тоқтамайды. Телефонына пароль қойып, не істеп отырғанын жасыратын болып алады. Қарыздар пайда болып, үйге коллекторлар хабарласа бастайды. Тамақ ішуі азаяды. Күндіз ұйықтап, түнде ұйықтамайтын әдетке көшеді.

Күдік расталса не істеу керек?

Күдік расталса, мамандарға жүгіну керек. Оның екі жолы бар. Мемлекет қаржыландыратын психикалық денсаулық орталықтарына жүгіне алады. "Егер есепке тұрғызады, кейін соның зияны тиеді" деп қорықса, жеке меншік орталықтардың көмегіне жүгінуге болады.

"Заңда маскүнемдерді наркологиялық диспансерде сот арқылы мәжбүрлеп емдетуге мүмкіндік беретін бап бар. Ойынқұмарларды мәжбүрлеп емдететін бап жоқ. Сондықтан полиция көмектесе алмайды. Өйткені оның тұтынатын ойындары, ұтыстары бүкіл жерде ашық тұр. Тіпті кез келген дүкенде ойын автоматтары бар. Букмекерлік кеңселердің жарнамасы көз алдымызда тым көп. Өйткені олар біздегі заң бойынша жұмыс істеп тұр.

Күдік расталған жағдайда тым болмағанда психологқа бару керек. Игроман болған адам барғысы келмесе, бірінші туысқандары психологпен сөйлесіп алсын. Біз ойынқұмарларды емделуге жатқызу үшін туысқандарын үйретеміз.

Туысқандары бірлесіп, сөздері бір ауыздан шығатындай жүйелі әрекет етуі керек. Көбінесе адамдар ойынқұмар туысын емделуге көндіру үшін шарт қойып жатады. Бірақ келіспесе, қойған шартын орындамай жатады. Бұл да қателік. Айтылды ма, істеу керек. Мысалы, емделмесе, банк картасын бұғаттатып тастайтыныңызды айттыңыз дейік. Міндетті түрде солай істеуіңіз керек. Адам өзінің ауру екенін мойындап, емделуге барғысы келетінін айтса, сөйлесіп, ойымен санасуға болады. Ал ауруын мойындамаса, оны сөзбен түзеп алам деу бос әурешілік. Текке уақыт кетеді", - деді маман.

Ойынқұмарлық емделетін ауру ма?

Емделеді. Бірақ құлан-таза айығып кету мүмкін емес. Жазылдым деген адамның өзі араға жылдар салып, қайта түспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды.

"Емделіп шыққан адам арада 20 жыл өткен соң да қайтадан бастауы мүмкін. Бұл созылмалы ауру негізі. Ойынға салынбай өзін дұрыс ұстап жүрген кезді ремиссия деп атайды. Бұл жағынан қан ауруына ұқсатуға болады. Адам бір рет шалдықты ма, ауру өмірбақи сол кісімен бірге жүреді. Толық емделуі мүмкін емес деп отырғаным содан", - деді орталық қызметкері.

Мысалы, Ерлан Тәжібаев жұмыс істейтін орталық бір науқаспен 7 ай бойы жұмыс істейді. Оның алғашқы төрт айында орталықтан шықпай, түрлі психологиялық ем алуы шарт.

"Жанашырлықтың да шегі бар"

"Туыстарының ең үлкен қателігі – "ұят болады" деген мотивпен қарыздарын жауып тастай беретіні. Сол үшін өздері қарызға кірсе де, ойынқұмарды тығырықтан алып шығатындар көп. Мұны олардың түпкі санасы "Сен ойнай бер, бәрі бір артыңды жабатын біз бармыз" деп айтқандай қабылдайды", - деп түсіндірді ол.

Ал Нұр-Сұлтандағы "Komekcenter" оңалту орталығының директоры, клиникалық психолог Нұрлыбек Тұрсынбеков ойынқұмарлықты тәуелділіктің бір түрі деп есептейді.

"Аддикция (тәуелділік) – адам басқара алмайтын кез келген әрекетті қайталаудың ішкі қажеттілігі. Бұл термин химиялық және психологиялық тәуелділіктерге қатысты қолданылады. Құмар ойындар, шопаголизм, маскүнемдік, нашақорлық, интернетке тәуелділік, онлайн казино, психогендік артық тамақтану, осының бәрі аддикцияның түрлері. Біздің орталықтың ішкі статистикасы бойынша, соңғы 5 жылда ойынқұмарлықтан емдеуге арналған бағдарламадан 3500 азамат өтті", - дейді Нұрлыбек.

Ойынқұмарлық неше жылға созылуы мүмкін?

"Көмекке шағымданған тұлғаның қаражатын есептеу біздің құзырымызға кірмейді. Оңалту терапиясында науқастың өмірінде болған қаржылық шығындары болашақта терапиялық тежеу ретінде қарастырылады. Мысалы, Батыс Қазақстаннан келген бір пациентіміз 10 жылда жалпы 3,5 млн АҚШ долларын ұттырған.Бағдарламада ем өтетіндер орташа есеппен 25-30 жас аралығындағы тұлғалар", - деді маман.

Ойынқұмарлық қай жастан бастап қалыптасады?

"Құмар ойындарға тәуелділік белгілері жасөспірімдік шақта 13 жастан басталып, 35 жасқа дейін қалыптасады. Компьютерлік ойынға тәуелділік көбінесе жасөспірімнің өз өміріне қанағаттанбауынан туындайды және тәуелділіктің қалыптасуының бастапқы кезеңі болып табылады".

"Әрбір үшінші науқас –әскери қызметші"

"Біздің пациенттер әртүрлі мамандықтардың өкілдері. Олардың арасында табысты кәсіпкерлер де, жұмыссыздар да бар, ал әрбір 3-ші науқас әскери қызметкерлер. Өкінішке орай, қайғылы фактілер де бар. Күйеуі ойынға құмар болған әйел маған 6 ай тегін конультацияға келіп жүрді. Күйеуі әскери полковник, 39 жаста. Олардың 4 баласы болды. Ақыры күйеуі өз-өзіне қол жұмсап суицид жасады.

Жақыны құмар ойынға тәуелді адам нені білуі керек?

1."Ойыншының қаржылық мәселелерін шешуге тырыспаңыз. Ерте ме, кеш пе, құмар ойыншы ақша табу қажеттілігіне тап болады. Көбінесе туыстары ойыншының қаржылық мәселелерін шешуге тырысады. Сөйтсек, жақсы болады деп сенеді.Бұлжағдайда сізмәселені уақытша шешесіз. Ал адам әрқашан несиесін төлейтін немесе достарына қарызын қайтаратын біреу бар екенін түсінеді. Бұл оны босаңсытады. Салдарынан ойыншыда қайтадан несие алып тұратын әдет қалыптасады. Сіздің жомарттығыңыз ойыншының босаңсып, адал жолмен табыс табуын тоқтатуы мүмкін".

2. "Мораль оқып, сөзбен жөнге салу мүмкін емес деуге болады. Егер сіз барлық күш-жігеріңіз нәтиже бермегенін көрсеңіз, құмар ойын маманына жазылыңыз. Бұл психолог, тіпті психиатр болуы да мүмкін. Нашақорлық пен маскүнемдік сияқты құмар ойындарға тәуелділік психологтың немесе психиатрдың жетекшілігімен, сонымен қатар дәрі-дәрмектің көмегімен өз-өзімен жүйелі жұмыс жасау арқылы емделеді".

Біз сөйлескен мамандар да, құмар ойын құрбандарының жақындары да жер-көкті жайлап алған жарнаманы тежеу керек деген шағым айтты.

"Бұлардың ауа жайылуына микрокредиттік ұйымдар жол ашып отыр. Несие тарихына қарамай қарыз бере салады. Интернетте жарнамасы өте көп. Казино болса да, букмекерлік кеңсе болса да, жарнамасы маза бермейді. Соны доғару керек сияқты. Мысалы, АҚШ-та бүкіл казиноларда бірыңғай база бар. Ойынқұмарлықтан емделген адамдар сол базадағы тізімге енгізіледі. Бұдан кейін ешбір казино оны ішке кіргізбейді. Адам ұтылып қалған жолы келесіде мені мұнда кіргізбеңдер деп айтса, сол өтінішін бұлжытпай орындайды", -дейді "Asylrehub" оңалту орталығының директоры Ғалия Назханова.

Ал бізде керісінше...

"Бірнеше рет бауырымының әлеуметтік желідегі аккаунтарын өзгерттік, телефон нөмірін де ауыстырдық. Өйткені бір рет онлайн казиноға кірген адамның байланыс деректерін автоматты түрде сақтап қалады да, маза бермей жарнама жолдап тұрады. SMS арқылы келген хабарламалары тіптен өрескел.

"Бүгін кеште жомарт ұтыс болады. Сәттілікті серігі еткен таңдаулылар қатарында болғыңыз келсе, бәленше деген мекенжайға жетіңіз" деген мәтіндердің талайын көрдік. Ұтысқұмарлыққа тап болған адамды бір жағынан коллекторлар мазаласа, екінші жағынан осындай жарнамалар ойын онға, санасын санға бөледі. Осының бәрін заңмен реттемесе, қазақтың талай жігіті бұл дерттің құрбаны болатын түрі бар", - дейді бізге атын атамай сұхбат беруге келіскен азамат.

Мамандар жоғарыда айтқан қателікті бұл кісі де қайталап жүр екен. Туғанының мойнындағы қарызды бірнеше мәрте өзі несие алып жапқан. Одан болып дұрыс жолға түскен бауыры жоқ.

"Қате дегенді естідім. Бірақ ертең өзіне қол жұмсай ма деп қорқамын. Онсыз да әйелімен ажырасып, ұнжырғасы түсіп жүр", - дейді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу